- Advertisement -

«Жұлдыз аттас жалғыз шаһар жердегі»

94

- Advertisement -

Ақын Маралтай Райымбекұлының шығармашылық кеші табысты өтті

«Ару сүйдім ерінімді күйдіріп,
Шарап іштім шараяққа құйдырып.
Соның бәрін жүрегіме сыйдырып,
Мен өзіңнен алып кеткем, Игілік!»
деп жырлаған жерлесіміз, Сарысу ауданының тумасы Маралтай Райымбекұлының мерейтойы өңірімізде кең көлемде аталып өтілді. Ғажап ақынның ғаламат кешіне қазақтың маңдайалды ақындары арнайы келді. Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкім, Арқаның адуынды шайыры Серік Ақсұңқарұлы, Маңғыстаудың маңғаз ақыны Светқали Нұржанов, лирик ақын Бауыржан Қарабек, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов бастаған әдебиет алыптары түгел жиналды.Ақынның 50 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханадан бастау алды. Ақынның туған жері, Игілік ауылдық кітапханасының ұжымы жерлесінің шығармашылығын насихаттады. Оқушылар өлеңдерін оқыды. Мұнда Маралтайдың алғашқы махаббаты туралы сыр шертілді. Ақынның алғашқы ұстазының жылы лебізі бейнетаспа арқылы көрсетілді. Ән әуеледі.
Бұдан соң жұртшылық облыстық қазақ драма театрына ағылды. Арқалы ақынның кездесуге келгендер нағыз рухани кештің куәсі болды. «Жұлдыз атты жалғыз шаһар жердегі!» атты шығармашылық кешті фольклортанушы, ғалым Берік Жүсіп жүргізіп отырды.
«Қазақстанның қай өңірін алып қарасаңыз да, әрбір қазақ үшін киелі, қасиетті екені белгілі. Сол көп өңірдің ішінде Әулиеатаның орны ерекше. Оның бір себебі, тарихының тереңдігінде. Өңірімізден небір дүлдүлдердің шыққанын сол тарихтан жақсы білеміз. Соның ішінде небір мықты Таразилердің болғаны аян. Ғалымдар олардың саны сексенге жуық екенін де айтуда. Бұл тек анықталғаны ғой. Мұны айтуымның себебі, бабаларымызда болған асыл қасиет бүгінде жалғасын тауып жатыр. Оның бірден-бір дәлелі – мерейтой иесі Маралтай Райымбекұлының кеші. Жуырда Алматыда туған күні болған кезде үлкен шығармашылық кешін өткізді. Оған Жамбыл жерінен арнайы барып қатысып, ізгі ниетімізді жеткіздік. Сый-сияпатымызды көрсеттік. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырдық. Бүгін міне, сол Маралтайымыз өзінің азаматтығын көрсетіп, Алматымен шектелмей туған жеріне келіп отыр. Қуанышын елмен бөлісу үшін атбасын бұрды. Әдебиет те өз орны бар ағаларын шақырып отыр. Біз бұған шын жүректен қуаныштымыз. Маралтай Райымбекұлының шығармашылықтағы, поэзия әлеміндегі орнын айтып жатудың қажеті шамалы шығар. Ел біледі. Жастығына қарамастан қазақ әдебиетінің өркендеуіне сүбелі үлесін қосты. Әлі де берері мол деп айтуымызға толық негіз бар. Өлеңдерінің өзектілігі мен өн бойындағы өжеттілігі, қайсар мінезі арқасында талантымен таңғалдырған азаматқа алғысымызды айтамыз. Біз Маралтайды мақтамаймыз, Маралтаймен мақтанамыз. Биік белестерді бағындырып, асқаралы асуларды алуыңа біз шын жүректен тілектеспіз. Қанатың талмасын! Мерейтой тағы да құтты болсын!» – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов талантты ақынның шығармашылық кешінде. Сонымен қатар Асқар Исабекұлы ақынға сый-сыяпатын салтанатты жағдайда тапсырды.
