Сұрапыл жылдардан сыр шерткен «Даңқ залы»

Өткенді құрметтеу – өскендіктің белгісі

Сонау 1941-1945 жылдары сан мыңдаған халықты күйзелткен сұм соғысқа Қазақстаннан 1 миллионнан астам адам аттанып, оның жартысынан көбі елге оралмаған.
Қайсыбір деректер сұрапыл майданда қазақтардың алғы шепте жүргенін және шығынға ең көп ұшырағанын жазады. Сондай-ақ сұрапыл соғыс жылдарында Қазақстан қорғасын өндіруден І орында тұрды. Мәселен, майданда атылған 10 оқтың 9-ын Шымкент қорғасын зауыты берген. Ал Шығыс Қоңырат кеніші одақта өндірілген әрбір 100 тонна молибденнің 60 тоннасын өндірген. Сонымен қатар соғыс кезінде бүкіл одақта өндірілген көмірдің 8-ден 1-і біздің елден жеткізіліп тұрса, Жезді кеніші КСРО бойынша марганецті бір өзі беріп отырған кәсіпорын болған.
Қазақтар ерлігін ресейліктер де жоғары бағалайды.
Жеңіс күні қарсаңында Ресей Федерациясының даңқты қаласы Санкт-Петербургте Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылды. Аталған қаланың билігі, Қазақстан елшілігі және Ақтөбе мен Атырау облысы әкімдерінің бірлескен еңбегі аясында жүзеге асқан бұл композиция көрші елдің жоғарыда айтылған ата-бабаларымыздың ерлігі мен Ұлы Даламызға білдірген алғысы іспетті сезілгені жасырын емес. Мәскеу түбіндегі Волоколамскі қаласының орталығынан батыр Бауыржан Момышұлына да осындай ескірткіш-бюст ашылғаны есте.

