- Advertisement -

Келешекке сенім ұялатқан «Серпін»

69

- Advertisement -

бағдарлама аясында 1384 түлек солтүстік өңірлерде оқуда

«Серпін – 2050: Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» бағдарламасын әлеуметтік маңызы зор жобалардың бірі десек, қателеспейміз. Оңтүстікте халық көп шоғырланған әрі тұрақты жұмыс та тапшы екені белгілі. Ал аталған жоба осы аймақтардағы жастардың еңбек ресурстарын қажет ететін, яғни өндірісі дамыған республиканың батыс және солтүстік аймақтарында тегін білім алуға жағдай жасап, кейін сол жақта жұмысқа орналасуына жол ашады. Нақтырақ айтсақ, «Серпін» жобасына Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Алматы облыстарының жастары қатыса алады. Осыдан бес жыл бұрын қабылданған бұл әлеуметтік бағдарламаның үш маңызды тұсы бар. Біріншісі – индустриалды-инновациялық жобаларды жүзеге асыратын мамандарды даярлау, екіншісі – кәсіптік бейімдеу, ал үшіншісі – жастардың әлеуметтік және жұмыссыздық мәселелерін шешу. Содан да болар жыл сайын жобаға қатысатын оқу орындарының да, оқуға ниет білдірген талапкерлердің де қатары көбейіп келеді. Бағдарлама іске асырылғалы бері өңірімізден солтүстік және батыс аймақтарға аттанған түлектер санының 1384-ке жетуі – соның айғағы. Оның 1169-ы – жоғары оқу орындарында, 215-і колледждерде педагогикалық, техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылығы және медициналық мамандықтар бойынша білім алуда.
Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен биыл 13-17 мамыр аралығында барлық аудандарда «Серпін» күндері өткізіледі. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектер және ауыл жастарымен кездесулер ұйымдастырылатын болады. Басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Саясат Есеевтің айтуынша, өңірде бұл шараларға 5 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр екен. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан жалпы 20 өкіл келіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізбекші.
Олар қанша мамандық бойынша оқуға қабылдайды, студенттерге қандай қолдаулар көрсетіледі? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аталған басқарманың техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының басшысы Бекбол Қайыпчаев және С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Гауһар Қасымбекова айтып берді.
Мәліметке сүйенсек, жоба аясында жоғары оқу орындарына түскен студенттер шәкіртақымен қатар, үйлеріне бір рет барып-қайту жолақысы қоса төленеді. Жатақханадан бөлме беріледі. Ал колледжге түскендер қосымша бір мезгіл тамақтандырылады екен. Шілде айында жобаға қатысушы өңірлердің 24 жоғары оқу орнының 29 өкілі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің және Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында арнайы бөлінген орындарында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, құжат қабылдайтын болады.

 

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support