Қаржы қатаң бақыланып, тиімді игерілуі тиіс

Кеше облыстық әкімдікте өткен жиында ағымдағы жылдың төрт айының қорытындысы мен өзге де бірқатар мәселелер сөз болды. Онда алдымен 2020 жылға бюджетті қалыптастыруға қатысты жобалық-сметалық құжаттардың дайындығы қаралып, облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров хабарлама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні облыс бойынша 368 жобалық-сметалық құжаттаманың 278-і құрылыс басқармасына тиесілі екен. «Оның ішінде бақылаудан алынғаны 173 жоба. 44-і мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке тиесілі. 63 жоба бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары басталды. Оған қаржы қаралған. 49 ауызсу бойынша жоба облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына берілді. Ал бақылауда 105 сметалық-жобалау құжаттамалары бар. 9,2 миллиард теңге қаржыны үнемдеп отырмыз. Мерзімі аяқталған 105 жоба бойынша аудандарға іс-шаралар бекітіліп берілді. Енді олар алдағы екі айдың ішінде 2018 жылға дейінгі сметалық-жобалық құжаттамаларды бітіруге міндетті. 2019 жылы 144 жобаның жетеуі іске асу керек болса, 2020 жылы 53 жоба, 2021 жылы 68 жоба жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі күні аудан әкімдері осы жобалардың сметалық құжаттамаларын дайындауда ҚР Үкіметінің 50 қаулысының 15/2 тармағын бұза отырып, кешіктірулерге жол беруде», – деді басқарма басшысы. Ал бұдан кейін облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров пен облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Махашев салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын тілге тиек етті. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүргізілетін құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарының дайындығы туралы баяндаған облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова жоба аясында Жамбыл облысына 2,77 миллиард теңге бөлінгенін, оған алдын ала аймақта 163 перспективалы ауылдар тізімі бекітілгенін айтып өтті. Биыл 3 аудан орталығы белгіленіп, онда 104 жоба іске асырылатын болады. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына 2020-2021 жылдарға 12 ауыл ұсынылыпты. Жиында 2019 жылғы қаңтар-сәуірдегі облыс бюджетінің орындалуы және бюджетті игеру барысында орын алатын кемшіліктер туралы айтып өткен облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева жартыжылдықтың қорытындысымен олқылыққа жол беріп отырған аудан әкімдері мен басқарма басшыларына шара қолдану керектігін айтты. Бұдан бөлек өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» жобасының іске асырылуы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және олардың жұмысын дамытуды үйлестіру туралы облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев пен Инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының директоры Дамир Егізбаев баяндап берді. Облыста ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау бойынша арнайы жұмыс тобы бекітілген. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажетті жабдықтарды алуға 1,5 миллиард теңгеге өтініш түсіпті. Жалпы, аталған саланы өркендету бойынша жасалған сараптама бойынша 6,1 миллиард теңге қаржыландыруға жұмсалады екен. Сонымен қатар басқосуда облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев аудан әкімдіктері мамандарының біліктілігі бойынша жасалған сараптамамен таныстырып өтті. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асқар Исабекұлы жобалық-сметалық құжаттарды сауатты рәсімдеу, оның өзекті жолын табу аудан және қала әкімдерінің басты жұмысы екендігіне ерекше тоқталды.
– Бұл әкімдік жұмысының өзегі. Сондықтан әкімдер және салаға жауапты әкімдердің орынбасарлары көтеріліп отырған мәселеге ерекше назар аударуы керек. Бұған дейін сала бойынша әдістемелік көмек болды. Енді мамандардың жауаптылығы қаралады. Яғни алты айдың қорытындысы бойынша кадрлардың жауаптылығы және тәртіптік мәселесі де күн тәртібіне шығарылады, – деді Асқар Мырзахметов. Сондай-ақ Асқар Исабекұлы облыста «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылғандығына да тоқталды. Бүгінгі күні өңірде тұрғызылып жатқан көп қабатты үйлерден 327 пәтер осы бағдарлама бойынша өтініш берген азаматтарға ұсынылады екен. Облыста 2782 азамат бағдарлама бойынша пәтер алуға ынта танытқан. Оның 2200-і бюджеттік мекемелердің қызметкерлері. Енді алдағы уақытта жоғарыдағы жұмыс тобы аудандарға шығып, азаматтарға түсіндіру шараларын өткізеді. Яғни 2782 адамның тізімін нақтылау жұмыстары жүргізіледі. Асқар Исабекұлы аудан әкімдеріне осы топтың жұмысын ширатуға көмек беріп, орын алған олқылықтарды түзеуді тапсырды.

Ерман Әбдиев
Тараз қаласы.

 

Comments are closed.

микро займ на карту