Облыстан ат танған әрбір
төртінші солдат туған топырағына оралмады

Екінші Дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске биыл – 74 жыл. 9 мамырдың арайлап атқан таңында облыс басшылары бастаған тараздықтар қалаға өңірден шыққан батыр-тұлғалар Ақәділ Сухамбаев, Ыбырайым Сүлейменов, Зоя Космодемьянская, Тайыр Тастандиев ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті.
Осы уақытта «Қаһарман ұлт-Бессмертный полк» шеруі Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Сухамбаев ескерткішінен бастап Д.Қонаев және І.Жансүгіров көшелерін жүріп өтті. Екі мыңнан аса адаммен бірге облыс әкімі Асқар Мырзахметов жүріп өткен шеру «Жеңіс» саябағына жеткен соң мерекелік шара басталды.
Алдымен өңір басшысы Асқар Мырзахметов облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған топпен бірге «Мәңгілік алау» мен Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоғын қойды. Бұдан кейін ҰОС құрбандары мен жерлес жауынгерлерді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Салтанатты рәсімде Асқар Исабекұлы:
– Жыл өткен сайын сұрапыл соғыстың жаңғырығы алыстаса да, адамзат тарихындағы ең қатыгез қантөгіс атанған майдандағы аға буынның ерлігі ұмытылмайды. Керісінше, ол бүгінде ұлы тарихқа айналып отыр.
Сол тарихқа тағы көз жүгіртсек, 1418 күн мен түнге созылған қан майданның Қазақстан халқы үшін де өте ауыр сын болғаны белгілі. Әр ауылда соғыс өрті шарпымаған, қайғы-қасірет әкелмеген отбасы қалмады. Ел мен жер тарихына сын сағат туғанда Жамбыл жерінің өрендері де ерен ерліктің өшпес өнегесін көрсетті. ҰОС-ның шешуші шайқастарында, соның ішінде Мәскеу, Ленинград, Сталинград үшін болған ұрыстарда жерлестеріміз ерекше ерік-жігерімен көзге түсті. Оқ пен оттың ортасында жүріп, елі мен жерін қорғаудың үлгісін көрсетті. Украина, Белоруссия, Балтық елдері мен Еуропаны жау қолынан азат етті, сол жолда құрбан болды. Облыстан аттанған әрбір төртінші солдат туған топырағына оралмады. Сондықтан бұл күн – қан майданнан оралмаған жауынгерлерімізді еске алып, рухтарына тағзым ететін күн. Оралғандардың күйреген шаруашылықты орнына келтіруге, күйзелген халықтың тұрмысын түзеуіне аянбай еткен еңбегін еске алатын күн. Арамыздағы ардагерлерімізді ардақтап, алғыс айтатын күн. Бұл күн – ел тарихындағы, халық жадындағы орны ерекше, қастерлі күн. Жеңімпаздардың ұрпағы екенімізді мақтан тұтатын күн. Олай болса, қатары жыл санап азайып бара жатқан соғыс ардагерлерін құрметтеу бүгінгі ұрпақтың парызы екенін естен шығармауымыз керек. Соғыстың зардабын көрген олар бейбіт өмірдің қадірін өзгеден жақсы біледі.
Бүгін біз аттары аңызға айналған даңқты қолбасшы, Жуалы жерінде туып-өскен Бауыржан Момышұлы, байзақтық Ақәділ Сухамбаев, сарысулық Ыбырайым Сүлейменов, таластық Сәду Шәкіров, шулық Саттар Естемесов, тараздық Нұрұлла Фазлаев, қордайлық Николай Белашов, меркілік Владимир Савва, жуалылық Тайыр Тастандиев сынды жаужүрек батырларымыздың есімдерін мақтанышпен айтып, ерлік жолдарын ұрпаққа өнеге етудеміз. Ер есімі әрқашанда ел есінде, батырлардың даңқы өлмейді.
Бүгінгі Жеңіс мерекесін Тілеуқабыл Төребеков, Иван Макеев, Бекасыл Белгібаев, Халиулла Дармаханов, Павел Никитич Плугин, Мұсахан Бердібаев, Михаил Петрович Бакшеев, Қабыл Ібіжанов, Анна Павловна Беляева, Зоя Алиевна Алиева сияқты 75 майдангер ағаларымыз бен апаларымыздың бізбен бірге ортамызда отырғанына біз қуаныштымыз. Арамыздағы ардагерлерге ұзақ ғұмыр тілейміз. Ал осы сұрапыл жылдары тылдағы бүкіл халық «Барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін!» деген ұранмен күн-түн демей, еңбек етті, еңбектің ерлігін көрсетті. Сондықтан жеңісті жақындатуға олардың да қосқан үлесі орасан. Тыл еңбеккерлеріне де бүгінгі ұрпақтың құрметі зор.
Осыған орай Б.Момышұлы атындағы осы саябақтан «Даңқ залы» ашылғалы тұр. Бұл – келешек ұрпаққа ұлы тарихты жеткізіп, оны қастерлеуде, аға буынға қарап бой түзеуге, кімдердің ұрпағы екенін ұмытпауға бағытталған тағы бір қадам. Бұл нысан аға буынның жан аямас жаужүректілігі, ерен еңбегі, туған елге, туған жерге деген патриоттық ыстық ықыласын келешек ұрпақ санасына жаңғыртуға өз септігін тигізеріне сеніміміз мол. Бүгінгі мерейлі салтанат үстінде ардақты ардагерлерімізге Отанды қорғаудағы ерен еңбектері үшін алғысымызды айтамыз. Сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық тілейміз. Ортамыз ортаймай, келер жылы тойланғалы отырған Жеңістің 75 жылдығы мерейтойында қуанышпен жүздесейік! – деп, тебірене сөйлеген соң мерекелік Жеңіс күніне арналған іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.

