Тарих құндылықтары бәрінен қымбат

2017 жылдың 12 сәуірінде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ойлы әрі көлемді бағдарламалық мақаласы жарық көргені белгілі. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың қатарында. Сол себепті «Цифрлық Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», деп жазады Нұрсұлтан Әбішұлы мақаласында.Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейліктің сақталуы, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның дамуы, сананың ашықтығы әр қазақстандыққа тиесілі ұғымдар. Аталған бағдарлама жайдан-жай туындаған жоқ. Бұның негізі егемен еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қаланған. Онда Ұлт Көшбасшысы: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» деген болатын. Сондай-ақ біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті, біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты. Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін, тарихын тануды дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыру – басты мақсат.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы – ұлттың тағдыры, баршамызға жүктелген міндет екеніне баса назар аударып, жаңғырудың жаңа қазақстандық моделінің көрінісін айшықтап берді. Бұл бағдарлама екі жылдан бері жүзеге асырылып, аудан көлемінде де «Рухани жаңғыру» жобалық офисі құрылып, игі істер атқарылуда.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру бойынша «Атамекен», «Рухани қазына» және «Тәрбие және білім» кіші бағдарламалары аясында биыл 11 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
Рухани жаңғыру – тарихымызды жаңғырту. Аудан тарихын жаңғырту оның тарихи жерлерін танытудан басталады. Ауданның қасиетті, киелі жерлерін, сакралды нысандар туралы ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу, зерттеу, оған ғылыми ортаны тарту; нысандарды қоғам назарына ұсыну бағытында ауқымды шаралар жүргізілуде. Туған өлкенің тарихын зерттеуге үлес қосып, еңбек етіп жүрген өлкетанушыларды қолдау мақсатында республикалық «Туған жер» қазақстандық өлкетанушылар қоғамдық бірлестігінің құрылуына орай Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының тарихын зерттеуге үлес қосып, еңбек етіп жүрген өлкетанушылар Бекқұлы Әліұлы, Сейсенбай Қожеке елордадағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп жұмыстар атқаруда.
Өлке тарихын таныстыруда ауданда облыстық органдармен бірлесе жұмыстар атқарылып, тың жобалар іске асуда. Биыл «Қазақстанның киелі құндылықтары» тақырыбында Ашық есік күні өткізіліп, археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлерді насихаттау мақсатында «Көне Тараз көмбелері» атты көшпелі көрме ұйымдастырылды. Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде мектеп оқушылары арасында байқау өтті. Бұл шараларды жүзеге асырудағы басты мақсат аудан жұртшылығына қазақстандық патриотизм мен ұлттық құндылықтарды дамытуда өлке тарихын таныстыру, аймақтың киелі жерлерінің дамуын насихаттау; қазақ қоғамының тарихи санасын ояту, аймақтың мәдени дамуын насихаттау болып табылады. Нәтижесінде жастарды тарихи жерлермен таныстыру, дәріптеу, өткен тарихты жаңғырту бойынша материалдар қорын жасақтау жұмыстары жолға қойылмақ. Жуырда ғана Қорағаты ауылдық округінің тарихы ардагер-ұстаз Доғдыркүл Есіркепованың бастамасымен арнайы кітапша болып басылып шықты. Осындай ауыл-аймақ тарихы Құмарық, Жаңатұрмыс, Қарақат, Өрнек ауылдарында жазылып, жас ұрпаққа өткен тарихи оқиғалар мен ауыл әлеуетінің артуына үлес қосқан азаматтарды таныту шаралары жалғасуда.
Аудан, өлке тарихын өзгелерге таныстыруда ақпараттық-насихат жұмысының да алар орны ерекше. Аудандық «Qulan tany» газетіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары бойынша арнайы айдарлар ашылып, медиа-жоспар бекітілген. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын ілгерілету бойынша жергілікті, облыстық, республикалық БАҚ беттерінде бүгінгі күнге дейін 60 мақала жарияланды. Аудандық «Qulan tany» газетінің жанындағы «Киелі өңір» атты қоғамдық-танымдық қосымша бетіне түрлі айдарлармен мақалалар жарық көріп, тарихи орындар мен киелі жерлер, танымал тұлғалар, ауыл тарихы мен ел-жер атауларының шығуы туралы танымдық мақалалар жұртшылық назарына ұсынылуда.
Ел тарихы жер тарихын біліп, танудан басталады. Ауданда ежелден-ақ белгілі болған тарихи жерлер мен қаситетті орындар көптеп саналады. Сондықтан тарихи орындар мен сакральды жерлерді, қасиетті мекендерді халыққа таныту – бүгінгі күннің басты жұмысы. Бұл бағытта «Жас өлкетанушылар экспедициясы» мен өлкетанушы, тарихшы, шежіреші азаматтардың белсенді жұмыстары өз нәтижесін беруде. Ауданда орналасқан сакралды жерлер картасы жасалып, насихаттау жұмыстары басталды.
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясына Т.Рысқұлов ауданында орналасқан қасиетті жерлерден «Бала есепші ата», «Әулие Топағаш», «Шал тауы», «Ойранды» жері, «Әулиебұлақ», «Дулат баба» кесенесі, Ежелгі Құлан қалашығы, Ежелгі Өрнек қалашығы, «Сұмқайты» тарихи орны кіреді. «Рухани жаңғыру» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Әулиеатаның қасиетті жерлері» сайты мен кітап-альбомына Жамбыл облысы бойынша 53 нысан, оның ішінде Т.Рысқұлов ауданынан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген Құлан, Өрнек қалашықтары, Әбілқайыр даласы, «Сұмқайты», «Ойранды» далалары енгізілді.
Тұңғыш Президент-Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында да өлке тарихын танытуда аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен жастар мен оқушыларға түрлі ауқымды шаралар өткізіліп келеді. Ауданның қосымша білім беру мекемелерінде «Өлкетанушылар экспедициясы» тұрақты жұмыс атқарып, биылдың өзінде 1200-ге жуық оқушы түрлі мәдени, тарихи, киелі жерлерге саяхатқа барып, өлке тарихымен танысты.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда соңғы екі жылда 809 миллион теңгеге әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне берілді. Өткен жылы Т.Рысқұлов ауданының құрлығанына 80 жыл толуына орай өңір тарихын танытатын 80 іс-шара өтіп, 200-ге жуық мақала жарияланды. «Жаңарған өңір», «Киелі құт мекен» атты кітаптар жарық көрді. Ол еңбектер аудан, ел-жер тарихы танымдық-ақпараттық негізде халық назарына ұсынылды. Өткен тарихты таныту, тау тұлғалар мен өлкеден шыққан танымал азаматтарды өзгелерге таныту жұмыстары алдағы уақытта да орындала береді.

Ерболат САДЫРҚҰЛОВ,
аудан әкімі.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

микро займ на карту