- Advertisement -

Тараздықтар үшін тиімді әрі арзан

52

- Advertisement -

Әдеттегідей өткен сенбі-жексенбі күндерінде де Тараз қаласындағы әлеуметтік сауда орталығында ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы тараздықтарға облыстық әлеуметтік тұрақтандыру қоры мен Тараз қаласы және Байзақ, Қордай, Талас аудандары тауар өндірушілерінің өнімдері ұсынылды. Жалпы саудаға шығарылған тауарлардың жалпы құны – 8,7 миллион теңге. Көлемі 35,7 тонна. Оның ішінде жылқы, сиыр, қой және тауық еттері 4, балық 1,3, бал 0,3, кондитерлік тағамдар 0,5, макарон 1, тұз 0,1, жеміс-жидек пен көкөніс 23,3, сүт пен шұжық өнімдері тиісінше 1,4 және 1 тонна, жұмыртқа 2 мың дана көлемінде.
Жәрмеңкеге Талас ауданындағы «Исақұл» шаруа қожалығы 1,5 тонна сиыр және қой етін, сондай-ақ 0,2 тонна сүт өнімдерін әкелген екен. Шаруашылық басшысы Гүлжаhан Исақұлованың айтуынша, мұндай іс-шаралар өндірушілердің өз өнімдерін тұтынушыларына делдалсыз, тікелей өткеруіне де көп көмегін беріп отыр екен.
– Жәрмеңкеге келушілер көп. Себебі біз ешқандай қоспасы жоқ, табиғи таза өнімдер өндіреміз. Оған деген елдің сұранысы ешқашан төмендемек емес, – дейді қожалық басшысы.
Сондай-ақ, бұл күні Қордай ауданындағы «Жетісу» шаруа қожалығының көкөніс, Байзақ ауданындағы «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-ның құс еті өнімдері де қалалықтардың жоғары сұранысына ие болды.
Осы күні облыс базарларында еттің құны біршама көтеріліп кеткені баршаға мәлім. Соған қарамастан, жәрмеңкеде сиыр етінің килосы – 1250-1400 теңге аралығында, қой еті – 1450, жылқы еті 1700 теңгеге сатылып жатты. Тараз қалалық әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің берген мәліметіне қарағанда, наурыз айында ғана қой етінің әр килосының бағасы 1390 теңгені құраған болса, мамыр айының ортасында ол 1700 теңгеге дейін жетіп, 22,3 пайызға қымбаттағаны тіркелген. Ал сиыр етінің килосы 1700 теңгені құрап, 13,0 пайызға өскен. Қазіргі уақытта нарықтағы қой етінің бағасы – 1650-1700, сиыр еті – 1650-1700, жылқы еті – 1800-2000 теңге аралығында. Бөлім қызметкерлері мал базарлары мен ет сататын сауда орындарында зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Мәселенің мән-жайын білмек ниетпен облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік және мониторинг бөлімінің басшысы Марс Сейдібаевқа хабарласқанымызда:
– Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 8 тонна сиыр еті бар. Сондай-ақ қой, жылқы етінің бағасын шарықтатпау мақсатында алдағы сенбі-жексенбі күндері аймақтағы шаруаларды тарта отырып ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізуді қолға алмақпыз. Ет бағасының көтерілуі маусымдық құбылыс. Қазір мамандандырылған агроқұрылымдар ғана болмаса, қосалқы шаруашылықтар мал бордақыламайды. Жайылымдағы малдың жайы белгілі. Оның үстіне өткен жылы төртінші санаттағы жемдік астықтың әр килосының бағасы 45 теңгеден 60-65 теңгеге көтерілді. Бұл да ет бағасының көтерілуіне өзіндік әсерін тигізбек. Жалпы облыста мал жеткілікті, жыл сайын саны да артуда. Қой етін Қытай, Иран, БАӘ мемлекеттеріне, жылқыны тірідей Қытай мемлекетіне, мүйізді ірі қара малын Өзбекстан мемлекетіне экспорттағанның өзінде ішкі нарықты жеткілікті қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар, – деді ол.

Ерман Әбдиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support