- Advertisement -

«Тараз химиялық паркінің» табысына кенелер күн жақын

50

- Advertisement -

«Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында өткен жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр қатысты. Экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық жобасын жан-жақты талқылау мақсатында өткен аталмыш басқосуға бірқатар іргелі кәсіпорындардың басшылары да келді.Кейінгі жылдары Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен еліміздің оңтүстік аймақтарының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру мақсатында бірқатар мегажобалар қолға алынғаны белгілі. Солардың бірі әрі бірегейіне Ұлт көшбасшысының 2012 жылғы 13 қарашадағы №426 Жарлығы бойынша Жамбыл облысы Шу ауданы аумағында құрылған, құрамында әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие химия өнімдерін өндіретін бірнеше кәсіпорын бар «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» айналуы тиіс. Тұңғыш Президенттің 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында алға қойылған міндетке орай қолға алынған осынау АЭА аумағында бастапқы кезде бұрын-соңды елімізде мүлдем өндірілмеген немесе аз көлемде ғана өндірілген әрі шетелдік және отандық инновация мен ғылыми-техникалық ізденістердің нәтижесінде өмірге келген экономикалық тиімділігі аса жоғары, «экологиялық таза өнім түрлері шығарылмақ. Олардың қатарында бұған дейін Қазақстан мен ТМД елдерінде аз көлемде шығарылып келген және соның салдарынан қажетті сұраныс көбінесе импорттау арқылы қамтамасыз етілетін каустикалық сода мен хлор, үштекті фосфор бар. Аталған өнімдердің алғашқысы химия, мұнай химиясы, целлюлоза-қағаз, медицина және тамақ өнеркәсібінде, түсті металлургияда, тоқыма кәсіпорындарында және халық шаруашылығының басқа да салаларында кең қолданысқа ие. Сондай-ақ егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты Америка мен Еуразия құрлықтарындағы ірі агроқұрылымдар тарапынан үлкен қолдауға ие болған глифосат мұндағы ең басты өнімдердің бірі болмақ.
Жасыратыны жоқ, соңғы 1 жылдың көлемінде мұндағы жұмыс тым саябырсып, құрылыс қарқыны бәсеңдеп қалған еді. Бұл жағдайды өңір басшысы да бірнеше рет сын тезіне де алған. Соның нәтижесі болар, арнайы экономикалық аймақтағы құрылысшылардың қарқыны үдей түскені байқалады. Бүгінгі күнге дейін қыруар жұмыстар атқарылғанының тікелей куәсі болған Ахметжан Смағұлұлы Тараз химиялық паркіндегі «ХИМ-Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әкімшілік ғимараттары мен өндіріс ошағының цехтарын аралап көріп, заманауи технологиялармен танысты. Бұдан кейін осындағы мәжіліс залында жиын өтті. Аталған басқосуда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов аудандағы мегажобаға бүгінгі күнге дейін қыруар қаржы жұмсалғанын атап өтті.
– Біз мұнда алып жобаның аяқалысын талқылау мақсатында бас қосып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы экономикалық аймақтағы бірқатар мәселелер мен кедергілерді жан-жақты зерттеп-зерделеп, тиісінше жұмыс қарқынын үдете түсу үшін нақты шешімдер қабылдаған едік. Аталмыш жобаның инфрақұрылымына өте үлкен көлемде қаржы жұмсалды. Сол себепті, көп кешіктірмей мұндағы жұмыстарды барынша оңтайландырып, жуық арада нысанды пайдалануға беруіміз қажет. Қазіргі кезде өте ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұдан былай жұмыстың басым бөлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қарамағына берілетін болады, – деді ол.
«Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Болатхан Сандықбаевтың айтуынша, аталмыш аймақта сырттан келетін инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Инфрақұрылымдық жұмыстар да көп ұзамай аяқталмақ. Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтағы газ құбырын орнату мен автожол дәлізінің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған, 6,4 шақырымға темір жол салу міндеттемесі 95 пайызға орындалған. Одан бөлек, су құбыры 87, су құбырын электрмен қамтамасыз ету 80, ішкі алаңды электр жүйесімен қамту 91, жарықтандыру 87 пайыз деңгейінде жүзеге асырылып отыр екен. Аталған жұмыстардың барлығы осы маусым-шілде айларында түгелдей өзінің мәресіне де жетпек. Расымен де бұл мақсатқа аз қаржы жұмсалған жоқ. Мәселен, арнайы экономикалық аймаққа соңғы бес жылда барлығы 30 миллиард 415 миллион теңге инвестиция тартылса, жалпы құрылыс жұмыстарына 27 миллиард 973 миллион теңге кеткен. «Хим-Плюс Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне де үлкен көлемде инвестиция тартылыпты. Мысалы, 2014 жылғы инвестицияның көлемі 1 миллиард 221 миллион теңгені құраса, өткен жылы бұл қаржы 4 жарым есеге дейін артып, тиісінше 2018 жылы 5 миллиардқа жеткен. Ал оның құрылыс жұмыстарына былтыр 4 миллиард 232 миллион қаралса, биылдың өзінде 1 жарым миллиард теңге бөлініпті.
Әуелгіде мұнда 16 кәсіпорын бой түзейді деп жоспарланған. Дегенмен уақыт өте келе олардың саны едәуір қысқарғанын айта кеткен жөн. Осыған байланысты, жиын барысында облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Тараз химиялық паркіне» тек химия бағытындағы емес, бұдан өзге де кәсіпорындарды да орналастыру жөнінде ұсынысын білдірді.
Мәселен, Шу ауданы аумағында 300 гектар аумаққа қант қызылшасын егуді қолға алған «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылдан бастап ауданда қант зауытының құрылысын бастамақ ниетте екен. Серіктестік директоры Мейірлан Бейбітбекұлының айтуынша, қант зауыты іске қосылғанда 300 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Ал кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеу үшін оған 1 миллион тонна тәтті түбір қажет. Бұл мәселе қазірдің өзінде рет-ретімен шешіліп келеді. Өйткені бүгінгі таңда аталмыш серіктестікке аудан әкімдігі тарапынан 2000 гектар жер бөлініп қойған. Десе де бұл аздық етуде. Зауытты қажетті шикізатпен қамту үшін 30 мың гектар жер керек екен. Осы мақсатта алдағы уақытта шулық шенділер аталмыш серіктестікке қосымша 10 мың гектар жер бөлініп бермек. Қалған 15 мың гектардың өнімін аудан шаруаларымен бірлесе жұмыс істеу арқылы жинауды көздеп отыр. Оған қоса, зауытқа бір ғана маусымдық жұмыста бір миллион тонна текше метр су мен 44 миллион текше метр табиғи газ жұмсалады екен. Арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымы аталмыш талаптарға толығымен жауап бере алады. Міне, сол себепті, құрылысы келесі айда басталатын қант зауытын «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы аумағына орналастыру жөніндегі өңір басшысының ұсынысына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Бұдан бөлек, Тараз химиялық паркінде 5 жобаны іске асыратын 4 серіктестік тіркеліпті. Оның алғашқысы – «Хим-Плюс» екіншісі – «Qadam industries» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Сонымен бірге табиғи газды кешенді өңдеуге арналған зауытты «Central Asia Chemical» серіктестігі салмақ. Ал «Өндірістік компания «НИКА» серіктестігі су тотығын өндіруді қолға алатын болады.
Айта кету керек, аудан аумағында салынып жатқан «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы» сияқты алып мегажобаның жүзеге асырылуы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін түбегейлі өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің туындауына өз әсерін тигізері сөзсіз. Өйткені химиялық парктегі барлық кәсіпорын толық қуатында іске қосылған кезде ауданда көптеген игі істердің де қолға алынатыны белгілі. Мұндай мегажобалар ел экономикасының серпінді өсімін қамтамасыз ететінін республикамыздың бірқатар өңіріндегі экономикалық аймақтар дәлелдеп келеді. Санаулы жылдардан соң облыс орталығынан шалғай орналасқан Шу қаласы да үлкен өндірісті аймаққа айналып, тек қана ауданның емес, ел экономикасының дамуына қомақты үлес қосады деген сенімдеміз.

 

Ерғали Қартайған
Шу ауданы.

Суреттерді түсірген
Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support