- Advertisement -

Көне көліктерге «жан бітірген» Мейірхан

106

- Advertisement -

Күні кешегі 9 мамыр – Жеңіс күнін Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғындары ерекше көңіл-күйде атап өтті. Ерекше дейтін себебіміз, еліміздегі ретрокөліктерді құрастырумен айналысатын бірден-бір автошебер Мейірхан Кәрібаев сонау Алматы қаласынан 1940 жылы шығарылған, ел ішінде «вильс» деген атаумен белгілі болған «Газ-67» көлігін айдап келіп, ауыл тұрғындарына тың тарту жасады. Мейірхан Баймаханұлы өзімен бірге белгілі режиссер Ермек Тұрсынов түсірген «Шал» фильміндегі басты рөлді сомдаған Ерболат Тоғызақовты ерте келіпті. Осы күні қарапайым ауыл тұрғындары көне көлікті тамашалап, белгілі актермен шүйіркелесіп, бір жасап қалды. Ал біз үшін айтулы автошебердің өзімен сұхбаттасудың сәті түсті.– Мереке күні Алматыдан ауылға арнайы атбасын бұрып келуіңіздің бір себебі бар-ау шамасы…

– Әрине. Соғыс жылдары осы «Бірлесу-Еңбек» колхозының төрағасы, ҰОС ардагері, ауыл аймаққа сыйлы Әбсаттар Тойболов дейтін азамат болған еді. Мына мен мініп келген «Газ-67» сол кісінің 1941-1945 жылдардағы қызметтік көлігі. Ол туралы біраз жыл бұрын қарияның үлкен ұлы Әбдірәсіл ағадан естіген едім. Бірден елең етіп, сұрастырып, көне көліктің Тараз қаласындағы бір үйде тұрғанын білдім. Нақты мекен-жайын ол да тап басып айта алмады.
Мына, қызықты қараңыз! Таразға тағы бір келгенімде, темір жолдың арғы бетіндегі бір туысымның үйіне қонаққа бардым. Аулада үсті бүркеулі тұрған көлікке көзім түсе кетті. Бұл соның тап өзі еді! Оның мұнда қалай келгенін біле алмадым. Бірден сат деп, қолқа салдым. Бірақ туысым «Немерелеріме мұра болып қалсын. Сатпаймын» деді. Кейін ол кісі де өмірден озып кетті. Осыдан бір жарым жыл бұрын балаларынан көлікті сатып алдым, ақыры. Ол өз кезінде «әскери көлік» болып есептелген. Бірден керек-жарағын түгендеп, қалпына келтіруге кірістім. Ойдағыдай жинап шықтым. Жеңіс күнінде Әбсаттар Тойболовтың ұрпағы аталарының соғыс жылдарындағы ерлігін ұлықтасын, әрі колхоз төрағасы болып тұрған жылдарда мінген көлігін көрсін деген ниетпен ауылға айдап келдім. Жаныма актер Ерболат Тоғызақовты ерте келуімнің де себебі бар. Біз ауылдықтар арасында серпін туғызуға, жастарды патриоттылыққа тәрбиелеуге тиіспіз.
– Жалпы, көне техникаларды қай кезден бері жинай бастадыңыз?
– Мұны «ермегім» десем де болады. 1989 жылдан бері ерекше техникаларды жинауды қолға алдым. Қазақтың қай-қайсысы да бала кезінен техникаға құмар болып өскен ғой. Көне техникалардың дені бүгінде қолданыста болмағандықтан, металл қалдығы ретінде қоқыста жатады. Ал мен оларды кәдеге жаратамын. Еліміздің әр аймағынан іздеп тауып, сатып аламын. Бүгінгі күні коллекциямда алды 1930 жылы шығарылған 30-ға жуық көлік бар. Бұл көліктердің барлығы елімізде түсіріліп жатқан тарихи киноларға «қызмет» етеді. Мысалы, 1937 жылы шыққан, ел ішінде «қара қарға» деген атауға ие көне көлік бар. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында «халық жауы» атанған азаматтарды осындай көлікпен түн ішінде алып кетеді екен. Содан кейін ғой халықтың оны «қара қарға» деп жүргені. Бұл көлік «Аманат», «Жат», «Бауыржан Момышұлы» фильмдерінде пайдаланылды.
Ал 1950 жылы шығарылған «Победа», «Волга» жеңіл автокөліктері режиссер Рүстем Әбдірәштің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірген «Елбасы жолы» фильміне «қатысты». Режиссер Сәбит Құрманбековтің Қытай Халық Республикасы режиссерлерімен бірлесе түсірген «Композитор» фильміне 1940 жылы шығарылған көне «полуторка» автобусы түсірілді. Сондай-ақ «Шала қазақ» фильміндегі төрт мотоциклдің бәрі де менің жеке коллекциямнан алынды. Ал ең көне техникалар қатарында, 1937 жылы шығарылған «М-1» көлігі мен 1937 жылы құрастырылған екі вагон бар. Вагондарды Қазалы стансасынан алдырттым. Бұдан бөлек коллекциямда 1950 жылы шығарылған «Москвич-407», 1940 жылғы «Газ» жүк көлігі, 1973 жылғы американдық «Форд стейшен» автомобильдері бар. Соңғысын той кортежіне сұраушылар көп.
– Байқаймын, көне көліктердің өзі бір музей ғой…
– Иә, келешекте ретрокөліктер музейін ашуды жоспарлап отырмын. Өйткені еліміздің түкпір-түкпірінен келіп тамашалайтын азаматтардың қатары қалың. Сондай-ақ бүгінде «Ретро Алматы» қоғамдық бірлестігінің төрағасымын. Алматыдағы бүкіл шараларға қатысу құқын алғанмын. Ал биыл Тараз қаласында Қырғыз және Өзбекстан мемлекеттеріндегі көне техникалар жинайтын коллекционерлердің қатысуымен арнайы көрме өткізсем деп отырмын. Бірақ қаржы қолбайлау болып тұр.
– Әңгімеңізге рахмет!

 

Ерман ӘБДИЕВ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support