- Advertisement -

Сәлафизмнің залалы мен сипаттары қандай?

57

- Advertisement -

Соңғы ширек ғасырда діннің радикалдануы жаһандық ауқымда індет сияқты кең тарап, өте қауіпті құбылысқа айналып отыр. Әсіресе, дінге қатысты қалыптар мен шаблондар, нормалар, яки танымдар мен көзқарастар жаһандық ойындарға параллель өзгермелі сипат алды. Себебі, дін де табиғи, жанды әрі дара құбылыс. Оның теологиясымен қатар географиясы да ақиқат. Яғни, әр діни танымның өз кеңістігі мен уақыты, тәжірибесі мен тарихы бар. Содан келіп, әр ұлттың, мәдениеттің діни танымы өзіндік болмыстық ерекшелікпен дамиды, қалыптасады. Сондықтан бір діни танымды барлық кеңістікке ақиқат ретінде таңатын болсаңыз, ол діни таным радикалды болып шыға келеді.

Қазіргі таңда дін құбылысының радикалдануының бірнеше қабаты бар: уақыт пен кеңістікке (аксиологиялық) қатысты; саяси (терроризм-экстремизм); доктриналық (мәзһабшылдық); танымдық (хақ-батыл-деструктивизм); онтологиялық (жыныстық-фенимизм); психологиялық (ересь-куфр); идеологиялық (ортодос-гетеродокс); генетикалық-касталық және т.б. Соңғы жылдары жер бетінде болып жатқан әртүрлi терактiлік оқиғаларды саралап, зерделеп қарайтын болсақ, дайындықтары мен жүзеге асырылу барысында, идеологиялық және психологиялық негiздемелерiнің астарында діни радикализм мәселесі тұрғандығын аңғарамыз. Сол себептен бүгінгі кезеңде діни радикализмнің қауiп-қатері мемлекетті, қоғамды және әрбір азаматты алаңдатпай қоймайды.

Бүгін неліктен діннің радикалдануы өзекті мәселеге айналды? Себебі, дін, діни таным – адамның сенім әлемі, санасы, мінезі мен көңіл-күйі, реніші мен мұңының орталығы, көзқарастар шаблоны, бірегейлену құралы. Яғни, дін – адам болмысының ең нәзік қатпарларына дейін ықпал ететін күш. Жаһандық үдерісте осы күшті өз мүддесіне қолданғысы келетін орталықтар жеткілікті. Біз де осы жаһандық үдерісте өзіміздің ұлттық, болмыстық, мәдени, саяси, экономикалық бірегейлік платформамызды сақтап қалу жолында мұндай құбылыстардың алдын алуға дайын болуымыз қажет.

Негізі диструктивті діни ағымдардың басты идеологиясы мен ұстанымдары – сананы улауды меңгеру (манипуляция), адамды психикалық тепе-теңдігінен айыру, мүліктік алаяқтық жасау, яғни дүниесін иелену. Психикалық көзбояушылық жаттығулар арқылы адам санасы жаншылып, бұрынғы тұлғалығы жойылып, өз жерінде, өз елінде, өз отбасында бөтен мақұлыққа айналады (отчуждения). Ол үшін дәстүрлі рухани құндылықтар мен тарихи сана, ұлттық мінез құнсызданып, әлеуметтік қарым-қатынастар да күрт өзгеріске түседі де, өз ортасына жаттанады. Өз ортасынан, қоғамынан ажырап қалған адам ендігі кезекте миссонерлердің құлшылығы мен қызметіне еріксіз жетектеліп кете береді. Сосын олар тек бұйрықты орындаушы құлға немес әскерге айналып шыға келеді. Мұны ғылымда шартты түрде «психологиялық эксплуатация» дейді. Міне, диструктивті діни идеология адамды арбап, алдап, бар болмысы дүниесін, отбасын осы жолда құрбан етуге дайын хәлге жеткізеді.

Экуменизм де жаңа діни қозғалыс ретінде, христиан ағымдарын бір шіркеудің билігіне жинауды мақсат етеді. Қазір оның формасы да мазмұны да өзгерді. Қазіргі экуменизм діни мән арқылы саясат жүргізуді көздейді. Бұл оның идеологиялық басым сипатын көрсетеді. Бұл арнайы дайындық нақты ұстанымдар мен әдістемелік жүйені де белгілейді:

Бірінші, құпия-сыр ұстанымы арқылы диструктивті, радикалды топтар түпкілікті мұраты мен мақсаттарын жасырып насихаттайды;

Екінші, иерархиялық жамағаттық қатынас – өз мақсаттарына жету жолында нақты жоспар траекториясы, іс-әрекеттер ішкі тәртіп ретінде қабылданады;

Үшінші, әрбір топтың саны шектеулі, олар басқа топтағыларды танымастай санмен шектелген, яғни иерархиялық құпиялықпен басқарылады, бұл мақсатқа жетуде сырдың сақталуы мен топтық қауіпсіздігіне қызмет етеді. Бұл метод – көптеген экстремистік топтарға тән ұстаным. Тариқат, орден, жамағат, оқушылар, жазушылар, жаттаушылар, мақтаушылар сияқты топтарға бөлініп кете береді.