«Даңқ залы» – «Ерлік» мемориалды кешенінің түйіні

Дана халқымыз «Ердің ерлігі – еліне мұра» деп айтқандай, батыр бабаларымыздың ерлік қасиеттерін қастерлеп, олардың әрбір ісін ұмытпай ұлықтау – бүгінгі ұрпақ парызы. Осыған орай, өңір басшысы айтып өткендей, «Даңқ залы» ғимараты тұрғындарға есігін ашты.
Жаңа ғимарат жамбылдықтар мен қала қонақтары үшін тамаша тарту болғаны рас. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің идеясымен, өзінің тікелей бас-көз болуымен бой түзеген ерекше нысанның құрылысы саябақтың былтыр басталған жаңғырту жұмыстарының жалғасы болып табылады.
Осы ретте еске сала кетейік, өткен жылы қаншама уақыттан бері жөндеу көрмеген демалыс орны бастан-аяқ жаңғыртылып, жаңаша күйге енген болатын. Толығымен өзгерген саябақ түрленіп, мазмұны артып, көркейе түскен еді. Ондағы «Ерлік» мемориалы, Б.Момышұлы ескерткіші, «Мәңгілік алау», «Батырлар» және «Даңқ» аллеялары көпшіліктің ойынан шыққан. Сонымен қоса келбеті келіскен саябақта аймақтан шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшалар бой түзеп, «Даңқ» аллеясы маңына сұрапыл соғыс жылдары майданға аттанған 105 мыңнан аса жамбылдық жауынгердің есімі қашалып жазылды. Ауған соғысы, Семей ядролық сынақтары және Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан азаматтарға арналған ескерткіштер де саябақтың өзіндік сәнімен қатар мазмұнын да байытып тұрғаны анық. Мұның бәрі барша соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жасалып отырған құрметтің көрінісі екендігі рас.
Ал жаңадан ашылған «Даңқ залы» – саябақ аумағындағы құрылысы былтыр қолға алынған «Ерлік» мемориалды кешенінің түйіні десек те болады. Өйткені бірнеше кезеңді қамтыған кешен құрылысы осымен толық аяқталып отыр.
Атап өткен жөн, мұндай ерекше нысан еліміз бойынша алғаш рет ашылып отыр. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал 2 қабаттан тұрады. Құрылысты «Жасыл ел-Тараз» ЖШС мердігер компаниясы жүргізген.
Ұлық мерекеде елім деп еміренген ерлеріміздің ерен ерлігін еске алып, халық игілігіне берілген ғимараттың тарихи сәтінде алғашқы сөз сөйлеген ҰОС ардагері Мұсахан Бердібаев бүгінгі ұрпаққа алғыс айтып, еліміздің тыныштығын тілесе, еңбек ардагері, тыл еңбеккері Любовь Накарякова «Жеңіс» саябағының алғашқы ағашы отырғызылған сәтінен бергі тарихына қысқаша тоқталып, бүгінгі түрленген келбетін тарихи-мәдени кешенге балады.
Ал Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова:
– Атам марқұм айтушы еді: «Мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүрем», деп. Мінеки, бүгін ата арамызда. Рухы, қасиеті, барлығы қасымызда. Қазақ «Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» дейді. Өсіп-өніп жатқан елміз. Сондықтан халқымыздың өміріндегі әрбір үлкен істерді, ерліктерді жастарымызға үлгі етіп, ұрпағымызды сол аталардың биік рухы, қасиетті әруағына лайық, солардан үлгі-өнеге алатындай етіп тәрбиелеу – бүгінгі күннің міндеті. Мына іс те сол өсіп келе жатқан буынның өткенін ұмытпау үшін жасалып жатқан тірлік, – деп жүректен шыққан жылы лебізін жеткізді.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Баукеңмен 23 жыл бойы тығыз байланыста болған інісі Мекемтас Мырзахметов:
– Баукең «Мен бұл өмірден өтемін. Бірақ мен өлмейтіндердің біреуі боламын. Өйткені менің халқыма деген махаббатым мені майданнан алып шыққан, үлкен сеніміме айналған еді» деп айтқан болатын.

