- Advertisement -

Темір жолдың үсті мал жайылымы емес

109

- Advertisement -

шаруалар төрт түлігін бақылаусыз қалдырмауға тиіс

Бір айта кетерлік жайт, бүгінде еліміздегі темір жол телімдерінде ауыл шаруашылығы жануарларының пойыз астына түсу деректері жиілей түсуде. Мұндай жағдайлардың өз кезегінде жүк және жолаушылар пойыздарының кідіріп, жол жүру кестесінің ішінара бұзылуына әкеліп соқтыратыны белгілі. Өкініштісі, мұндай келеңсіз жайттар ауданымызға қарасты темір жол телімдерінде де орын алуда. Қолдағы бар мәліметке сүйенер болсақ, 2018 жылы Шу жол дистансасының телімдерінде малдың жол үстіне шығып кетуі салдарынан туындауы ықтимал пойыздар апатының алдын алу үшін локомотив машинистері 14 рет шұғыл тоқтату тетіктерін іске қосуға мәжбүр болған. Ал «от арбаны» шұғыл тоқтату вагондағы жолаушылар мен жүктердің соқтығысуына немесе адамдардың жарақат алуына, жүктердің аударылуына әкеліп соғатыны, оның зардабы да ауыр болатыны айтпаса да түсінікті.
Шу жол дистансасының бақылау учаскесіне негізінен Шу, Мойынқұм, Қордай аудандары аумағында орналасқан, жалпы ұзындығы 468,7 шақырымды құрайтын темір жол телімі жатады. Жүздеген шақырымдарға созылып жатқан болат жол бойын түгел қоршап, қорғау да мүмкін емес.
Дистанса басшысы Нияз Мүлкібаевтың айтуынша, бақылаусыз, қараусыз қалған малдың темір жолға шығып кету жағдайлары, әсіресе ауданға қарасты Көктөбе, Еспе, Шоқпар стансаларының аралығында жиі кездесуде. Тіпті уақ тұяқты былай қояйық, жылқы мен сиыр малы да темір жол үстінде еркін жайылып жүреді екен.
– Әлбетте, тұрғындар малын таңертеңгілікте өріске шығарып жіберумен ғана шектеледі. Бақташы бекітілмегендіктен де, мал бағусыз, қайырусыз қалып қояды. Одан кейінгісі белгілі. Мал иелерінің осындай жауапсыздығын жою мақсатында жыл сайын темір жол бойындағы және оған жақын елді мекендердегі жол дистансаларының мамандары темір жол төсемінің маңайындағы мал бағу ережелері, қауіп-қатер мен қауіпсіздік қағидаттары туралы түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп отырады. Бірқатар азаматтардың үстінен мал бағу ережесін бұзғандығы бойынша хаттама толтырылып, өңірдегі желілік полиция бөліміне шара қолдану үшін жолданған. Мысалы, өткен жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабы, 1-бөлімі бойынша ереже бұзған 23 мал иесі анықталып, 12 азаматқа 12025 теңгеден айыппұл салынды. Әрине, бұл тұрғыда алғашқыда ескерту жасалады. Төрт ескертуден кейін қайталап ереже бұзғандарға айыппұл салынады. Соған қарамастан, мал ұстау ережесіне немқұрайлылық әлі де басым болып отыр. Қалай десек те, бұл дабыл қағарлық, баршамыз болып бірлесе шешерлік мәселе, – дейді Нияз Мүлкібаев.
Аталған жол дистансасы қызметінің негізгі бөлігі де осы – пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл орайда сақтық шараларын жүзеге асыру да әсте назардан тыс қалдырылған емес. Мысалы, темір жол маңайын қоршау жұмыстары жылма-жыл жалғасын табу үстінде. Оған жоғарыда аталған 468, 7 шақырымдық жолдың 281,2 шақырымы қоршалғандығы толықтай дәлел бола алады. Соңғы рет 2018 жылы 8 шақырым жолдың бойы қоршалса, биыл да осы көлемде тиісті жұмыстар жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ ұжымдағы 465 жұмысшы, қызметшілердің басым бөлігі жолшылар болғандықтан, олар да өздерінің қызметтік міндеттеріне жатпаса да, жолды қараусыз малдан бақылау жұмысына жұмылдырылып отыр. Мұның барлығы жолаушылардың, пойыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы сақтық шаралары болып табылады. Осындай жауапты міндеттерді жүзеге асыру бағытында тынымсыз еңбектеніп жүрген ұжым еңбеккерлері алдағы уақытта да өз жұмыстарын жүйелі жалғастыра бермек.
Ал жергілікті тұрғындар өздерінің қоғам алдындағы жауапкершіліктерін сезініп, мал ұстау мәселесіне оң көзқарас танытады деген сенімдеміз.

Динара БАТЫРХАЙЫРОВА,
журналист.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support