- Advertisement -

Электронды форматқа басымдық берілуде

109

- Advertisement -

Елбасы «Қазақстандықтардың әл- ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Жалпы, 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электрондық форматқа көшірілуі тиіс» деген міндет қойғаны белгілі. Бүгінде жұрт оның артықшылықтарын жақсы біледі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалының аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі электронды форматқа басымдық беруде. Мекемеде былтыр 118 түрлі құжаттар қабылданса, оның 80 пайызы электронды форматта жүзеге асырылды. Биыл бұл көрсеткіш ұлғая түседі. Ұжымда бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар.
Елімізде «Азаматтарға арналған үкімет» акционерлік қоғамының құрылуына байланысты оның құрамына халыққа қызмет көрсету, зейнетақы орталықтары, жылжымайтын мүлік және жер кадастры бөлімдері енгізіліп, бір ғимаратқа шоғырландырылғаны белгілі. Бұрын біріктірілген мекемелердің мамандары Құлан ауылында көлемі 191 шаршы метр нысанда қысылып-қиналып жұмыс істейтін. Мұның өзі келушілерге де елеулі қолайсыздықтар туғызатын. Өткен айда ұжым аудан орталығындағы заманауи үлгіге сай, көлемі 591 шаршы метр жаңа екі қабатты ғимаратқа қоныстанды. Мұның өзі біздің жұмысымызға тың серпін беруде. Өтініштер жылдам қабылданып, рәсімделіп және құжаттар қысқа мерзімде иелеріне тапсырылуда. Бірқатар келушілердің қажетті құжаттарын үш сағатта әзірлеп, қолдарына ұстатуға күш салудамыз.
Біздің мекемеге келушілер әуелі анықтама бұрышынан кеңес алады. Мамандарымыз тұрғындардың қандай өтініш және мәселемен келгенін сараптайды. Оларды тиісті бөлімдерге жібереді. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 5 түрлі электронды қызмет көрсетіледі. Реттеу залында өтініштер қабылданады, жылжымайтын мүлік тіркеледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы қызмет көрсететін тереземіз бар. Ыммен сөйлейтіндер Нұр-Сұлтан қаласындағы оператормен байланыстырылып, өтініштері қабылданады. Дайын құжаттар бөлімінде жеке құжаттар мен куәліктер беріледі. Сондай-ақ төлемдерді қабылдайтын бөлім бар. Мамандарымыз оқыту бөлмесінде күнделікті жұмысқа кірісер алдында 15 минут білімдері мен біліктіліктерін жетілдіріп, дәріс тыңдайды. Қызметкерлеріміз бір мезгіл тынығып, шай ішетін бөлме де бар.
Келешекте Азаматтық хал актілерін жазу мекемесін бізге біріктіру жоспарлануда. Бұл қанатқақты жобаның іске асырылатын күні де алыс емес. Ол әуелі халыққа тиімді болары анық. Жергілікті тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлудеміз. Мамандарымыз осы мақсатта елді мекендерді аралап, насихат жұмыстарын жүргізуде. Қызметкерлеріміз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйлеріне барып қызмет көрсетеді. Бірқатар азаматтардың біздің мекемеге қайта-қайта келуге мүмкіндігі бола бермейді. Ондай азаматтарға дайын құжаттар поштамен жіберіледі. Өтініш берушілер оны ақшасын төлеп, кез келген жерден алады.
Мекемеде биыл өткен үш айда 20609 өтініш қабылданып, 20478 құжат берілді. Электронды санды қолтаңба беруге 6918 өтініш қабылданды. Ақылы қызмет бойынша 79000 теңгенің 30 шарты жасалды. Тұтынушыларға дайын құжаттарды үйлеріне жеткізу бойынша 5000 теңгенің 10 шарты жасалды. Зейнетақы және жәрдемақы бойынша 1350 анықтама берілді. Басқа да бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Асхат ӘБДІБАЙЫТОВ,
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік
корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік
қоғамының облыс бойынша филиалы
аудандық халыққа қызмет көрсету
бөлімінің басшысы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support