Біздің мақсатымыз – батырдың қолда бар мұраларын түгел жинап алу, бірін қалдырмастан келесі ұрпақтың қолына тапсыру. Сондықтан келесі міндетіміз – Баукеңнің қолынан қағазға түскен нәрсенің бәрін жүйеге түсіру, қалың ұрпаққа ұсыну. Өйткені дүниеден бәрі де өтеді. Өлмейтін бір-ақ нәрсе бар – жақсыдан қалған сөз. Ал бұл – бүкіл дүниежүзіне атағы кеткен Баукеңнен қалған сөз.
Мысалы, соғыста орыс халқының 6 пайызы құрбан болса, украин халқының 8 пайызы шейіт болған. Ал айдаладағы қазақтардың 12 пайызы құрбан болды. Құрбандықты ең көп көрген біз. Мәскеуді де бірден-бір қорғап қалған – Қазақстаннан барған дивизия. Оны қазір бүкіл дүниежүзі біледі. Яғни сол соғыстың хас батыры – Бауыржан Момышұлы. Тіпті 1963 жылы Мәскеуге Кубаның басшысы Фидель Кастро мемлекеттік сапармен келген. Сонда оған «Сіз үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың басты қаһарманы кім?» деген сұрақ қойылғанда, ол жұлып алғандай бірден: «Александр Бектің «Волоколамск тасжолы» кітабының кейіпкері, қазақ Бауыржан Момышұлы» деп жауап берген екен. Міне, сол асыл ағамыздың ұлы мұрасының жиналатын жері, жастардың содан тәлім алатын жері – осы зал, – деді.
Салтанатты шарада Зейнеп Ахметова, Мұсахан Бердібаев, Мекемтас Мырзахметұлы мен Любовь Накарякова «Даңқ залының» лентасын қиды.
Тұсаукесер рәсімінен кейін жиылған қауым зал ішіне енді. Ғимаратқа бас сұққан кез келген жан зұлматты жылдардың қасіретін жүрекпен сезінеді десек, артық айтқандық емес. Оған құнды фотосуреттермен қатар, зал ішінде соғыс, жеңіс, ерлік тақырыбындағы әуендердің естіліп тұруы да айрықша әсер етеді екен. Нысанның бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944 және 1945 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдыңа алып келеді. «Атап айтсақ, «Даңқ залының» бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотосурет-шежірелер жинақталған», – дейді залдың экскурсоводы Айниль Әбуәлі.
1941 жылға арналған қабырғада «Барбаросса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқастың, генерал-майор Иван Панфиловтың, «Отан ана», Бауыржан Момышұлының, Николай Белашовтың және басқа да, бас-аяғы 100-ден астам фотосурет пен 200-ден аса құжат қойылған.
Ал залдың 1942 жылға негізделген қабырғасы «Ленинград блокадасына» арналған. Онда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың суреті, ақынның «Ленинградтық өренім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған.
1943 жылға арналған қабырғада Сталинград, Курск шайқастарына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан.
Сол секілді 1944-1945 жылдарға арналған қабырғада қызыл әскерлердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген.
Залда Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев бейнеленген барельеф, «Ана қасіреті» бұрышында бейнеленген суреттерден соғыс зардабын тартқан жесір ана, жетім балалардың мұң-зарын ұғынасыз. Мұнда о баста Алтынбек Қоразбаев 12 шумақ қылып жазған, оны кейіннен 72 шумақтық поэмаға айналдырған, облыстық «Аq jol» газетінің 1986-1992 жылдары бөлім меңгерушісі болған Жақсылық Сәтібековтің «Қара кемпір» туындысынан үзінді келтіріліпті. «Ұлылығыңа орнатса бір ескерткіш, Алтынның да бағасы кемдік қылар» демекші, қасіретті анаға арналған ескерткіш те, шығарманың әуені де үйлесіп тұрады.
Қос қабатты ғимарат ішінде тылдағы еңбеккерлердің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қаласында өткен алғашқы Жеңіс парады және Жеңістің 70 жылдығына арналған Елордада ұйымдастырылған салтанатты шараның суреттері де көрініс тапқан. Тіпті жергілікті майдангерлердің 500-ге жуық медалі де, майдан даласынан жазылған үшбу хаттардың залдан тиісінше орын алғаны да көңілге қонады. Сондай-ақ үлкен LED-экран мен Әулиеата өңірінен соғысқа аттанған азаматтардың электронды дерекқоры орнатылған. Онда кез келген адам «Erlik.kz» сайты арқылы өзінің майдангер атасы туралы мәліметпен таныса алады. Дерекқорға барлығы облыс бойынша 106 мыңға жуық соғысқа қатысушылардың мәліметі енгізілген. Сонымен қатар «Ұлы Отан соғысы – ХХ ғасырдың ең үлкен қасіреті. Бұл соғыс қайғы әкелмеген бірде-бір отбасы жоқ. Қазақстаннан майданға жіберілген 1 миллион 366 мыңға жуық жауынгердің 106 мың адамы Жамбыл облысынан аттанып, жартысына жуығы туған жеріне қайтып оралмаған» деген жазу да бір қабырғаны алып тұр.
Келесі кезекте қонақтар екінші қабатта орналасқан «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығына көтерілді. Онда Б.Момышұлының бала шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. Бас киімі, сейфі, жазу мәшинесі, қаламсабы сияқты өзі қолданған дүниелері тағы бар. Осылайша орталықта негізінен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысын айшықтауға басымдық берілгені аңғарылады. Мұнда сонымен қатар Баукеңнің шығармашылығына арналған кітапханалық бұрыш пен жиын өткізуге арналған арнайы мәжіліс залы да жасақталған. Деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотозертхана да ұмыт қалмаған. Орталықтың ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаевтың айтуынша, орталық архивте әлі Бәукеңнің 2000-ға жуық фотосуреті бар көрінеді.
Ал тарихшы, қала тұрғыны Бекқұлы Әліұлының сөзіне сүйенсек, соғысқа қатысқан жамбылдықтар туралы деректер іздеп жүріп, бірқатар көрші елдерде де болған. «Ресейдің 13 облысын, Белоруссияның 6 облысын аралап жүріп дәл осындай «Даңқ залы» дегенді көрген жоқпын. Музейлер, панорама, диаграмма бар. Кең көлемде барлығы қамтылған. Айталық, жамбылдық 128 жауынгер Ұлы Отан соғысында Брест қамалын қорғаған болса, сол жауынгерлердің 68-інің суреттері залдағы бір стендке сәтті топтастырылған», – дейді тарихшы.
Сондай-ақ ол «Даңқ залының» аты затына сай екендігін, ондағы фотосуреттер мен құжаттар шежіресі қиын күндерден сыр шертіп, барша майдангерлердің даңқын асқақтатып, беделін биіктетіп тұрғандығын жеткізді.
«Айғақ» телеарнасының редакторы Бағлан Байкөбекқызының ҰОС туралы түсірілімдер жасап жүргеніне 4 жыл болыпты. Сол арқылы көптеген елдерде болып, біраз қалалардың музейлерін аралаған. Алайда мұндай залды кезіктірмегенін қадап айтқан облыс қонағы бұл теңдессіз ғимарат екендігін алға тартты.

