- Advertisement -

Жемісті жұмыстар жалғасын табады

73

- Advertisement -

Мәдениет, архивтер саласында мақсатты индикаторларға қол жеткізіп отырғанымыз – жүргізіп жатқан нәтижелі жұмыстарымыздың жемісі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында 2019 жылдан бастап тың жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық ақындар айтысы, «Әулиеата бояулары» І халық шығармашылығы фестивалі, «Ғибратты өнер керуені» мәдени-әлеуметтік жобасы, облыстық «Taraz симфониясы» классикалық және «Талас толқындары» атты І облыстық музыкалық өнер, «Көне Тараз күмбірі» атты І республикалық этнофольклорлық фестивальдері өткізілді.Биылдан бастап облыстың тарихы мен рухани мұрасына арналған тарихи және шығармашылық бағытта «Тараз кітапханасы» сериясымен көптомдық кітаптар жинағын шығару жұмыстары қолға алынды. Аталған жоба Әулиеата өңірінен шыққан рухани дүниелерді, олардың авторларын, яғни ұлт перзенттері мен ақын-жыршы, батырлардың есімін ұрпақ жадында жаңғырту, ғылыми еңбектерде, газет-журналдарда, архивтерде сақталған әдеби құндылықтарды қайта парақтап, қалып бара жатқан мәдени мұраларды (жыр-дастан, айтыстар т.б.) кітапқа енгізуді көздейді. Облысымыздың 80 жылдығына орай биыл көптомдықтың 80 томы шығады. «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша (былтыр) «Әулиеатаның киелі жерлері» (карта, кітап-альбом шығару) жобасын іске асырып, тұсаукесерін өткіздік. Нәтижесінде облыс көлеміндегі орналасқан ескерткіштерден ерекшелігі мен құндылығына қарай киелі орындар зерделеніп, қазіргі таңда қасиетті нысандар тізімі 53-ке артты. Әлеуметтік желі қолданушылар үшін облыстағы қасиетті орындарды танып білуге қолжетімділік жоғарылады.

