- Advertisement -

Индиго бала және мектеп жанындағы үй

96

- Advertisement -

жазушы Ділдар Мамырбаевамен жүздескен сәт әлі есімде

Оқыған кітаптың әсері болар, көпке дейін индиго бала ойымнан шықпады. Келесі аптада мектепке «Индигоны» жазған жазушы келеді дегелі бері тіпті мазам қашты. Апамнан Ділдар Мамырбаеваның біздің ауылдан шыққан журналист Қыдыралы Қойтайдың жұбайы екенін естігенде, шығарманы қайта бір сүзіп шықтым. Бәрі енді түсінікті бола бастағандай. 2003 жылғы зілзала дегені – осы Құландағы қатерлі оқиға.Ал жас жеткіншектің шимақ-шатпақ зерттеу жұмысы мен жүргізген сынағынан жер сілкінді дегені, енді көңілге қонымсыздау, әрине. Бірақ өмірде компьютердің ішкі бағдарламаларын тұйықтап, істен шығарып тастайтын вундеркингтердің барына сенемін. Бұл – кейіпкер де, сірә, соның бірі.

Үзілісте дәлізде бір-бірін әзілмен қағытып, шуылдасқан топтан бөлініп, аулаға шықтым. Көңілім – кітапта, көзім – анау бір мектептің қасындағы көк қақпалы үйде. Индиго бала сонда қай қораның төбесіне шығып, талай уақыт зерттеген жобасын тәжірибе жүзінде іске асырды екен деймін іштей. Жазушының «ауылдағы үй» деп дәл осы тамды жазғанына еш шүбәм жоқ. Тек… ендігі анықтайтыны – Индиго баланың кім екені. Өзімнің ішкі ойыммен алысып тұрып, жазушымен кездесер күн жақын қалғанын ойладым.
Бір қуанғаным, қазақ тілі мен әдебиеттен беретін ұстазым Гүлнара Теметаева: «Осы сабақтан кейін жазушыдан сұхбат ал, соған дайындал», деп тапсырма берді. Қанша күннен бері санамды сансыратып шаршатқан сауалдың жауабын осылай оңай табамын деп ойласамшы. «Міне, енді соның сәті түсті» дедім іштей.
Жазушымен кездесу мен үшін ұмытылмас ерекше сәт болды. Бірнеше кітаптың авторы Ділдар Мамырбаева мен журналист Қыдыралы Қойтайды арнайы шақырып, оқушылармен жүздестірген ұстазға, қалай риза болмайсың?! Пән мұғалімдері арасында шығармашылық есеп беріп, Төлен Әбдіктің «Қонақтар» әңгімесі туралы жазушымен дуэт сабақ өткізген әпкейдің ізденісі ғой – мұның бәрінің себепшісі. Педагогтердің бәрі осындай болса, оқушылар да сабақты қызығып оқиды ғой. Ерекше форматта өткен сабақтың маған ұнаған бөлімі – «Ашық микрафон» әдісі бойынша балалардың қаламгерлермен еркін әңгіме өрбітуіне мүмкіндік берілгені. Қос журналистің өмір сабақтарынан сыр шерткен «Дара тұлға, дара жол» атты кезеңі де қызықты өтті. Бәрінен бұрын мен өзімді мазалаған сұрақтың жауабын осы күні таптым.
Бірақ оны ешкімге айтпаймын деп ой түйдім. Жұмбақ сыр белгілі болса, жас оқырмандарға қызықсыз. Оның жауабын жеткіншектер «Индигоны» оқып-біліп алсын!

Нұр ЖАҢБЫРБАЙ,
А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support