- Advertisement -

ветеринарлар «бруцеллез» деген семіз қой сау боп шықты

81

- Advertisement -

Газетіміздің аудандағы тілшілер қосынына қайырылған Таңатар Егізбаев есімді ақсақал аудандық ветеринария бөлімінің мамандары заңсыздықтарға жол беріп отыр деп шағымданды. «Барар жер, басар тауың қалмаған соң, мен сияқты шаруа адамына әділдік іздеу оңайға соқпайды екен. Ауданның ветеринария саласындағы қызметкерлердің іс-әрекетіне күдікпен қарағандықтан, сотқа да арыз жаздым. Қолымда дәлелім бола тұра, соттан ұтылып қалған менің ішкі жанайқайымды естір құлақ, көрер көз табылмай тұр. Сол себепті, облысымыздың бас газеті – «Аq jol»-ға жүгінуді жөн көріп отырмын», – дейді Таңатар Сансызбайұлы.Әділдік іздеп келген шулық ақсақалдың шағымын аз-кем таныстыра кетейік. Айтуынша, өткен жылдың 28 тамызы күні Шу ауданына қарасты Бірлікүстем ауылының мал дәрігері Жанболат Әліпбаев арнайы мамандармен келіп, бруцеллез ауруын анықтау мақсатында үйіндегі бар малынан қан алған. Бірнеше күннен кейін аудан әкімдігіне қарасты ветеринария бөлімінің бас маманы Мейіржан Сырымбетовтен №58 санды ауру қойды санитарлық тазалау, санитарлық союға міндеттейтін нұсқама келіпті. Онда сараптаманың қорытындысы №238918639 сырғалы малды бруцеллез ауруына шалдыққан деп тауып, сол себепті аурудың таралуын болдырмау мақсатында ол қойды санитарлық союға жіберу керектігі көрсетілген екен. Алайда мал иесі Таңатар Егізбаев өзінің қойы бруцеллез ауруына шалдықпады деп отыр.

