- Advertisement -

Мәуесі бардың әуесі бар

296

- Advertisement -

Жеміс-жидектер мен көкөністер адам ағзасына пайдасы мол, дәруменге бай өсімдіктер. Осыны ескерген ауданымыздың бірқатар кәсіпкерлері соңғы 10-15 жылдың көлемінде жылыжайда қызанақ, қияр өсіру ісімен түбегейлі айналысуда. Тіпті жекелеген ауыл тұрғындарының да аулаларынан шағын жылыжай салып, дастарқандарынан қысы-жазы көкөніс үзбей отырған жайы бар.Бұл да кәсіп әрі нәсіп. Әсіресе Полатқосшы ауылдық округіндегі ағайындар «диірмен тас та болса, жұртқа жейтін ас береді» деген ұстаныммен диқандыққа ден қойып, көкөніс түрлерін көптеп өсіруде. Округтегі «Талас» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Рамазан Ашировтың жылыжайына барған адамның айрықша әсерге бөленері анық. 2017 жылы басталған жылыжай құрылысы былтыр аяқталып, алғашқы өнімін бере бастаған. Былтыр 1 гектар «жасыл алқаптан» мол өнім алған Рамазан Тофикұлы жылыжайының көлемін ұлғайтып, 2 гектарға жеткізіпті. Оның бірінші бөлігінде қияр, ал екіншісінде қызанақ өсірілуде.
Мұнда бастапқы кезеңде-ақ өндірістік индустриялық инфрақұрылымды дамыту аясында электр мен газ құбырының желісі тартылып, тамшылатып суару жүйесі іске қосылған.
– Жамбыл ГРЭС-і жылыжайымыздан бар-жоғы 1,5-2 шақырым ғана қашықтықта орналасқанымен, бізге электр энергиясы мен «көгілдір отынды» пайдалану құны тым қымбатқа түсіп отыр. Осы орайда аталмыш мекеменің жылу қазандығының құбыр жүйесі біздің жылыжайымыз арқылы жүргізілсе, бұл бізге өте тиімді болар еді, – дейді кәсіпкер өз ұсынысымен бөлісіп.
Қазір мұнда жиын-теріннің бірінші кезеңі басталған. Жылыжай кешенінде 8 жұмысшы тұрақты жұмыс істеуде. Ал науқан кезінде олардың саны екі есеге дейін көбейтілетіні белгілі. Олардың 35-40 мың теңге аралығындағы еңбекақылары да уақтылы беріледі.
Жиын-терін демекші, «жабық алқапқа» жақындағаннан-ақ қызанақ пен қияр иісінің мұрын жара аңқып қоя берерін айтсаңызшы! «Мәуесі бардың әуесі бар» дегеніміз, сірә, осы болар.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support