- Advertisement -

Қамшы өріп, сауыт-сайман жасаған

174

- Advertisement -

Жаңатасқа жолымыз түсіп, «Осы қалада қамшы жасайтын шебер бар» дегенді естігенде, елеңдеп-ақ қалдық. Сол күні түс қайта ұлттық бұйымдар жасайтын ісмер Абзал Елемесовтің үйінде отырдық. Кішкентай Ернұр мен Айзере алты өрім қамшыны ат қылып мініп, ойнап жүр екен. Қалалық жерде аядай орынның өзі атшаптырымдай көрінеді ғой. Сондықтан оған пәтерінің үш бөлмесінің біреуін шеберханаға айналдыру оңайға соқпағаны анық.Жас болса да, ұсталықты шебер меңгерген Абзалдың тындырғаны көп. Қамшының неше түрін жасайды. Алты өрім, сегіз өрім, он екі өрім дейсіз бе? Бәрі қалауыңызша. Бастысы – тапсырыс берсеңіз болғаны. Одан бөлек тартпа, жүген істейді. Сұранысқа қарай қалқан, қылыш, садақ, найза, дойбы, күмістен зергерлік бұйымдар, кәдесыйларды да жасатып ала аласыз. Абзалдың қалқанға, зергерлік бұйымдарға салатын ою-өрнегі де өзгеше, ешкімнің қолтаңбасына ұқсамайды.
Ұсталық өз жағында да, нағашы жағында да бар екен. Қанмен келген қасиет қой. Әйтпесе мамандығы басқа. Жамбыл медициналық колледжін стоматология мамандығы бойынша бітірген. Әскери борышын өтеп келген соң, сол салада біраз жыл еңбек етіпті. Өз кәсібін бастап, ұсталық жұмысты қолға алғанда анасы Роза, жұбайы Қаракөз қолдау білдіріпті. Әкесі Артық та оның бұл талабын құптаған.
Абзалға тапсырыс берушілер аз емес. Елдің іші болған соң, қамшы, жүген, зергерлік бұйымдар жасататындар баршылық. Бірақ көп қабатты үйдің бір бөлмесі ұстаға қолайсыздық тудыруда. Он саусағынан өнер тамған азаматқа бөлек жайдан шеберхана қажет-ақ. Шіркін, соған қолдау көрсететін азаматтар табылса, қанекей.
– Болашақта іске асырсам деген жоспарым көп. Ағаштан астау жасасам деймін. Темірден, күмістен, қоладан ұлттық нақыштағы түрлі заттар дайындау да қолымнан келеді. Енді маған қажеті – бір шеберхана. Жер телімі берілсе, кәсібімді дамыту үшін несие де алар едім. Осы ұсталық жұмыс – менің өмірім, өнерім, нәсібім, – дейді жас ұста Абзал Елемесов.

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support