Екі көп балалы отбасы баспаналы болды

Қайырымды азаматтардың көмегімен ауданда ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап келген екі бірдей көп балалы отбасы баспаналы болды.

Бір өзі бес баланы бағып-қағып отырған жалғызілікті ана Нұргүл Тапақова осы күнді көптен күткенін айтады. «Шу-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Айдын Николаевич қасиетті Рамазан айында осындай сауапты іс жасап, оған үш бөлмелі үйді маңындағы бірнеше сотық жер телімімен қоса сатып алып берген.

Араға бір күн салып Шу қаласындағы тағы бір жеті балалы отбасы баспанаға қол жеткізді. Атап айтқанда, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Ким Никон өз қаржысы есебінен бұл әулетке бес бөлмелі пәтер тарту етті.

Осыған байланысты өткен шараға қатысқан аудан әкімі Жарылқасын Айтақов Ким Марковичке өз ризашылығын білдіріп, үй иелері Берік Байсұлтанов пен Айсәуле Тенелованың қуаныштарына ортақтасты. Олардың тұрғын үй кезегінде тұрғандарына да біршама уақыт өткен. Енді міне, қайырымды азаматтың демеушілік көмегінің арқасында бір-ақ күнде баспаналы болып шыға келді. Өз кезегінде көп балалы ана Айсәуле Тенелова кәсіпкер азамат пен аудан басшыларына ризашылығын жеткізді.

Мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамытуға өз  үлестерін қосып жүрген кәсіпкерлердің бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де әсте естен шығармай, қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмек қолын созып жатқаны қуантады. «Бір кісі мың кісіге олжа салар» деген сірә, осы болар!

Шу ауданы

Суреттерді түсірген Петр Норкин. 

Ерғали Қартайған 

Comments are closed.