- Advertisement -

Солтүстікке барғандарға жұмыс та, қаржы да беріледі

30

- Advertisement -

Мемлекеттің әлеуметтік саясаты – қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайын реттеудің бір бағыты екені белгілі. Ол елдегі жалпы экономикалық жағдаймен тығыз байланысты. Нарық жағдайында мемлекет қоғамның әрбір мүшесіне өз мүмкіндігін пайдаланып, табыс табуына жағдай жасауы тиіс. Әсіресе халықты әлеуметтік қорғау механизмінің орны ерекше. Мәселен әлеуметтік сақтандыру, жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау, еңбекақы саясаты, еңбек нарығындағы әлеуметтік шаралар, тұрғын үй саясаты назардан тыс қалмауы керек. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесінде қалыптасқан әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары.
Елімізде осы басымдықтардың барлығы дерлік Елбасы тапсырмасына сай қабылданған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында көрініс тапқан. Тараз қаласындағы М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайында өткен аймақаралық жұмыс жәрмеңкесінде солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар үшін мемлекет тарапынан ұсынылған қолдаулардың барлығы дерлік осы әлеуметтік мәселелердің шешіміне айналарына көз жеткіздік. Бұл шарада Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарының өкілдері жамбылдықтарға бос жұмыс орындарын ұсынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жәрмеңкеге арнайы келіп, солтүстік өңірлердің жұмыс берушілерімен кездесті. «Еңбек» бағдарламасындағы көзделген нысаналы индикаторларға қол жеткізу үшін еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытумен қатар, тұрғындарды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімдік кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті қолдау, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу секілді негізгі бағыттар нақтыланғанын атап өтті.
Биыл халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарына сәйкес облыста 35 482 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бағдарлама шеңберінде оған республикалық және жергілікті бюджеттерден барлығы 9,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағыты бойынша, яғни жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында жамбылдықтарды еңбек нарығында сұраныс көп аймаққа қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен ынталандыру тетігі қарастырылған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары берген мәліметке сүйенсек, биыл солтүстік өңірлерден (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары) 1255 жұмыс берушіден 4659 ваканттық жұмыс орнының тізімі келіп түскен. Қажетті мамандардың тізбесі де көрсетіліп, барлық аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарына жолданған екен. Көпшілікке бұл көштің жайы бөлек екенін, еңбек күшіне сұраныс бар аймаққа бару арқылы тұрақты табыс тауып, тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік туғанын түсіндірудің арқасында 45 отбасы дұрыс шешім қабылдап, қоныс аударыпты.
Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан өңіріне – 15, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының әрқайсысына 7-ден, Қостанайға 16 отбасы көшіп барып, баспаналы болып, шаруашылықпен айналысу үшін қажетті жер учаскелерін алып үлгерген. Қазір оларға суармалы егістік жерлер берілген.
– Бүгінгі солтүстік облыстардың жұмыс берушілерімен бірге өткізген өңіраралық жәрмеңке осы бағыттағы жұмыстарды барынша жандандыра түсті. Жұмысшы күшіне сұраныс бар аймақта қандай мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары бар екені нақтыланып, көшуге болатын аумақтар ұсынылуда. Көшуге бел буғандарға жол шығыны және тұрғын үй жалдауға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеу үшін субсидиялар беріледі, – дейді облыс әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сейдахмет Сейітбеков.
Мәселен, көшуге әрбір отбасы мүшесіне отыз бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет жәрдемақы қарастырылған (88 375 теңге). Ал баспананы жалға алуға берілетін субсидия қалалық жерге қоныс аударғандарға ай сайын төленеді. Бір адамға жиырма еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (50 500 теңге), отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін жетсе, жиырма бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (63 125 теңге), ал бес және одан көп болса, отыз еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (75 750 теңге) белгіленген. Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығыстарды өтеуге және коммуналдық қызметтерге төленетін субсидияны ауылдық жерлерге қоныс аударғандар айма-ай алып отырады.
– Былтырдан бері Шығыс Қазақстан облысына Жамбыл жерінен 40 отбасы көшіп барды. Қоныс аударушылар үшін қарастырылған әлеуметтік төлемдердің барлығы төленді. Мысалы өткен жылы ауылдық жерге қоныстанған бір отбасының қазіргі ахуалын айтып өтейін. Жұбайы – шаруа қожалықтың механизаторы, әйелі – аспаз, екеуінің ай сайынғы жалақылары 200 мың теңгеден асады. Екі балалы отбасы болғандықтан 4 бөлмелі пәтер берілді. Балғындар балабақшаға барып жүр.
Өңірде жұмыс істеп тұрған 82 кәсіпорын бар, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көптеп ашылуда. Сондықтан бізде кәсіби кадрларға деген сұраныс жоғары. Дәл қазіргі бос жұмыс орындарының саны – 18 мың. Оның 1366-сы – мұғалім, медицина қызметкерлері, агроном, жүргізуші, инженер, ұста, шебер, секілді мамандықтар, – дейді Шығыс Қазақстан облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.

Ардақ Үсейінова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support