- Advertisement -

Түйткілді жайт тар тасада қалмайтын болды

42

- Advertisement -

Жұмыстың жүйелелігі – бар мен жоқты, дұрыс пен бұрысты, сан мен сапаны саралауға, бір сөзбен айтқанда жүргізілетін бақылауға байланысты. Өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің барлық деңгейдегі атқарушы биліктің жаңа жұмыс алгоритмін бекітіп, соған сай қызмет етуді тапсырғаны да, сондықтан. Осы жүйе бойынша облыс әкімінің орынбасарлары аудандарды аралап, ауылдың тыныс-тіршілігін назарға алғалы бері іс ілгерілеп, түйткілді жайттар тасада қалмайтын болды. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев ауданымызға келген жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындардың талқысына сала отырып, көкейкесті мәселелердің шешімін бірге іздеді.Еркебұлан Әбілханұлы алдымен Айша бибі ауылдық округіне қарасты Әулиекөл елді мекеніндегі «Айшабибі» шипажайына атбасын бұрды. Шипажайдың бас дәрігері Хамиди Шаухаровтың мәліметіне сүйенсек, бұл нысанның іргетасы 1984 жылы қаланған екен. Ғимараттың іргесі мықты болғанымен, жылыту қазандығының жай-күйі сын көтермейді. Әбден тозып ескірген.
Қазір мекеменің атауы және тұрғындарға көрсететін қызметі өзгерген. Емдеу ұйымынан сауықтыру орталығына айналған шипажайда 5 дәрігер, 32 орта және 17 кіші медицина мамандары қызмет көрсетеді. Қазір мұнда 654 адам демалуда.
Округтегі тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етіп, көңілді күпті қылып тұрған әлеуметтік нысандардың қатарында Айша бибі орта мектебі бар. Мұнда қазір екі ауысымда 1218 бала білім алуда. Ғимарат тарлық ететіндіктен аудан басшылары осы күрделі мәселені шешудің екі жолын таңдап отыр. Бірі – бос тұрған бұрынғы колхоз кеңсесін күрделі жөндеуден өткізіп, негізгі мектепке айналдыру, екіншісі – мектеп жанынан қосымша ғимарат салу. Еркебұлан Әбілханұлы екі нысанды да аралап көріп, екінші шешімді мақұлдады. Дегенмен жоспарды әлі де болса пысықтай түсуді тапсырды.
Айша бибі ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның 25 маманы өз қызметін атқарып отырғанымен, материалдық мәселе мұнда да бар. Ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал округтегі жолдың жайы… Бектөбе ауылынан атшабарға (ипподром) дейінгі автомобиль жолының қазіргі күйі сын көтермейді. Өндіріс орындарына күнделікті қатынайтын ауыр салмақты жүк көліктерінің келтірген зияны қаншалықты екенін көрген облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бұған жедел шара қолдану керектігін айтты.
Ал аудан орталығына жақындау қоныс тепкен Бірлесу-Еңбек ауылындағы жаңадан бой көтеріп жатқан 140 орындық орта мектептің бүгінгі көрінісіне көз тоятындай-ақ. Алыстан менмұндалап тұр. Нысан жаңа оқу жылы басталғанда 1 қыркүйек күні пайдалануға берілмек.
Облыс әкімінің орынбасары аудандық орталық емхананың мәжіліс залында медицина қызметкерлерімен кездесті. Еркебұлан Әбілханұлы бірқатар дәрігерлердің атына сын айтып, жыл басталғалы бері төрт айда ақ халаттылардың жұмысына байланысты сегіз арыз-шағым түскенін, соған байланысты жауапты тұлғалар жауап беретінін ескертті. Кінәлілерге алдағы уақытта тиісті шара қолданылатынын жасырмады.
Бүгінде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларын қолдау мақсатында ауылда да ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Аудан әкімі Аса ауылынан Алтынсарин көшесі бойындағы №27 тұрғын үйді көп балалы отбасылар үшін сатып алып, жөндеуден өткізіп, пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Еркебұлан Дауылбаев осы сатып алынатын тұрғын үйдің жағдайын көрген соң Бақыт Қазанбасовтың бастамасын құптады.
Осы ауылдағы туберкулезге қарсы диспансердің ғимараты босап қалғаны белгілі. Қазіргі таңда бұл нысанды облыстық денсаулық сақтау басқармасынан аудан әкімдігінің коммуналдық меншігіне алу жұмыстары жүргізілуде. Содан кейін ғимаратты тиімді пайдалану жолдары қарастырылмақ.
Сонымен қатар бүгінде аудан орталығын абаттандыру жұмысын қолға алу үшін жұмыстың эскиздік жобасы жасалған. Осы жобамен танысқан Еркебұлан Әбілханұлы мамандарға жоспардың бір қайнауы кем екендігін айтып, өз ұсынысын білдірді. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары тұрғындармен, аудан активімен кездесіп, бірқатар азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support