- Advertisement -

Қалам мен ғалам

222

- Advertisement -

Жазушы-драматург Көсемәлі Сәттібайұлының 60 жасқа толған мерейтойы атап өтілді

Жазушы – ойдың адамы, сезімнің суретшісі. Басқаларға қалыпты көрінген жағдай қаламгердің қабырғасына аяздай батады, жүрегіне қанжардай қадалады. Толғандырады, жігерлендіреді, шамдандырады. Міне, «Өлең деген тумайды жайшылықта, өлең шіркін тулайды қайшылықта» деп Мұқағали ақын жырлағандай, содан кейін жазушы жүрегінен жақсы туынды жарып шығады. Белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық «Aq jol» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлының облыстық қазақ драма театрында өткен «Қалам мен ғалам» атты шығармашылық кешінде отырып біз осындай ойдың жетегінде болдық.

Жиын құттықтаулардан басталды. Алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз сөйлеп, жазушының жемісті шығармашылық еңбегіне, қазақ журналистикасына сіңірген қызметіне тоқталып, Көсемәлі Сәттібайұлын облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ қазақы дәстүрмен шапан жауып, астына ат мінгізді. Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақовтың құттықтауы мен Жамбыл облысының Құрмет грамотасын мәслихаттың аппарат басшысы Біржан Күзембеков табыс етті. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков 125 мың ардагердің атынан құттықтаса, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев риясыз көңілмен жазушыға деген ақ тілегін арнады.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет ыстық сәлемі мен құттықтауын жолдапты. Оны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының облыстық филиалының төрағасы, ақын Хамит Есаман оқып берді. Мұнан соң Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев барша әріптестері атынан ақжарма тілегін арнап, Көсемәлі Сәттібайұлына «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін табыс етті. Республикалық «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Оралхан Дәуіт аталған газетте мерейтой иесінің де қолтаңбасы қалғанын, бұл басылымға К.Сәттібайұлы бір емес, екі мәрте барып, еңбек еткенін айтып, ризашылығын білдірді. Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының хатшысы Тұрсынбек Сұлтанбек те журналист-жазушыны ұстаз санайтынын айтып, тілегін арнады. Мұнан кейін сахнаға Жаңабай Миллионов, Абдолла Бақбергенов, Қибат Асқарбеков секілді өңірдің белгілі азаматтары көтерілді. Облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі Жаңабай Миллионов мерейтой иесінің руханият, әдебиет, мәдениет саласындағы орасан зор еңбегіне тоқталып, жанашыр ағайындардың атынан жазушыға автокөліктің кілтін сыйлады. Ал Абдолла Бақбергенов болса, «Анасы Ұлбике алпыс жыл бұрын өмірге осындай талантты адамды, жазушы Көсемәліні әкеліпті» деп толғанды. Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы мерейтой иесінің кітаптарын студент жастар іздеп жүріп оқитынын айтты.
Басқосуда белгілі әнші-композитор Қадырғали Көбентай гитарасымен сахнаға көтеріліп, өнер көрсетті. Ол орындаған «Біздер, біздер» және «Елге сәлем» әндері жүректерге жетті. Бір сәт мерейтой иесінің де қоғам жайлы толғанған, сырласар жан таппай аласұрған жан дүниесін көргендей болдық. Мәдениет саласының үздігі Мәдина Сағынбекова, әнші-композитор Руслан Мамытов шырқаған әндер де көпшілікке керемет әсер сыйлады. Мәдениет саласының үздігі Жанатбек Қадіров патриоттық тақырыптағы «Өз елім» әнін орындағанда елдің қосыла шырқап отырғаны анық еді. Осы сәтте артындағы үлкен экраннан даңқты боксшы, Әлем және Азия чемпионы Олжас Сәттібаевтың рингтегі жарқын жеңістері, чемпион болған сәттері көрсетіліп тұрды. «Олжас – менің мәңгілік шығармам» деп мерейтой иесі айтып жүргендей, бұл да қоғамға үлкен ойымен әсер еткен жазушы мен ел намысын рингте қорғаған батыр ұлдың, әке мен бала арасының нағыз үйлесімі болса керек.
Кеш соңында Көсемәлі Сәттібайұлының «Аран» атты шығармасының желісі бойынша облыстық қазақ драма театры ұжымы әзірлеген театрландырылған қойылым ұсынылды. Бұл көріністегі Көсемәлі Сәттібайұлының образы – Сәби. Мұнда Сәби жазған «Мылқау бала», «Әлди, әлди-ай» әңгімелері жас қаламгерлер арасында талдауға түседі. «Мылқау бала» шығармасында шетелде оқып, тілін, ділін ұмытып қайтқан жігіттің елдегі өз анасымен, бауырларымен, достарымен сөйлесе алмауы шынайы беріледі. Қызыл қалаға өмірінде үш рет барған (бала күнінде, жігіт шағында, қарттық кезінде) тувалық азаматтың «Сен түземдіксің!» деген қорлау сөзден ешқашан арылмағаны шебер суреттеледі. Артынан 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезіндегі озбырлықтар көрсетіліп, қаламгер Сәбидің қамалғаны, жазықсыз жазаланғаны бейнеленеді. Шығармада бір замандардағы бодандығымыз сол кездегі ықпалдылардың өктемдігі аузымызды аштырмағаны астарлы оймен берілген. Бұл туындыда Желтоқсан оқиғасында асқақ рухымен танылған қазақ жастарына деген құрмет, бүгінгі тәуелсіз күнімізге, тыныш заманымызға деген шүкіршілік сезіледі. Аталған шағын қойылымның режиссері Анар Сағымбекова болса, Сәбидің рөлін жас актер Бексұлтан Әлекешов, Көркемтайдың бейнесін Азамат Шәкенбай әдемі орындап шықты.
Қойылым соңында Көсемәлі Сәттібайұлы сахнаға көтеріліп, бұл шығарманы жалпы оқырмандарға арнап жазғанын, бірақ сахнада да керемет әсерлі шыққанын айтып, театр директоры Болат Бекжановқа, қойылымның режиссері Анар Сағымбековаға, барлық актерлерге шынайы алғысын білдірді.
Кезінде қаламгерге «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың бата беруі, қазақтың марқасқасы Шерхан Мұртазаның «Жаз, жаза бер» деуі шын талантты танығаны, болашағын болжай білгені болса керек. Мерейтой иесі сол сенімнің үдесінен шығып отыр.
Осылайша көпшілік Көсемәлі Сәттібайұлының кешінен үлкен әсермен тарады.

