- Advertisement -

Батыр Баукеңді тәнті еткен махаббат

85

- Advertisement -

Бірде тараздық Әзімбек Тілешовтен бір қызық әңгіме естідім. Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабындағы бір оқиғаға өзек болған кейіпкерлер Солтанбай мен Сәндібаланың немересі бар көрінеді. Шу ауданының Шоқпар стансасында тұрады екен. Есімі – Зүбайра Балмаханбетқызы, биыл 95 жасқа толыпты. Сол Зүбайра Солтанбай мен Сәндібаланың ел аузында қалған аңызға бергісіз махаббаты туралы кезінде Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнепке айтып беріпті. Бұл әңгіме «Шуақты күндерге» осылай енген.Содан бір сенбіде Шоқпарға тарттық. Сұрап жүріп Зүбайраның (ауылдастары «Зиба апа» дейді екен) үйін таптық. Әжей әлі тың, сергек екен. Көңілді амандасты. Зүбайраның әкесі – Балмағанбет, анасының аты – Тұрбике. «Бірақ мен Солтанбай мен Сәндібаланың қызымын», дейді. Ауылдастары оны солай атайды.
– Солтанбай атам 1855 жылы туған. Апамыз Сәндібала Жарылғап деген кісінің ерке өскен қызы екен. Ол ақылына көркі сай сұлу болып бойжетіпті. Айнала төңіректе құда түспек ниетпен сұрау салғандар көп. Жарылғап: «Қызым өзінің сүйгеніне барады», деп бір-ақ ауыз сөзбен тойтарып тастаған соң, ешкім бата алмаған. Ал қыздың көңілі өзінен жиырма жас үлкен, өзі кедей, бірақ топта суырылып сөйлегенде көпті аузына қаратқан шешен, өжет, қайсар Солтанбайға ауыпты. Содан 1901 жылы екеуі қосылып, отау құрады. Бұл екеуінің махаббатын күндеп, көре алмағандар көп болған. Сыртынан тісін қайрап жүреді. Ақыры жаламен айдатып, түрмеге жаптырады. «Патшаға қарсы сөз сөйледі, кісі тонады, мал ұрлады» деген ауыр айып тағылып, Солтанбай атам 12 жылға сотталып кете барады.
Бұл 1903 жыл екен. Сонда Сәндібала сүйіп қосылған жарының соңынан этаппен бірге жаяу барыпты. Жолай күзетшілер оны мылтықтың дүмбісімен ұрып, тас лақтырып, күйеуіне жолатпай қуалайды. Сәндібала апам сонда да азық салған қоржынын арқалап, жүре беріпті. Ақыры қайтпайтынына көздері жеткен жасауыл қолдарын бір сілтепті. Сөйтіп Солтанбай сотталып, алтын қазатын кен орнында ауыр жұмысқа жегіледі. Әйелі әркімнің кірін жуып, ісін тігіп, күнін көреді. Ұзақ жылғы айдауда азаматты қайыстырмаған да, қара нардай қайрат берген де сол жұбайы болыпты. 12 жыл мерзімін өтеген соң, екеуі елге бірге оралыпты. Қайсарлық, махаббат деген осы емес пе? – деді Зүбайра әжей.
Тағдыр қатал ғой кейде. Елге келген соң арада үш жыл өткенде, 1918 жылы 63 жасында Солтанбай атамыз өмірден озады. Ал Солтанбай мен Сәндібаланың махаббаты ел аузында аңыз болып қалыпты.
Солтанбайдың қызы Зүбайра Мақұлбек Мәмбетбайұлы деген кісімен көңіл қосқан екен. Бірақ ері ерте, 36 жасында мәңгілік сапарға аттанады. Жастай жесір қалған ол 6 баланы жетелеп жүріп өсіріп, жеткізіпті. Бұл күнде бәрі көрген түстей.
Қазір Зүбайра әже баласы Батырбек пен келіні Розаның қолында. Батырбек – жеке кәсіпкер. Қабылбек деген баласы өмірден озғанымен, артында қалған Мұратбегі көңілге медеу. Ділдайым, Күлайым, Сұлушаш, Бибінұр атты қыздары бар. Олар үйлі-баранды. Зүбайра әжей ұл-қыздарынан 10 немере, 4 шөбере сүйіп отыр. Жас күнінен бейнет көргені, еңбекпен өскендігі ғой. Әлі күнге көрпе, көрпеше, бөстек, жастық, сырмақ, төсеніш тоқиды. Сәндібала махаббаттың символы болып ел аузында қалса, өзі – жұрт айта жүретін қолөнер шебері.
Қоштасарда Зүбайра әже батасын берді. Ой жүрдек, көңіл сергек. Адал махаббаттың үлгісін көрсеткен Солтанбай мен Сәндібалаға Төле би немесе Шу қаласынан ескерткіш орнатса дейді ішкі түйсік. Оған демеуші болатын азаматтар да табылар. Солтанбай мен Сәндібала тағдыры, 95 жастағы сергек Зүбайра әже көз алдымнан кетер емес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support