- Advertisement -

Отан үшін отқа түскен саяқов

62

- Advertisement -

«Отан үшін отқа түс – күймейсің» демекші, туған жерді қорғауды ең қасиетті борышы санаған әкем Ұлы Отан соғысы басталғанда аудандық әскери комиссариатқа өзі барып, майданға сұранған екен. Өйткені бұл уақытта ол небәрі 18 жасқа аяқ басқан бозбала еді. Алматы каласында әуелі 2 ай арнайы дайындық тобында болып, одан Сарытау (Саратов) қаласында 6 ай бойы дайындықтан өтіп, кіші сержант атағын алады. Сөйтіп әскери дайындықты бітірген әкем Шалтай Саяқов 1 миллион 300 мың сарбаздың бірі ретінде қан майданға аттанып кетеді. Бірінші шайқасы Сталинград даласында өтеді. «Осы бір Сталинград майданында қазақ жауынгерлерінің жалпы саны 8280 болған екен. Мұны кейін білдік қой», – деп еді бірде әкем жарықтық. 1942 жылдың 17 шілдесінен басталған бұл қанды шайқас 200 күн мен түнге созылып, ақыры фашистік Германияның таңдаулы армиясы тас-талқан етіп жеңіледі.

Әкем 281-атқыштар полкінің құрамында Сталинград шайқасына, одан кейін Волга, Днепрден өту үшін соғысқа қатысқан. Ауыр жолдан әкемді бойына әкесі мен анасынан дарыған қайраттылығы мен өжеттілігі алып шықса керек.
Әкем 1923 жылы Жуалы ауданы бұрынғы Шетбұлақ (қазіргі Қайрат) ауылында дүниеге келген. Атамыз Саяқ ақылды, салмақты, елге сыйлы, бай кісі болған екен. Малының көптігі сонша бір басы Алатаудың етегінде болса, екінші шеті ауылға дейін жайылып жататын деседі.
Анасы Баршакүл әжеміз де ақылды, өте сұлу, аққұба, бойшаң кісі еді. Саяқ атам мен Баршакүл апамның 3 ұл 1 қызы болды: Балданбай, Шалтай, Қартаңбай және қызы Орынтай.
Отбасындағы екінші ұлдары Шалтай Бурный (қазіргі Бауыржан Момышұлы) ауылындағы №2 орта мектепті бітіреді. 1940 жылы Шалтайдың ағасы Балданбай Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына шақырылған. Сөйтіп үй ішіндегі бар ауыртпалық әкемнің мойнына түседі.
– Ең бір естен кетпес кез, – деп бастайтын әкем, – фашистерді қуып келе жатып, Днепр өзенінен өткенде біраз қиналдық. Өйткені жаяу әскерді арғы бетке өткізу үшін көпірдің орнына екі жағаға керілген арқан арқылы өту керек болды. Еңбектеп өтіп бара жатып, көз алдымызда бірнеше жас сарбаз суға ағып кетті. Арғы беттен немістер де оқ жаудырып жатты, – деп еріксіз көзіне жас алатын.
1944 жылы 244-атқыштар дивизиясы, 907-атқыштар полкінде бөлімше командирі, одан кейін ол 57-армияда взвод командирі болды. Полк Кишинев, Одесса қалаларын азат етті. Ал Молдавиядағы Бендер қаласын азат еткен шайқаста әкем ерлігімен көзге түсіпті. Осы ерлігі үшін Сталиннің Алғыс хатымен марапатталған.
1945 жылы 51-танк полкінің бөлімше командирі болып, содан кейін взводты, ротаны басқарыпты. Сөйтіп Сталинград, Украина, Белоруссия, Молдавия қалаларын жаудан азат етуге қатысады. «Біздің әскерлердің «Отан үшін», «Сталин үшін» деп ұрандатып, басын оққа тіккен отансүйгіштігі жеңіске бастады», – деп мақтаныш сезіммен айтып отырушы еді әкем.
Шалтай 1945 жылы Молдавияда соғысты аяқтап, 1947 жылға дейін 61-әскер қатарында жүріп, екі жыл запастағы әскер қызметін атқарды. Сөйтіп елге тек 1947 жылы 4 наурызда оралған ол: «Егер де Жапония соғыс аша қалатындай жағдай болса, полкпен сонда баруға даяр тұрдық» дейтін.
Соғыстан кейін «Қайрат» қолхозында есепші бригадир, ревизор, таразшы, қырман меңгерушісі болып қызмет атқарған жампоз 1965-1989 жылдар аралығында мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықты.
«Соғысты бірлігімізбен жеңдік, енді ондай сұрапыл жылдар болмауын тілейміз» деп отыратын жарықтық. Жоғарыда айтылған ерліктері үшін бірнеше марапатқа ие болды. Олардың қатарынан «Маршал Жуков», Ұлы Жеңістің мерекелік медальдары, тың жерлерді игергені үшін «Еңбек ардагері» медалі мен «Құрмет» және Мақтау грамоталарын көптеп кезіктіруге болады.

Әсілкүл Шалтайқызы,
майдангердің қызы.

Павлодар қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support