- Advertisement -

Жүрегіміз тұрған шақта бұлқынып…

52

- Advertisement -

Өтер күндер, өтер жылдар, ғасырым,
Мен де көктің жерге түскен жасымын.
Жүрегіне жан біткеннің жалғанда,
У толған ба, мұң толған ба, жасырын?!

Жете алмайтын адам сынды көшке енді,
Әлденеден жаным менің сескенді.
Жаһандану дәуірінің дауылын,
Айтшы достым, жастар қашан ескерді?

Менің жаным рухани расында аш,
Айқын шындық, оны ешкім жасырмас.
Пасық пейіл әлдекімдер жүрсе егер,
Мерейіңді ешбір адам асырмас!

Таза, мінсіз асыл сөздің парқы жоқ,
Мұндай дерттің алды жар да, арты от.
Толық адам атана алмай сондықтан,
Ғұмыр кештік жан әлемі жарты боп!

Жаһанданып, жаңарайық, қарайық.
Дұрыс бағыт-бағдар таңдап алайық!
Кемел ақыл, даңғыл жолды ұсынар
Қай дана бар, қай ұстазға барайық?

Қазыналы халқын тезге саларлық,
Даналардың дарасын біз алалық.
Мағжан, Мұхтар, Шәкәрімдей ғұлама
Ойшылдардың ұстазына баралық.

Биік қойған ұлттық мақсат-мұратын,
Ол кім десең, дана Абай, ұлы ақын!
Қанша ғасыр, қанша жылдар өтсе де,
Аласармай, биік болып тұратын!

Жүрегіміз тұрған шақта бұлқынып,
Даналықтың, кісіліктің ғұрпын ұқ.
Жүректерге түсіп білім сәулесі,
Толық адам болайықшы ұмтылып!

От боп жанған шоқжұлдызсың, дарасың!
Бар қазаққа үлгі тұтар данасың.
Жауһар ойың жүректердің елшісі,
Ажыратқан жақсы-жаман арасын.

Күнін кешпей жетім өскен тайлақтың,
Мен де өзіңдей намысымды қайраппын.
Мендей ұрпақ келмей тұрып жалғанға,
Желдей соғып, надандықты жайраттық!

Үлгі болған бар әлемге, талайға,
Білім нұры хәкімдерден тарайды, ә?
Жүректерде жағып білім шырағын,
Білмей қалсақ, жүгінейік Абайға!

Бітсін десек, білімсіздік зарымыз,
Биік болсын десек әркез арымыз.
Бала шақтан білім іздеп, талпынып,
Толық адам болайықшы бәріміз!

Алты Алашым, жанның тапқан бір емін,
Сені сүйіп, мауқын басар жүрегім.
Абай айтқан «болмасам да, ұқсаймын»
«Бір кірпішің боп қаланар», тірегің.

Абай айтқан сәуледен от аламын,
Шоқтай лаулап, найзағай боп жанамын!
Абай – үлгі, Абай – бағыт-бағдарым,
Тек шындықты жазар жүрек-қаламым!

Мөлдір КЕРІМЖАН,
Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының оқушысы.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support