«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысының іріктеу кезеңі әр ауданда өтті. Іріктеуден өткен үздіктері аудандық кезеңге, одан озғандары облыстық ақындар айтысында өнер көрсетті. Өңірімізден республикалық додаға 8 ақын жолдама алып, бюджеттен қаражат бөлініп, жаңа костюмдер тіктірілді. Ақындар айтысын белгілі ақын, журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді. Дуы бөлек бәсекеде жамбылдық жас айтыскерлер Қанат Мырзахан, Асхат Қылышбек, Дархан Әбдіманаттың жоғары деңгейде өнер көрсеткені қуантты. Бұл – Ахметжан Өзбеков, Айтмұханбет Исақов, Ербол Қамбатыров секілді айтыс тәлімгерлерінің еңбегінің жемісі.
«Әулиеата бояулары» І халық шығармашылығы фестивалі «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында облысымыздың көркем табиғатын, тарихи орындарын фото және пейзаж тілінде сөйлетуге бағытталған. Онда «Жамбыл облысының тарихы», «Жамбыл облысының табиғаты» тақырыптары қамтылады. Фестивальдің іріктеу жұмыстарына барлық ауылдық округтерден бейнелеу өнері, фотосурет, қолөнер номинациялары бойынша 300-ге жуық үміткер қатысты. Фестивальдің шешуші кезеңі 29 мамыр мен 5 маусым аралығында өтіп, плэнер қатысушылары өңірдің әсем табиғатын бейнелеу үшін алдын ала бекітілген бөлініске сәйкес аймақтарға жіберіліп, шығармашылықпен айналысады. «Taraz симфониясы» классикалық өнер фестивалі «Аспапта орындау» (саксофон, баян, аккордеон, фортепиано, гитара, соқпалы аспаптар) және «Вокал» аталымдары (классика-романс, джаз, эстрада) бойынша 4 кезеңде өтуде. Облыстық ақтық кезеңге 85 үміткер жолдама алды.
«Ғибратты өнер керуені» мәдени-әлеуметтік жобасы аясында облыстың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесі, депутаттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, діни басқарма имамдары, жастар орталығының мамандары, блогерлер, БАҚ өкілдері, өнерпаздар, ақындар және мәдениет қайраткерлері барлығы 100 адамның құралған керуен облыс орталығынан алдын ала бекітілген кесте бойынша ауыл аймақтарға жол тартуда. Әр ауданның ірі екі елді мекенін қамтып, ауыл тұрғындарына «Салт-дәстүрлердің жастарға дұрыс тәрбие берудегі рөлі», «Түрлі тойлардың, салтанаттардың, басқа да шаралардың тағылымдық-тәрбиелік мән-маңызын арттыру – парасатты парызымыз», «Дін – тәрбиенің рухани тірегі», «Дәстүр мен жаңашылдық жасампаздығы және жастар бастамашылдығы», «Қариялар мен жастар. Рухани жаңғыру және туған жер» атты тәрбиелік мәні бар түрлі тақырыптарда баяндама оқылып, ашық әңгіме айтылуда.
«Талас толқындары» музыкалық өнер фестивалі мәдени шығармашылықты қолдау және ілгерілету, жергілікті композиторлар мен ақындардың туындыларын насихаттау, өнерпаздарды рухани адамгершілікке, сахналық шеберлікті арттыру, облыстың музыкалық мәдениетінің бай мұрасын сақтап қалу және дамыту үшін жергілікті композиторлар мен дәстүрлі және классикалық музыка орындаушыларын, дарынды халық орындаушыларын қолдау, би өнерінің заманауи үрдістеріне сай келетін өзіндік болмысын қалыптастыру, жаңа ұжымдарды құруды көздейді.
Фестиваль мазмұны мен өткізілетін мерзіміне қарай ауқымы кең бірнеше конкурстардан тұрады. Атап айтсақ, дәстүрлі әнші, аспапта орындаушылық, хореографиялық, эстрадалық ән орындаушылық (классикалық, акапелла) жанрлары қамтылған.
Республикалық «Көне Тараз күмбірі» этно-фольклорлық ансамбльдер байқауы Тараз қаласында 29-30 маусымда, ал қорытынды гала-концерті 1 шілде ұлттық домбыра күні өтеді. Байқау бабалар мұрасын қайта жаңғырып, облыстан шыққан композиторлардың туындыларын насихаттап, этно-фольклорлық ұжымдардың шығармашылық қарым-қатынасын қалыптастырып, тәжірбие алмасуға ықпал етері анық. «Көне Таразды» айшықтайтын күйлер жинағын топтастыру, Жетісу әндерін жаңғырту, облыс деңгейіндегі этно-фольклорлық ансамбльдерді қолдап, ұлттық домбыра күнін ұлықтау – басты мұрат.
Облыс әкімі елді мекендерде «Цифрландырылған ақпараттық орталықтар» құру жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен. Онда жыл соңына дейін 59 орталық ашылу көзделген. Аталған жұмысты жетілдіру бағытында кітапханашы мамандарға арналған семинар-тренингті, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары ұйымдастырады. Цифрландырылған ақпараттық орталықтарда көрсетілетін қызметтерді басқару және іске асыру үшін бір орталық жүйеге қосылған «cao-zhambyl» сайты ашылды. Осы сайт арқылы облыстың барлық тұрғындарына әр сала бойынша күнделікті тұрмысқа қажетті қызмет түрлері көрсетіліп, қажетті ақпараттар берілуде.
Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымы түрлі тақырыпта, оның ішінде мерекелік шараларға 85 концерт ұйымдастырып, 17 200 көрермен қамтылды. «Ақкербез» би ансамблі Біріккен Араб Әмірліктерінің Әбу-Даби қаласында өткен мәдени фестивальге қатысып, өнер көрсетіп қайтты.
Облыстық орыс драма театрының ұжымы 8-12 сәуір аралығында Алматы, Талдықорған қалаларына гастрольдік сапарға шығып, Ю.Жигульскийдің «Золотой ключик» ертегісі, Е.Дубовиктің «Я хочу домой!» музыкалық драмасы, «Сеньорита Рита» комедиясын көрермен назарына ұсынды.
Облыстық қазақ драма театрының бір топ шығармашылық ұжымы 14-18 сәуір күндері Ақтөбе қаласында өткізілген халықаралық театр фестивалінде Б.Жандарбековтің «Томирис» экспериментальді драмасын көрсетіп, «Тарихи тақырыптағы үздік қойылым» аталымына ие болды.
Қазіргі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштердің сандық көрсеткіші 3368-ді құрайды. Оның ішінде: 741 тарихи – мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған. Мұның 711-і жергілікті, 30-ы республикалық дәрежедегі ескерткіштер, ал оның 5-еуі ЮНЕСКО-ның «Бүкіл әлемдік Мәдени Мұра» тізіміне алынып, халықаралық дәрежедегі ескерткіштер мәртебесіне ие болған. Ал қалған 2626 тарих және мәдениет ескерткіштері алдын ала тізімге алынған.
Бұл қыруар жұмыстың бәрі – әр ауыл, елді мекендегі мәдениет саласының белсенді қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі. Сондықтан төл мерекемізде сала қызметкерлерін шын жүрегіммен құттықтап, зор табыс тілеймін. Әріптестерімізбен бірге алдағы уақытта да өңір мәдениетін дамыту жолында тер төге беретін боламыз.

Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support