- Advertisement -

Мәдениет – ұлт тың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы

95

- Advertisement -

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Ерлік» мемориалдық кешеніндегі «Даңқ залында» саланың бір топ озат өкілдерін қабылдады. Асқар Исабекұлы мереке иелерін құттықтап, облыстың рухани дамуына мәдениет саласы қызметкерлерінің де қосып отырған үлесі қомақты екенін айта келіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Өңір басшысы биыл облыстың 80 жылдығына орай өңірдің тарихынан, әдеби-мәдени өмірінен сыр шертетін 80 том кітап шығарылатынын, 31 мың жәдігер сақталған облыстық музейге басқа кең орын қарастырылатынын, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің мүмкіндігін кеңейту есебінен музыкалық, актерлік бағытқа бейім өнерлі жастарға қолдау көрсетілетінін айтты. «Қазақ хандығының тарихын көрсететін кешен салуды, Әулиеатаға ескерткіш орнатуды, «Руханият» орталығының да мүмкіндігін кеңейтуді ойлап отырмыз. Алаш арыстарын ардақтауды, Т.Рысқұловтың рухына құрмет көрсету жоспарда бар. Жамбыл Жабаевтың құрметіне музей ашу ісі де кезек күттірмейді. Жыр алыбының құрметіне «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналды. Ол облыста айтыс өнерінің дамуына жол ашатын болады. Мәдениеттің басқа салаларына да қолдау көрсете береміз. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы шын көңілден құттықтаймын», – деді облыс әкімі.
Мұнан соң Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев, Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыр сөз сөйлеп, облыстың мәдени өміріндегі жетістіктерге тоқталып, сала қызметкерлеріне құрметі үшін облыс әкіміне алғыстарын білдірді.
Кейіннен марапаттау рәсіміне кезек берілді. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сейітжан Ілияс, аталған музей директорының орынбасары Зарина Дүкенбаева, осы музейдің бөлім меңгерушісі Іңкәр Қазмадиярова марапатталды. Сондай-ақ күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев, мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеұлы, Байзақ аудандық әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінің әдіскері Қасқырбай Нарбатыр, кітапхана саласының ардагері Мейрамкүл Ысқақ, Байзақ аудандық мемлекеттік архивінің директоры Мәрзия Еркебұланова, облыстық қазақ драма театрының әртісі Жандар Қырықбаев, облыстық орыс драма театрының әртісі Елена Козаченко, Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Жанат Жетпісбаева, К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Торғын Орынбаева, облыстық кино орталығы директорының орынбасары Жеңісбек Қалмырзаев, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы директорының орынбасары Сауран Қалиев облыс әкімінің Алғыс хатына және 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ «Даңқ залын» салуға қатысқан «КДСМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Қуаныш Сүйінбек, «Fibra-deker» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бригадирі Еңлікжан Әбілдаев бастаған құрылысшылар да Алғыс хатпен марапатталды. Марапаттарды облыс әкімі Асқар Мырзахметов өз қолымен тапсырып, құрмет көрсетті. Бұл күні сала қызметкерлері осылай қуанышқа кенелді.

Тараз қаласы.

Есет Досалы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support