Есет ДОСАЛЫ,
Ерман ӘБДИЕВ,
Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Лебіздер легі

Қоянбек Ахметов,
ардагер журналист:
– Көсемәлі өзін-өзі қамшылап, дамытып, үлкен биіктерге жетті. Оны біз жақсы білеміз. Оның алдыңғы толқын ағасы болдық. Қай кезде де бұл қаламгердің тоқтап, тоқырап қалған кезі жоқ. Үнемі ізденісте, қашанда үлкен ойларын ақтарып төгіп, көркем шығармаларын көсіле жазып келе жатыр. Алпыс белестен кейін де Көсемәлінің жазары көп болсын!

Қадырғали Көбентай,
белгілі әнші-композитор:
– Менің репертуарымда Көсемәліге ұнайтын әндер бар. Олар сырлы, мұңды, жүрек түкпірін қозғайтын әсерлі әндер. Ағамызбен кездескен сайын сол әндерді айтқызып, тыңдайды. Жазушы көңілі сондай бір музыканы, сондай бір сезім күйіне бөленуді іздейтін болса керек. Ең бастысы – менің озық ойлы тыңдаушым.
Бұл жазушыға барлық жақсылықты тілеймін.

Оралхан Дәуіт,
республикалық «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары:
– Ол кісінің есімін алғаш «Жас Алаш» газетіндегі мақалалары арқылы таныдым. Екеуміз сосын Шымкент қаласында кездестік. Ойы биік үлкен қаламгер екені сол кезде де байқалған. Аға-іні болып сыйласып кеттік. Кейін мен республикалық «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі болып келгенімде, ол кісі дәл осы қызметтен республикалық жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» газетінің осы облыстағы меншікті тілшілігіне ауысты. Кейіннен арада он шақты жыл өткенде Көсемәлі Сәттібайұлы облыстың бас басылымы «Аq jol» газетінің директор-бас редакторы болып ауысты да, мен сол кісінің орнына «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болып бардым. Қысқасы, ол кісінің еңбек еткен лауазымына екі рет бардым.
Көсемәлі ағамыз боксқа Олжас Сәттібаев деген чемпион ұлды беруімен де бағалы.

Асхат Қылышбек,
айтыскер, республикалық бірнеше айтыстың бас жүлдегері:
– Көсемәлі ағаның есімі біздерге ұзақ жылдардан таныс. Студенттік өміріміз Алматы қаласында өтті. Сол кезде де «Егемен Қазақстан» газетінен ол кісінің ел мен жер, тіл, экономика тақырыптарында толғанған құлаш-құлаш мақалаларын оқушы едік. Көркем шығармаларымен де жақсы таныспыз.
Бүгінгі таңда облыстық «Аq jol» газетін басқарудағы біліктілігі, жас журналистерге көрсетіп отырған үлгісі өз алдына бір төбе. Осы қасиеттердің барлығы жиналып, ағамыздың тұлғалық биік деңгейін қалыптастырады. Мерейтой иесінің айтысты жақсы көретіні, алдыңғы толқын Есенқұл Жақыпбеков, Әзімбек Жанқұлиев секілді ғажайып айтыскерлерді бағалайтыны, солармен көзі тірісінде жолдас болғаны да құрметтеуге тұрарлық. Көсемәлі аға осы облыста өткен айтыстарда қазылар алқасының мүшесі болып, айтыскерлердің әділ бағасын да беріп келеді.
Ағаның 60 жасы құтты болсын, мерейі өсе берсін!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support