- Advertisement -

Шуда шешімін күткен шаруа көп

56

- Advertisement -

Жыл басында өңір басшысы бекіткен регламентке сәйкес облыс əкімі орынбасарлары да аудандарды аралып, өздеріне қатысты салалар мен нысандардың жай-күйімен тереңірек танысуы тиіс. Осыған байланысты ауданға арнайы келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жұмыс сапарын Көкқайнар ауылдық округінен бастады. Бекболат Серікбекұлы ауылдық әкімдіктегі «Е-Халық» ақпараттық жүйесінің жұмысымен танысты. Төртінші деңгейлі бюджет арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қанық болды. Сондай-ақ Көкқайнардағы учаскелік полиция тірегінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы да назардан тыс қалмады. Айта кету керек, мұнда полиция қызметкеріне тиісінше жағдай жасалынбаған. Шоқпар, Көкқайнар сынды аудан орталығынан шалғайда жатқан ауылдардағы сала мамандарына әлі күнге баспана да берілмепті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары ауылдық мектептегі №429 учаскелік сайлау комиссиясы орналасқан мекен-жайдың материалдық жабдықталуына баса мән берді.Бекболат Серікбекұлы аудан іргесіндегі Белбасар ауылдық әкімдігінің кеңсесінде ауыл ақсақалдарымен кездесіп, олардың талап-өтініштерін тыңдады. Кеңесбек Дуанбаев көшенің түнгі жарықтандырылуы, ауызсу мен медициналық пункттер жұмысына қатысты мәселелерді алға тартып, көмек сұрады. Осы ауылдағы «Белбасар» спорт кешенінің қазығы өткен жылы қағылған болатын. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 2696 шаршы метрді қамтиды. Мұндағы әмбебап спорт залында ауыл жастарының кіші футбол, волейбол және баскетбол ойындарын ойнауларына мүмкіндіктері бар. Ал екінші қабатқа бокс, күрес және ауыр атлетика залдары орналастырылады деп күтіліп отыр. Спортшылардың киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелерінің барлығы да халықаралық стандартқа сай.
Жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын елімізге белгілі «SHEBERBUILD» компаниясы жүргізуде. Кешеннің осы ауылдың тумасы Болат Сауранбаевтың демеушілігімен бой көтеріп жатқанын да айта кеткен жөн. Құрылыс жетекшілерінің айтуынша, құрылысшылардың басым бөлігі жергілікті жерде тұратын азаматтар. Екінші жартыжылдықта пайдалануға берілетін нысанда қазір ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Спорт кешенінің жұмысымен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары спорт басқармасының мамандарына ауылда, қалада болсын аула спорты алаңшалары санын көбейтуге басымдық берілуі керектігін қадап айтты.
Шу қаласындағы «Шу-жылу» мекемесінің жұмысымен танысу барысында да бірқатар мәселелер пысықталды. Жылу энергиясын өндіру, жөнелту және оны тасымалдаумен айналысатын кәсіпорын қаладағы жүздеген нысандар мен тұрғын үйлерге үздіксіз қызмет көрсетеді. Мұндағы жылыту қазандықтары өткен жылы ғана қатты отыннан табиғи газ пайдалануға көшірілген. Осылайша ондағы КЕ-25/14С маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін BOSCH маркалы UNIMAT UT-L46 су қыздырғыш қазандарына ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Облыс әкімінің орынбасары өз кезегінде аталмыш мекеменің басшысы Руслан Көккөзовке жылыту маусымында резервте тұрған қатты отынға арналған құрылғыны да пайдалана тұру керектігін ескертті. Бұл ұзақ жылдар бойы қатты отынмен жұмыс істеп келген қазандықты қаз-қалпында сақтап қалуға септеспек.
Келесі кезекте Шу қаласының батыс бөлігіндегі шағын аудан тұрғындарын электр қуатымен қамтамасыз ететін «Жайсан» тұрғын үй алқабының 35/10 қосалқы станциясының жай-күйі сараланды. Білуімізше, алғашында бұл станцияның қуаттылығы қаланы жарықпен қамтамасыз етуге толықтай қауқарлы болған. Десе де бүгінгі күні Шу қаласы күннен-күнге өркендеп, халықтың әлеуметтік жағдайы артқан сайын, тиісінше электр қуатына деген қажеттілік те арта түскен. Электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық техникалар да көбейіп, осыдан ширек ғасыр бұрынғы жарыққа деген қажеттілік қазір екі есеге дейін өсіп отыр. Осыған байланысты оның қуаттылығы қаланы түгел қамтуға жетпейтіндіктен, Шу қаласында тағы бір қосалқы станция салу қажеттілігі туындаған. Мәселе шешімін таппағандықтан, бұның зардабын 40 мыңға жуық қарапайым тұрғындар шегуде. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мәселе көтеріліп, «Дайана ПКФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қосалқы станция соғуды қолға алған. Ол үшін облыс қазынасынан 52 миллион 748 мың теңге бөлінсе, аудандық бюджеттен 474 миллион 732 мың теңге қарастырылған. Өкініштісі, бұл нысанды салуды өз жауапкершілігіне алған жауапты мердігер жұмысты толық аяқтамай, әлі күнге созбалаңға салып келеді. Тіпті аталмыш мердігер басшыларына қылмыстық іс те қозғалған. Бұл бағыттағы жұмыстарды жан-жақты саралап көрген Бекболат Серікбекұлы аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаевқа нақты тапсырмалар жүктеп, оларды жуық арада шешу керектігін айтты. Одан кейін Шу қаласында орналасқан «Қайрат» стадионы мен №14 өрт сөндіру бөлімінде болып, аудан орталығындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, сондай-ақ Жұмыспен қамту орталығының да жұмыс барысымен танысты.
Аудандағы бірқатар нысандарды аралап шыққаннан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиын өткізді. Оған бірқатар басқармалар мен бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшыларының есептері тыңдалды. Бекболат Серікбекұлы аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев пен аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлының сылбыр жұмысын сынға алып, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштердің көңіл көншітпейтінін баса айтты. Ауданға жаңадан әкім болып тағайындалған Жарылқасын Айтақовқа жиын барысында айтылған барлық мәселелерді жіті назарда ұстауды тапсырды.

Ерғали Қартайған
Шу ауданы.

Суретті түсірген
Петр Норкин.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support