Төртінші, дінді шебер қолдану, ұйымдастыру, қауымдастыру, ортақ жамағаттық сезім беруде діни таным, діни сана, діни тәжірибелер пайдаланылады. Адамның діни киелі сезімі мен эмоциясы құрал ретінде қолданылады. Бұл діннің атынан, Алланың атынан шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Шешімнің талассыз орындалуына ықпал етеді.

Бесінші, діншілдік дәріптеледі, діндарлық емес, діншілдік. Яғни, топтағылар дінді талдау, тәпсірлеуші емес, орындаушы болғаны тиімді. Діни тереңдіктен гөрі, діни сауатсыздар құпталады. Әрі жамағатты басқарудағы авторитеттер көп болмауы тиіс.

Алтыншы, лидер шайх – спортсмен, харизмасы бар, шешен, көсем, бай, саясатшы, сендіре алатын, дін тілін меңгерген, гипноздық қасиетке ие басшы болуы шарт.

Жетінші,  ортақ тіл, бұл – кәдімгі тіл емес, ортақ терминдерден құралған, «бөтендер» ұқпайтын өздеріне тән сөздік қорынан тұрады (ахи, аманат, мурувва, шахид, мужахид, ғайбат, тағут, такфир, уара уа ал бара және т.с.с.). Осы ұстанымдар арқылы дінбұзарлық ұстанымдарын жасырады. Қатарларына сауатсыз жастарды тартады. Ондай жастар тек жас жағынан ғана емес, діни білімде сыни ойлаудан да жас, тәжірибесіз болуы керек. Бұлар – өздерінің жамағаттық шеңберін жасауда қажетті шарт. Жамағаттық иерархия арқылы берілген танымдар мен шаблондар олардың көзқарастарын қабылдауда, сенімдеріне кіруде қиындық тудырмайды. Тудырған жағдайда, әлбетте шара, жаза, зорлық қолданылады.

Көбінесе, материалдық аз қамтылған отбасылардан шығып, қоғамнан қағажу көріп, осы топқа келу арқылы ақиқатты тапқандай сезінетін қарны тоқ, уайымы жоқ опалылар қалыптастырылады. Олар өз ахилық, жамағаттық, руханилық туыстық таным-түсініктері қалыптасқан топ ретінде әрекет етеді. Олар үшін тек ұлт емес, діни идеология маңызды. Олар психилогиялық тұрғыдан оқшауланған, темірдей тәртіпке берілген, басшыға адал, өз топтағыларына қамқор, идея жолында өлуге және өлтіруге дайын, шахид, тірі құрбан ретінде ерекшеленеді. Экономикалық тұрғыдан, сауда стилі, сауда қатарлары, орталықтары, типтері, алып сату ұйымдары біртектес болып келеді. Физикалық жағынан спортшыларды оларға спонсорлықты, зал, тренажер, демалыс, ұйымдастыру арқылы аманатты қорғау әскерлері ретінде тартады. Өнерпаздар, ақындар, жазушылар, саясатшылар, бизнесмендер – қоғамдағы шеп құруда таптырмайтын репутациялық қорған. Топқа сатқындық не адалдық деңгейін тексеру қиын емес, оларға тапсырмалар, уазипалар, жан беру, жан алу сияқты мотивациялар арқылы теракт жасауға, Сирияда шахид болуға тапсырма бере салады.

Сәлафизм жалпы қазақ даласындағы ислам өркениетінің барлық іздерін, жәдігерлері мен тұлғаларының мирастарын толығымен жоққа шығарады. Қазақ мұсылмандығының ерекшелігі болып табылатын сопылық танымды исламға жат құбылыс ретінде таниды. Ондағы мазар культі, рух түсінігі, әулие танымы, құдайтану кешені, шапағат түсінігі, медет сұрау әдеті, өліге құран бағыштау, жетісі, қырқы, жүзі, жылы, жеті шелпек, беташар, некедегі жеті ата принципі, зиярат т.б. діни танымдық кешенді сынап, түкке алғысыз қылады. Дәлелін Құраннан келтіреді, сауаттылардың құраннан алған негіздері мен дәлелдеріне пысқырып қарамайды. Олар Құранды тәпсірлесе дұрыс та, сауаттылар тәпсірлесе шектен шығушылық ретінде бағаланады. Бұл Құранды тікелей иемдену псхологиясы екендігі анық.

Қазақстандағы сәлафизм ағымындағылардың көпшілігі қазақ тілі, дәстүрі, құндылықтары арасындағы байланыстан жұрдай. Орыс тілді интернет ресурстары мен орыс тіліндегі сәлафилік әдебиеттерді қолданады. Ал орыс тіліндегі әдебиеттер араб шайхтары мен теологтарының шығармалары екендігі жасырын емес. Сол арқылы олардың әдебиеттері де, тыңдаушылары да, ұстаздары да, социумы да, бизнестік қабаттары да, жалпы тыныс-тіршіліктері әбден қазақ қоғамынан оқшауланып үлгерген. Бұл да қоғам тұрақтылығы мен баяндылығына кері әсер ететін жікшілдік құбылысы екендігі жасырын емес. Сондықтан ұрпақ жадын улы идеологиядан сақтау жолындағы шаруаларды еселей түскеніміз абзал.

Асхат ҚОЙШЫҒАРА

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support