- Advertisement -

Көне тараз шеберлерінің өнері көңілден шықты

62

- Advertisement -

Алтыбақан ойнаған, қыран бүркіт баптаған…

Тарихы мыңжылдықтардан тамыр тартқан Тараз – тектілердің тұрағы. Бүгінімен қатар шаһардың ықылым замандағы келбеті де құнды, қастерлі. Елбасымыздың «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деген сөзі барша жамбылдықтарды ризашылыққа бөлесе, ол кешегі күндерге берілген әділ баға дер едік. Тараздың байырғы тарихын қазақы құндылықтардан қашықтата алмаймыз. Біз оны «Төрткүл» кешенінде өткен «Көне Тараз шеберлері» атты халықаралық жобаның ашылу салтанатында тағы бір сезіне түстік.Бұл күні «Төрткүлге» қазақ халқының барлық құндылығы, болмысы, дәстүрі көшіп келгендей әсерге бөлендік. Ақшаңқан киіз үйлер алты қанат ақ ордадай асқақтайды. Оның әсем боялған басқұрлары, туырлығы, белбаулары, ірге бауы, шаңырағы сән-салтанатымен қызды ауылдың көшіндей көз тартады. Киіз үй – қазақтың қасиеті, қадірлі мұрасы. Қасында алтыбақан алаңы, күймелер тізбегі орналасыпты. Онда қазақша киінген бозбала мен бойжеткен алтыбақан теуіп, балғын балалар күймені қызықтап жүр. Енді бір үйдің маңайында асық ойынының бәсі қызған екен. Бұл балалардың жанында асық ойынының жанашыры Бауыржан Бисенбиев жүр. Сәл әріректе шекемтас ойнап отырған, шолпысы сыңғырлаған қыздарға жолықтық. Қысқасы, ұлттық рухымыз асқақтаған күн болды. «Мен – қазақпын, бойымдағы қан – қазақ!» деп ішімізден сан қайталап, мерейіміз өсті. Бір киіз үйдің тұсынан қыранын тұғырына қондырған жігіттерді кездестірдік. Бұлар Жамбыл ауданындағы атақты құсбегі Бауыржан Ешметовтің немерелері Тұрнияз бен Шернияз екен. Олардың да жүздерінен өз халқына деген құрметті, құс баптау өнеріне деген шексіз қызығушылықты байқадық. Аса ауылындағы Айгүл Разақова басқаратын «Айналайын» қоғамдық бірлестігі де бірнеше киіз үй тігіп, ұлттық қолөнер бұйымдарын әкеліп, «Төрткүлдің» сәніне сән қосыпты. Жамбыл ауданындағы М.Төлебаев атындағы музыка мектебінің қобызшы, домбырашы шәкірттері де осында. «Біздің музыка мектебі ұлттық өнерге ерекше мән береді. Қазіргі таңда қобыз аспабынан республикалық байқаудың жүлдегерлері Аққалқа Ақанай, Ақерке Исан, Айша Әбдіәріппен, облыстық байқаудың жүлдегерлері Әсел Сәбденова, Аружан Бескемпірмен, домбырашылар Нұрдәулет Әлімқұл, Нұрзат Рахманберді, Бағдат Жанатбек, Нұрсұлтан Келгенбаймен мақтанамыз», – дейді аталған мектептің директоры Сарбиназ Қосанова.
Мұнда тараздық 13 жасар оқушы Ырыс Аманбайдың да қолөнер бұйымына көзіміз түсті. Ол қолғап, бесіктің бұйымдарын, түрлі кесте, ойыншықтар тігіп әкеліпті. Тіпті Ердәулет Бексұлтан Шымкент қаласынан арнайы ат шалдырған. Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде сабақ береді екен. Әкелген ұлттық бұйымдары көз тартады. Түркістан облысы Түркістан қаласынан келген қолөнер шебері Бибіхан Мұсабековаға да риза болдық. Ол киіз үйдің ұлттық нұсқасын, түйе, жылқы бейнелерін көпшіліктің назарына ұсыныпты. Тұмарша, ұлттық бас киімдер, ұлттық киімдер, моншақтар да әсемдігімен көз тартады. «Осындай халықаралық іс-шараға үлес қосқаныма қуаныштымын. Қасиетті Түркістаннан келдім. Мыңжылдық тарихы бар Тараздың кереметтеріне таңданып жатырмыз. Еліміз осындай бейбіт жолмен өркендей берсін», – дейді қалалық қолөнер мектебінің оқытушысы Б.Мұсабекова.

Германиядан келген мейман қазақтың қобызына қол соқты

Бұл халықаралық жобаны облыс әкімдігі туризм басқармасы ұйымдастырып отыр. Шараны облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков сөз сөйлеп ашып, барша қастерлі құндылық қазақтың өнерінде, табиғат ғажайыптары қазақтың даласында екенін толғана жеткізді. Мұнан соң сөйлеген облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова «Төрткүлдің» тынысы қазақы құндылықпен ашылатынын айта келіп, өзге облыстардан және шет мемлекеттерден келген қонақтарға алғысын білдірді.
Мұнан соң Германиядағы «WIEGA» халықаралық қауымдастығы директорының орынбасары Карин Папе, Болгария елінің өкілі Виоета Златева сөз сөйлеп, қазақтың қастерлі құндылықтарына, Тараз шаһары туризмінің мәйегі екеніне, Жамбыл жерімен достық, туристік байланысты дамытуға ынталы екендеріне тоқталды. Сондай-ақ олар жобаны ұйымдастырушыларға сыйлықтарын тапсырды. Соңыра Қазақстан қолөнер шеберлері одағының өкілі Айгүл Жансерікова, «Рысбаева және К» компаниясының директоры Сәуле Рысбаева, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан Қуаныш Дәуренбеков сөз сөйлеп, шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған азаматтарға алғыс білдірді.
Кейіннен Жамбыл ауданындағы М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің «Илигай» қобызшылар, «Көкіл» домбырашылар ансамбльдері, Тараздағы «Асыл арман» қоғамдық бірлестігінің бишілер тобы және әншісі Балауса Оралбаева өнер көрсетіп, көпшіліктің құрметіне бөленді. Әсіресе шетелдік қонақтар қазақтың қобызы мен домбырасына сүйсініп, ұзақ қол соқты.
Бұл шара Тараз төрінде туризмнің дамуына жол аша түсті. Жоба алдағы айларда жалғасып, әр сенбі сайын «Төрткүл» кешені қазақы құндылыққа малынып, рухымызды асқақтатып тұратын болады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support