Стратегиялық ауқымды кеңейтіп, интеграция идеясын ілгерілету қажет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты. Отырысқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саммиттің Елбасы Н.Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығы мен Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімнің 5 жылдық мерейтойларына орай өткізіліп отырғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының 2018 жылғы Еуразиялық экономикалық одаққа жасаған төрағалығына жоғары баға беріп, Армения Республикасының төрағалығы да халықаралық ұйымның нығая түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді.
Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың өзекті мәселелері мен алдағы даму перспективаларына қатысты және 2019-2020 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық саясаты туралы пікір алмасты.
Шағын құрамдағы басқосудан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтті. Жиында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы» атағын беру жөніндегі бастамасы үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің барлық мүшелеріне Ресейдің осы ұсынысын қолдағаны үшін ризашылық білдірді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың құрылу тарихына тоқталып, интеграциялық бірлестіктің Еуразия кеңістігінде қалыптасуының негізгі нәтижелерін атап өтті. Елбасы Еуразиялық экономикалық одақ Жер шарының 184 миллион тұрғыны бар орасан зор бөлігінің өмірлік маңызы бар сауда-экономикалық дәлізі саналатынын атап өтті.
– Біз бес мемлекеттің күш-жігерін жұмылдырып, орасан зор аумақта бірегей экономикалық одақ құрдық. Біздің бизнес қауымдастықтарымыз тығыз ынтымақтасып, Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдалануда. Қазақстанда Одақ елдерімен бірлесе құрған кәсіпорындардың саны 11 мыңға жетті, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті Төрағасы әлем елдерінің 40-қа жуығы Одақтың жұмысына қызығушылық танытып отырғанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті тең әріптестік пен бір-бірінің нарығына еркін кіруге қатысты Одақтың реттелмеген мәселелеріне тоқталды.
– Елдеріміздің ортақ ғылыми-өндірістік әлеуетін оңтайлы іске асыруды қамтамасыз ететін өнеркәсіптік кооперация әзірге интеграцияның өзегіне айналмады. Одақ алғашқы бес жылдықтағы қарқынды даму сатысынан кейін ілгерілеудің күрделі әрі баяу кезеңіне қадам басты, – деді Елбасы.
Әлемде қалыптасқан жағдайға және өңірлік үрдістерге байланысты, Нұрсұлтан Назарбав интеграциялық үдерісті одан әрі дамытуға қатысты өз ойын ортаға салды.
– Еуразиялық экономикалық одақтың стратегиялық аясын кеңейтіп, интеграция идеясын ілгерілету қажет. Біз Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік Шығыс Азия елдері ассоциациясы арасында жан-жақты экономикалық ынтымақтастық орнатуымыз керек. Еуразиялық экономикалық кеңістіктің мәнісі тұйықталуда емес, керісінше, оны жаһандық өзара іс-қимыл үшін барынша ашық етуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстарды жандандыру қажеттігін айтты.
– «Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы инфрақұрылым мен логистикаға қатысты бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақ әлеуетінің жалғасы ретінде қарастырылуға тиіс. Бұл бастама бәріміз үшін ұтымды болады. Оның экономикалық ықпалы орасан зор болып, бірлестіктің ішкі және сыртқы мақсаттарына қол жеткізуге септігін тигізеді, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сонымен қатар мүше мемлекеттердің ішкі өндірісін дамытуға бағытталған «ақылды интеграцияны» жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. Соңында халықтарымыздың игілігі үшін интеграциялық бірлестікті одан әрі дәйекті дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Comments are closed.