Рухы өр ақынның кешіне арнайы келген қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов белгілі себептермен Таразға атбасын бұра алмаған Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің ыстық ықыласын жеткізді. Арқаның арқалы ақыны Серік Ақсұңқар мен жанартаудай жалынды жырымен тыңдарманның жүрегінен жол тапқан маңғыстаулық ақын Светқали Нұржанов отты өлеңдерін оқып, Тараз бен қазақ поэзиясының көгіне жұлдыз қадаған Артығали Ыбыраевтың, Серік Томановтың, Бауыржан Үсеновтің есімдерін айрықша толқыныспен тілдеріне тиек етті. «Маралтай – Артығалидың жасамаған өмірін, жазбаған өлеңін жалғастырып келе жатқан ғажайып талант иесі», – деді Светқали ақын. Таяуда ғана ТМД елдерінің «Достастық жұлдыздары» сыйлығына ие болған алты алаштың аймаңдай ақыны Есенғали Раушанов пен ғажайып ақын Тыныштықбек Әбдікәкім кеш кейіпкерінің әдебиет әлеміндегі орны, ақындық тағдыры турасында кеңінен толғады. «Жамбыл» журналының бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутай да ақын інісінің кісілігі мен кішілігі, азаматтық ұстанымы, әдебиеттегі алымдылығы хақында кеңінен ой өрбітті. Руды емес, туды ойлайтын ақынның жұлдызы әманда жарық болатын тіліне тиек етті.
Кеш соңында Маралтай Райымбекұлы сахна төріне шығып, өзінің исі қазақтың әр баласы жатқа оқитын «Көне Тараз», «Кентавр», «Мұхаммедті растау» сынды жырларын рухтанып оқыды. Сонымен қатар шарада Таразға табан тіреген марғасқа ақындардың қаламынан туған жырлар ән болып көрермен жүрегіне жол тартып жатты. Маралтай Райымбекұлы туған топырағына абыройын асқақтатып бірге келген, Тараздың топырағына тәу еткен қаламгерлерге өзінің қылқаламынан туған портреттерді тарту етті.
Бұл кеште әдемі әзіл де, құрмет те, марапат та болды. Қазақтың әйгілі ақыны Есенғали Раушановтың: «Елуіңе анау бір жылдары біз де келгенбіз. Оның қырықтан, қырықты айтасың, отыздан еш айырмасы жоқ. Сенбесең оны анау отырған Несіпбек, Серік көкелеріңнен сұра. Мереке ағаңнан сұра. Бауыржан екеш Бауыржан да біледі. Тек Аманханнан сұрама. Ол мәңгі он сегізде», – деп әзілдеуі залға жиналған жұртшылықты ду күлдірді.
Келесі күні ақын өзінің туған жері Сарысу топырағына атбасын бұрып, өлең-жырға шөліркеген жұрттың рухани сұранысын қанағаттандырды. Игіліктің жұрты Есенғали мен Светқалидың, Серік пен Бауыржанның жүрекке жақын жырларын тамсана тыңдап, ризашы-лықтарын білдіріп жатты. Асау мінезіне сай кісілігі мен кішілігін көрсетіп жүретін Маралтай ақын бұл күні жерлестері мінгізген тұлпарды ұстазы Несіпбек Дәутайға сыйлап, өзінің патша көңілінің кеңдігін көрсетті.
«Кірпігімен Күн бетінен бұлт ілген,
Сол ғасырға өтіп кетсем, шіркін, мен.
Айлы түнде шомылар ма ем Таласқа,
Пәранжасыз пүліш киген сылқыммен.

Серпі, уақыт, заманалар түнегін,
Тарихыма тартып туған ұл едім.
Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі,
Рүстемнің елжіреткен жүрегін.

Ниет еткен мұсылмандай намазға,
Ниет етіп ғазал төгіп қағазға.
Ақтық рет қағылғанда кірпігім,
Бір ұлы көш бетін түзер Таразға», – деп жырлаған Маралтайдың ғаламат кеші жұртты сүйсіндіргені анық. Елуге келген ақынның еліне жыр керуенін әкелгені әрине, құптарлық іс. Қазақ әдебиетінің алыптары енді Таразға қашан атбасын бұрар екен? Бұл күн де сағынышқа айналар.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ
Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support