- Advertisement -

Қоршаған ортаны қорғау – игілікті іс

67

- Advertisement -

Ел экономикасының қарқынды дамуы индустрияландырумен, жаңа зауыт фабрикалардың көптеп салынуына тікелей байланысты болатыны белгілі. Ал оның қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізетін құбылыстары да бар. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – мемлекеттің басты саясаттарының бірі. Сондықтан қоршаған ортаның ластануының алдын алу күн тәртібіне де өткір қойылып отыр. Осы бағытта облыстық экология департаменті облыс аумағындағы табиғат пайдаланушыларға рұқсат берілген эмиссия нормативтерінің сақталуына зертханалық зерделеу ісін жүргізіп келеді.
Бүгінгі күні «ИСО/МЭК 17025-2007», «СТ РК ИСО/МЭК 17025-2007» және «ГОСТ ИСО/МЭК 17025-2009» халықаралық стандарттары бойынша үш рет аккредиттеуден өткен зертхананың тиісті талаптарға сәйкес өндіріс шығарындылары нормативтерінің сақталуын бақылау бағытында табиғи және шайынды сулар құрамынан – 32, топырақ құрамынан – 11, санитарлық қорғаныш аймағынан – 20, атмосфералық ауаны ластайтын эмиссия құрамынан 13 зиянды заттар көрсеткіштерінің мөлшерін анықтауға мүмкіндігі бар.
Биыл департаменттің сынақ жүргізу зертханасы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен келісілген өзара іс-қимыл жоспарының талдамалық кестесіне сәйкес өңірдегі 55 кәсіпорынның санитарлық қорғаныш аймағының сыртынан 101 сынама алып, 412 талдау жұмысын жүзеге асырды. Зертханалық зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша қоршаған ортаның жоғары ластану жағдайы тіркелген жоқ. Сонымен қатар департамент Энергетика министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен «Қазгидромет» РМК арасындағы өзара әрекеттестік тәртібін бекіту туралы 2018 жылғы 25 мамырдағы №36 бұйрығына байланысты, «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалымен «Қолайсыз метеорологиялық жағдай туындаған кезде мекемелердің санитарлық қорғаныш аймақтарынан» және «Трансшекаралық өзендер мен Билікөл көлінен қатарласа сынама алу» жоспарлары жасалып, қоршаған ортаның ластану деңгейін анықтау бағытында бірлескен зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Бүгінгі күні «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалы Билікөл көліне мониторингті көл жағалауына орналасқан бір бақылау бекеті арқылы жүргізіп отыр. Кәсіпорынның былтыр 5 мамырда осы бақылау бекетінен алынған су сынамасы үлгісінде көл суының оттегіге биохимиялық қажеттілігі 15мг/м3 құрағаны анықталған болатын. Осыған байланысты департаменттің сынақтан өткізу зертханасы Билікөл суының үлкен және кіші айдындарынан су сынамасы үлгілерін алып, талдау жұмыстарын жүзеге асырды. Зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша, үлкен айдынның сол жағалауы мен ортасында судың оттегіге биохимиялық қажеттілігі – 2,4 мг/текше метр болса, кіші айдынның ортасы мен оң жағалауында көл суының оттегіге биохимиялық қажеттілігі 2,0 мг/текше метрді құрады. Бұл бір бекет арқылы көл суының сапасын толық, дәл анықтау мүмкін емес екендігін көрсетеді.
Біздің елімізде өзен-көл суына мемлекеттік мониторингілеу жүргізетін «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қырғыз Республикасының «Қазгидромет» мекемесімен бірлесе Шу, Талас, Қарабалта, Тоқташ, Саргоу, Ақсу трансшекаралық өзендері суына мониторингілеу жүргізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізер болса, департамент зертханасы да зерделеу жұмыстарына мүмкіндігінше атсалыса алар еді. Ал бұл айрықша маңызға ие іс. Қоршаған ортаны қорғау – барша үшін де ортақ міндет екені естен шықпағаны жөн.
Жаһангер НАЗАРБЕКОВ,
облыстық экология департаментінің зертханалық талдамалы бақылау бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support