Жол құрылысының жайы жіті назарда

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өңірдегі жол құрылысының мәселелері бойынша жиын өтті.
Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков баяндама жасады. Ол алдымен басқарма әкімші болып табылатын 67 нысан бойынша келісімшарттар жасасу жағдайына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде 38 нысан бойынша келісімшарттар жасалған. Ал 17 нысан бойынша шағымданулар орын алып жатса, 10 нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сондай-ақ 1 нысан бойынша шағымдану қорытындысы шықса, тағы 1 нысан бойынша конкурс жарияланбаған.
Айта кету керек, 67 нысанның 48-і – орташа 13-і-ағымдағы жөндеу, 2-еуі қайта жаңғырту, 4-еуі жаңа жол құрылысын жүргізу бойынша белгіленген.
Облыс басшысы келісімшарт жасалған нысандар бойынша нақты талдаулар мен жүйелі жоспардың керектігін баса айтты. Талдау мен жоспарда олардың орындалу мерзімі, мердігер компаниялардың әлеуеті, техникалық мүмкіншілігі секілді жағдайлар толығымен қамтылуы керек. Жауапты тұлғаларға осындай нақты тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ жиын барысында салаға қатысты түсіп жатқан арыз-шағымдар мен сыни материалдардың маңыздылығы сараланды. Жыл басынан бері барлығы 91 арыз-шағым келіп түссе, оның 37-сі басқармаға тіркелген. Қалғаны әлеуметтік желідегі жарияланымдар. Айта кетерлігі, 91 арыз-шағымның 66-сы облыс орталығы – Тараз қаласының көшелеріне қатысты болып отыр.
Асқар Исабекұлы бүгінде Тараз қаласының негізгі көшелері жапа-тармағай қазылып жатқанын тілге тиек етіп, ол өз кезегінде әлеуметтік желі қолданушыларының да наразылығын тудырып отырғанын атап өтті. Өңір басшысы жерасты құбырларын жөндеу, ауыстыру жұмыстары тиянақты әрі рет-ретімен жүргізілу керектігін ескертіп, шаһар көшелеріндегі бейберекетсіздікті қалпына келтіру бойынша қала әкіміне нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, қаладағы өзге де мәселелерді реттеу үшін тиісті жұмыстарды жолға қою керектігін ескертті. Осы мақсатта облыс әкімінің тиісті орынбасары, қала әкімі және сала басшыларынан арнайы жұмысшы топ құрылып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілетін болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

микро займ на карту