– Аудандағы ветеринария саласының мамандары ауру деп тапқан қойдың салмағы 45-50 келіге жетіп тұр. Оның үстіне бруцеллезге шалдыққан мал буаз кезінде қозысын тастап кетеді. Ал оның қозысы әлі күнге дейін еміп жүр. Міне, осындай себептерді көзбен көріп отырғаннан кейін, ветеринария бөлімінің мамандарына ол малдың ауру екендігіне күмәнмен қарайтынымды және тағы бір мәрте қан алып, зертханаға жіберу керектігін айттым. Алайда бөлімнің бас маманы Мейіржан Сырымбетов аудандық зертхана ауру деп тапқан малдан екінші мәрте қан алынбайтынын жеткізді. Бұл ойымды бөлім басшысы Болат Ниязбековке жеткізу үшін арыз да жаздым, ауызша да айттым. Ол да бас маманының сөзін қайталап отыр. Ал жазған арызыма бүгінгі күнге дейін жауап ала алмай отырмын. Содан барып Болат Ниязбековтің үстінен прокуратураға арыздандым.
Не керек, екінші мәрте қан алынбайды деген мамандар қыркүйек айында үйге келіп өздері ауру деп тапқан малдан қан алды. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына» жіберді. Арнайы құтыға салынып, мөрі басылған қанның сынамасын ветеринария бөлімінің жіберген мамандарымен бірге алып бардық. Орталық қызметкерлері мөр басылған құтыны көзімізше ашып, сараптама нәтижесі 2-3 күн аралығында белгілі болатындығын айтып, шығарып салды. Айтқандарындай-ақ бірнеше күннен кейін электронды поштама жауабы да келді. Сараптама қорытындысы бойынша, Шу ауданының зертханасы ауру деген қой Алматыдан сау болып шықты. Міне, дәл менікіндей мәселелер орын алмас үшін облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы облыстық «Аq jol» газеті арқылы бруцеллез ауруына шалдыққан малдарды жоюдың талаптарын және малдың ауру екеніне мал иесі күдікпен қараған жағдайда қандай іс-шаралар қолданылатынын түсіндіріп берсе екен деймін, – дейді Т.Егізбаев.
Осылайша зейнеткер қолындағы дәлеліне сүйене отырып, аудан әкімдігінің ветеринария бөлімінен материалдық және моральдық залал өтемін өндіру бойынша аудандық сотқа арызданады. Дейтұрғанмен аудандық соттың шешімі бойынша арызданушы Т.Сансызбайұлының материалдық және моральдық залал өтемін өндіру туралы талап-арызы қанағаттандырылмай қалады. Оның басты себебі – сот отырыстарында ветеринария бөлімінің бас маманы Мейіржан Сырымбетовтің «бруцеллез ауруы малда бірде көрініп, ал енді бірде малдың күйі оңалған жағдайда көрінбей қалатын кездер болады» деген уәжі сеп болып отыр. Ал зейнеткердің бұл уәжді теріске шығаратын дәлелдері болмаған көрінеді. Бұдан кейін Таңатар Егізбаев облыстық соттың азаматтық істер бойынша апелляциялық сот алқасына апелляциялық шағым түсіріпті.
Шулық зейнеткердің мәселесін өз аузынан естіген соң, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Болат Ниязбековтің де пікірін білген едік. Оның айтуынша, жылына екі мәрте ірі қара мен уақ малдан қан алу шаралары жоспарлы түрде жүргізіледі екен. «Кез келген малдан қан алғанда сынамаға оның иесінің аты-жөні жазылмайды. Тек сырға нөмірі ғана болады. Яғни зертханадағы мамандар ол кімнің малы екендігінен бейхабар. Сол себепті Таңатар Егізбаевтың бізді кінәлауы бекер. Жалпы, қай малдан болсын бір рет қан алынған соң, одан екінші мәрте қан алуға болмайды. Мал ауру деп табылған соң оны 15 күннің ішінде санитарлық союға жіберуіміз керек болған. Алайда біз ағайынгершілікке салып, арнайы комиссия құрып, ақсақалдың уақ малынан екінші рет қан алып, Алматыдағы референттік орталыққа жібердік. Міне, сол сараптаманың нәтижесінен кейін осындай түсініспеушіліктер орын алуда. Негізінен, 2015 жылға дейін ауру мал жойылып келген болса, қазіргі кезде ауру деп танылған төрт аяқты санитарлық союға жіберіледі. Тиісінше оның иесіне малдың нарықтағы бағасына сәйкес өтемақысын береміз. Санитарлық сою жұмыстарын орындайтын мекеме 70 пайызын, ветеринария бөлімі 30 пайызын береді. Десе де ағамыз бұған көнбеді. Ал сот әділ шешімін шығарып берді», – дейді Болат Ниязбеков. Сондай-ақ бөлім басшысы Таңатар Егізбаевтың өткен жылдың қыркүйек айында жазған арызына жауап бергенін айтады.
Әрине, бұл түйткілдің ақ-қарасын ажырату біздің құзыретімізге кірмейді. Дегенмен де бұл арада әлі де болса зерделеуді талап ететін мәселелер бар секілді. Өйткені ветеринария бөлімінің басшысы мал иесі өз малының ауру екендігіне күмәнмен қараса да екінші мәрте қан алынбайды дейді. Ал зейнеткер мұндай заңның жоқ екенін алға тартады.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Редакциядан: Осы мәселеге байланысты облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының эпизоотиялық және паразитологиялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу бөлімінің бас маманы Олжас Әсембек былай дейді: «Бруцеллез – жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулар тобына жататын індет. Бұл кесел республикамыздың барлық облыстарында кездеседі. Оған үй жануарлары ғана емес, жабайы аңдар мен етқоректілер, кеміргіштер де шалдығады.
Бүгінгі таңда бруцеллез қоздырғыштарының 6 түрі бар. Бұл аурудың аса жұқпалы әрі ауыр түрі – қой-ешкі бруцеллезі. Мүйізді ірі қараның бруцеллезі адам үшін онша қауіпті емес. Алайда ірі қара малы мен өзге түлік түрлері бір қорада күтіп-бағылған жағдайда қой-ешкі бруцеллезін жұқтыруы мүмкін және ол адам денсаулығы үшін өте қауіпті.
Ауыл шаруашылығы жануарларында аурудың негізгі белгісі – іш тастау. Ол кезде ондай төлмен, шарана суымен, плацентамен басқа да сұйықтықпен көп уақытқа дейін сыртқы орта ластанады. Бруцеллалар сыртқа ауырған малдың несебімен және жануарлардан алынатын тамақ өнімдерімен таралады. Сонымен қатар мал терісі, қорадағы орны, төсеніш, жем-шөптің қалдықтары, құрал-саймандар, мал қора, жайылым және суаттар ластанады. Жануарларда іш тастаудан басқа орхит, бурсит, эндометрит, мастит байқалады. Індет сонымен қатар жасырын түрде өтеді, тек арнайы зерттеу нәтижесінде ғана анықталуы мүмкін. Бруцеллез қоздырғыштары табиғи ортаға өте төзімді келеді. Топырақта, қида, жемде, суда 4 айға дейін өмір сүріп өзінің ауру қоздырғыштық қасиетін толықтай сақтай алады. Тек қана жоғары температураға төзімсіз, 90-100 градуста қайнатқанда өледі. Қоздырушы азық-түлікте ұзақ уақыт сақталады. Төменгі температураға өте төзімді болады. Мәселен, қатырылған етте 5 ай, сүт өнімдерінде 1,5 айға дейін сақталады. Мұз болып қатқан етте 10 айдан көп, сүтте 10-30 күн, топырақта 1,5-6 ай, май, ірімшік, айран өнімдерінде 10 күннен 3-4 айға дейін, етте 12-47 күн, тұздалған теріде 2 ай, жүнде 2-3 ай сақталады.
Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығына сәйкес бруцеллез ауруына ауыл шаруашылығы жануарларын ауру немесе ауру еместігін анықтау үшін жылына 2 рет: көктемде және күзде – жануарлардың қан сарысуларын мемлекеттік тапсырыстың жоспары бойынша ветеринариялық зертханаларда зерттеуден өткізеді. Бруцеллез ауруы емделмейтін індет болғандықтан, оң нәтиже көрсеткен жағдайда ауру мал қолданыстағы заңнамаға сәйкес санитариялық союға беріліп, қайта өңдеуге жіберіледі. Зерттеудің күдікті нәтижесі анықталған жағдайда диагностикалық зерттеулер кешенімен аталған жануарларды қайта зерттеу жолымен күнтізбелік 15-20 күннен кейін бруцеллезді нақтылауды жүргізеді. Диагноз толық нақтыланғанға дейін қалған мал басынан оқшаулайды.
Бруцеллез ауруын біржола жою және бұл ауруға қарсы күрес шараларының нәтижелі болуы әрбір адамның сақтану шараларын мұқият жүргізуіне, белсене қатысуына байланысты».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support