Болмасын соғыс, болмасын!

«Ерлік» мемориалды кешенінде бұл күні «Дружинницы красного креста! Не оставим на поле боя ни раненого, ни его оружия!» деген маңдайшасы бар санчасть шатыры қойылып, ішінде госпитальдың мамандары ота жасап, жарақат алғандардың жарасын таңып жатты. Ал осы мезетте тыста соғыстан көрініс беретін телефон, мылтық, газет ұстаған жауынгер мен баян тартқан сарбаз, қолы қалт еткенде егіле кетпей, еңсені көтеруге тырысқан майдангерлердің топтала ән салуы сол сұрапыл майданның да көңілді сәттері болғандығынан сыр шертіп тұрды. Сондай-ақ жолдың жиегіне ұзына бойы тігілген үлкен шатырда қарт сарбаздар бастаған 1000-ға жуық адам «Солдат ботқасынан» ауыз тиді. Сұм соғыстың дәмі бұл күні мерекелік дастарқанда ұсынылды.
Осындай көріністерді тамашалап, бір сәт сезінгеннің өзі денеңді түршіктіреді. Ал сол бір нағыз ұрыста нысананың ұшында жүрген азаматтардың сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, сірә. Әйтеуір мұндағы әрбір жан «жасанды қойылымдарды көргенімізбен, шын соғысты басқа салмасын» дейтін тәрізді іштей. Өйткені қос тараптан сол майданда соғысқан жалпы саны 34 361 700 адам опат болыпты. Иә, кеңестік ақын Лев Ошаниннің өлеңінде айтылатын бейбіт өмірдің керектігін жырлаған сол жас бала тәрізді кез келген замандас та «Әрқашан күн сөнбесін, Аспаннан бұлт төнбесін» деп, жақындарының, еліміздің тыныштығын қалайтыны анық.
– Соғыс басталғанда мен небәрі 12 жаста едім. Балалықпен сезбесек те, халықтың жылағанынан, кейіннен 1916, 1921 жылғы ағаларымыз да соғысқа аттанғанда бір-ақ білдік. Ол кезде ер адамдар әскерге кеткен. 20-70 жас аралығындағы сол әйелдер бар тірлікті атқарып жатты. 14 жасымнан бастап 24 жастағы аяғы ауыр жеңгеммен бірге бидай ордым. Өрімдей кезімде шалғы-орақпен шөп шаптым, тоған-суға да түстік.
Өкінішке қарай, Бейсен ағам келмеді. Көрер жарығы бар екен, 1916 жылғы ағам Тұрсынбай Тілеубеков соғыстан аман оралып, құрсақта қалған қызының қызығына куә болды, – дейді 1947 жылы Әбуәлі Күлембаев есімді соғыс майдангеріне тұрмысқа шығып, 10 құрсақ көтеріп, бүгінде олардан 25 немере-шөбере сүйген Сәрсенкүл Тілеубекова есімді әжей. Бүгінде тоқсанның біріне келген тыл еңбеккерінің басты тілегі – Мұқағали Мақатаев айтқандай, «Бостандық мәңгі орнасын, Болмасын соғыс, болмасын!»
Бір сөзбен айтқанда, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен дүниеге келген «Даңқ залы» ғимараты сонау сұрапыл жылдардан сыр шертіп, бейбіт өмірдің қадірін білуге тәрбиелейтін тағылымды ордаға айналды.

Альмира Омарова

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.