- Advertisement -

Ел әл-ауқатын арт тыру – жемқорлықты жойғанда ғана жүзеге асады

22

- Advertisement -

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өтті. Мемлекет басшысы елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұның қоғамға қауіпті дерт екенін айтты.
– Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін, – деді Қазақстан Президенті.Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтты. Сондықтан оның тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет. Бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырды. Мемлекетте оған қажеттінің бәрі бар екенін атап өтті.
– Біріншіден, бізде жемқорлыққа қарсы күресте қару бола алатын мықты мемлекеттік институттар бар. Мемлекеттік аппарат жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, жемқорлықтың жолын кесуі керек. Екіншіден, жемқорлықпен күрес халықтың табанды сұранысына ие. Әкімшілік сауалнама жүргізеді, өзім де ел аралап жүремін. Сонда байқағаным, біздің қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге дайын. Үшіншіден, біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоспарларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы үш жылда 900-ден астам адамның жемқорлықпен ұсталғанын, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына осындай оқиғалардың кедергі келтіретінін жеткізді.
– Біз экономиканы жаңғыртуға, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға қазынадан қыруар қаржы бөлеміз. Алайда жемқорлықтың салдарынан мемлекеттік бағдарламалар сапасыз орындалуда. Бұл халықты әлеуметтік қорғау, ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерінің уақтылы шешілмегенін көрсетеді. Жергілікті жолдардың сапасыздығы мен бизнестің дамуына жемқорлықтың кесірінен туындаған проблемалар кедергі келтіреді. Азаматтар бюджеттің әрбір теңгесінің мақсатты жұмсалатынына көз жеткізуі керек, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті.
– Бірінші – азаматтардың құқығын қорғау. Мен Конституцияға сәйкес ұлтына, дініне, мүлік жағдайына қарамастан барлық азаматтар тең деген ережені басшылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді. Сондықтан кешенді алдын алу шараларын қолға алу қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екінші шара ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін атап, жемқорлықпен күресте күштік шаралар аздық ететінін айтты.
Үшінші – қоғамдық бақылауды күшейту.
– Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуы негізінде мемлекеттік шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету керек. Жер учаскелерін беру, балабақшадан кезек алу сияқты мәселелердің бәрі де қоғамдық бақылау негізінде жүзеге асуы шарт. Бізде мұндай жұмыстар үшін құқықтық механизмдер бар, – деді Мемлекет басшысы.
Төртінші шара – бюджеттік саясаттың ашықтығы. Қазақстан Президенті бесінші кезекте жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
– Менің Президент ретіндегі ұстанымым бюджет шығындарын жоспарлауға, әсіресе өңірлерде халық өкілдерін қатыстыру керек. Бұдан ел экономикасы дамып, тиісінше, халықтың әл-ауқаты артады, – деді Мемлекет басшысы.
Алтыншы – мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыру.
Жетінші міндет – мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету.
Жиын соңында Мемлекет басшысы жемқорлық бойынша қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері үшін бірінші басшылардың жауапты болатынын тағы бір мәрте қадап айтты.
Үкімет пен Президент Әкімшілігіне осы жиында көтерілген мәселелерді шешу үшін енгізілген ұсыныстар негізінде жұмыс істеу тапсырылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support