Қазақстандықтар әуеден жерсеріктер желісін байқады

25 мамырдың түнінде әлем жұртының назары аспанға ауды. Себебі ғарышқа бет алған бірнеше ондаған байланыс серігі жерден көрінді. Оны желі қолданушылары қызу талқылады. Оған қоса қазақстандық желі қолданушылары да жер бетінен көрінген бірнеше нысанды байқап, таңданған. Tengrinews.kz тілшісі Илон Масктың әлемді интернетпен қамтамасыз етуге арналған жобасымен таныстырады.

Адамдар аспанда нені көрді?

Әлем жұрты тамашалаған көрініске себеп – «SpaceX» компаниясының ғаламшар жерсеріктері. Компания Starlink жобасы аясында бүкіләлемдік қолжетімді ғаламторды жасамақшы. Яғни бұл жоба жер маңайына 12 мыңға жуық байланыс серігін шығару арқылы жүзеге аспақ.
Hi-news сайтының мәліметінше, алғашқы ұшыру жұмыстары мамыр айының басында іске асуы керек еді. Бірақ бұл миссия екі рет кейін шегерілген. Оған себеп – климаттық жағдай мен техникалық жағдай. Өйткені техниканы толықтай қарап шығу керек болды. Сөйтіп 24 мамырда Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы сағат 8.30-да бірнеше зымыран Канаверал мүйісінен ұшырылды. Зымырандарды ғарышқа шығару үшін Falcon 9 зымырантасығышы қолданылды. Оның ішінде 60 зымыран бар. Оның әрқайсы 227 келі тартады, ал жалпы салмағы 13,6 тонна. Сондай-ақ басқа салмақтарды есептегенде 18,5 тонна әуеге көтерілген. Қазіргі уақытта бұл зымырантасығыш рекордтық салмақ болып саналады. Мінекей, жер бетінен адамдар осы ғаламшар жерсеріктерін байқаған.
Зымырантасығыш байланыс серігін 440 шақырым биіктікке көтерген. Бірақ олар тек 550 шақырым биіктікте жұмыс істейді. Ол биікке жету үшін байланыс серіктері өз қозғалтқыштарын пайдаланады.
Қазіргі таңда ұшырылған аппараттардың атқаратын функционалы жұтаң. Олар ғарышта қозғалып және жермен байланыс жасай алады, бірақ бір-бірімен байланыста бола алмайды. Оны алдағы уақытта ұшырылатын байланыс серіктері жасауы мүмкін.
Алдағы 12 айда «SpaceX» компаниясы жер маңайындағы орбитаға тағы да мыңдаған байланыс серіктерін ұшырмақ екен.
Компания басшысы Илон Маск осыдан кейін Starlink жүйесін іске қосуға болатынын мәлімдеді. Аталған байланыс серіктері ұшырылғаннан кейін алыс аймақтағы ауылдарда, кеме, ұшақ секілді көлік құралдарына ғаламторға қосылуға мүмкіндік болады дейді Маск. Бұл жобаға компания өкілдерінің сөзінше, бірнеше миллиард доллар жұмсалған.

Starlink қашан іске қосылады?

Илон Маск ғаламтор жерсерігінің 2020 жылы іске қосылатынын айтты. Ғаламтордың жұмыс істеуі үшін барлық байланыс серіктерін іске қосудың қажеті жоқ екен.
«Starlink мың ғаламтор жерсерігі арқылы жылжып бара жатқан ұшақ және кемелерді ғаламтормен қамтамасыз ете алады. Соңғы болған жағдайларға байланысты мыңдаған байланыс серігін ұшыруды қиындатуы мүмкін, бірақ он екі айдың ішінде соның барлығын ұшыру мақсаты тұр», – дейді ол.

Starlink интернетінің жылдамдығы қандай болады?

«SpaceX» жер маңайындағы орбитаға 2027 жылға дейін байланыс зымырандарын жібереді. Қазіргі уақытта әртүрлі ғаламшар агенттіктерінен 2 мың ғаламшар серіктері ұшып жүр.
Егер Илон Масктың айтқаны келер болса, онда ол ғарыш өз зымырандарымен орбитаны толтырады. Business Insider басылымының мәлімдемесі бойынша, Starlink байланыс серігінің ғаламтор жылдамдығының жерге жеткізу қабілеті – 1 терабит. Бұл дегеніміз 4K видеоны бір уақытта мыңдаған адам көре алады.
Ал бұл жүйенің жұмысына тоқталар болсақ, Starlink жер бетіндегі станциялар арқылы хабарлама жібереді. Ал жердегі станциялар радиотолқындар арқылы оның бетіндегі аппаратқа ақпарат жібереді. Бұл аппараттар ғарыштағы серіктерге керекті ақпаратты жібереді. Ал Starlink ғаламшар жерсеріктері жер бетіндегі станцияларға радиотолқын арқылы кері ақпаратты қайтарады.

Ғалымдар не дейді?

Лондон университеттік колледжінің профессоры Марк Хэдли мұндай ауқымды технологиялық байланыс жүйесі қалай жұмыс істейтініне таңданысын білдірген. Ол мыңдаған ғаламтор жерсеріктерін жалпы интернет жүйесіне қалайша қосылады деген сұраққа жауап іздеген.
«Сондай-ақ бұл байланыс серіктері бір-бірімен соқтығыспауы керек. Бұл жүйені іске асыру барысында проблемалар көп болуы мүмкін. Себебі SpaceX болуы мүмкін сияқты мәселелерге тіреліп тұр. Олар іске асырайын деп жатқан технология бізге таныс. Бірақ оны ғарышта іске асыру қиындық тудырады. Мысалы, ғаламшар серіктері қолданайын деп жатқан лазер ғарышта бұрын қолданылмаған. Меніңше, мұның барлығын іске асыруға болады, бірақ оған көп уақыт қажет», – дейді профессор.
Айта кетейік, Илон Маск «SpaceX»компаниясынан бөлек, Samsung, Boeing сынды компанияларда ғарышқа интернет серіктерін жіберіп жатыр. Оның себебі 2020 жылы жоғары жылдамдықтағы ғаламтор сұранысқа ие болады. Жалпы ендігі жылы 20 миллиард құрылғы ғаламторға қосылады деген болжам бар.

Comments are closed.