«Сайра, бұлбұл!»

эстет өнерпаз Мәдина Сағынбекованың сахнада ән шырқағанына ширек ғасыр болды

«Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген Потанин сөзінің жаны бар. Ұлан-ғайыр даланың ғажап пейзажы шынында да әннің өзі секілді. Майда самалдан жанға жайлы лирика үн қатқандай көрінсе, құйғытып соққан желде әлдебір сарын бар сыңайлы. Ал жасыл түспен әдіптелген паң дала – жүректің емі. Содан да болса керек, қазақтың ұл-қызы өнерден құралақан қалған емес. «Мелодия тек қана еліктірмейді, ол сөйлейді… Оның тілі өткір, от-жалынға толы жай, қарапайым сөзге қарағанда, әлдеқайда күштірек деуге болады» деген Руссоның толғамында да бір мән-бар-ау…

Жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін әндерімен өнерсүйер қауымның көңілін таба білген талантты әншілердің бірі – Мәдина Сағынбекова.
Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның қазанында қайнаған Мәдина – эстет әнші. Әрине, оның қаншалықты мықты вокалист екенін әріптестері, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен азаматтар білер, солар айта жатар. Бізге белгілісі – оның ән таңдаудағы эстетикалық талғамы. Қазақ бардына жан бітірген жампоздардың бірі әрі бірегейі Табылды Досымовтың «Ұнатамын мен сені» әнін репертуарына енгізуі – сөзіміздің дәлелі.
«Ұнатамын мен сені дегенменен,
Көрмегенді өзгеден сенен көрем.
Өз обалың өзіңе өзіңнен көр,
Ғайып болсам бір күні егер де мен»,
– деп келетін Аспантаудың алдаспаны Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған туынды кейіпкеріміздің төлқұжатына айналып үлгергені талас тудырмаса керек. Содан да шығар, жұртшылық «Мәдина» десеңіз, «Ұнатамын мен сені әнін айтатын әнші ме?» деп бірден елп ете түседі. Бұл – сөзсіз есті әншінің орнықты олжасы.
Мәдинаның сахна мәдениетін терең сезінген һәм түйсінген әнші екені ақиқат. Ол шарықтата ән шырқағанда «Әнді сүйсең менше сүй» деген сөз еріксіз ойға оралатыны тағы рас. Әрбір шығарманың табиғатын, болмысын, иірім-қайырымын жүрегіне орнықтырған әнші кейбір әріптестері секілді айдалаға кетпей, сингармонизм заңдылығын сақтап, дыбыстардың айтылуына да баса назар аударатыны байқалады. Байыптылық, талғампаздық, кәсібилік секілді критерийлер оның өнер иесі ретіндегі болмысын биіктететіні анық.
Әншінің жүрек түкпіріндегі сағыныш саздарындай болған әндері біраз жыл бұрын тыңдарман қауымға «Ұнатамын мен сені» үнтаспасы арқылы жол тартқан болатын. Үнтаспадағы сөзі мен сазы үйлескен туындылар жүрек қылын шертетінін жасыра алмаймыз.
ХХІ ғасырдың басында облыстық филармонияның есігін имене аттаған белгілі өнер иесі кезінде көптеген өнер аламандарында жасындай жарқырап, жеңімпаз, лауреат атанған. Ол 1994 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық байқауға қатысып, бас жүлдені иеленді. Одан кейін 1995 жылы «Жас қанат» байқауының лауреаты атанды. Ашхабад қаласында өткен әлемдік жастар фестиваліне қатысқаны және бар. Бұдан өзге де біраз ән байқауларына қатысып, жүлдегерлердің қатарынан көріне білді. Әрине, бәрі де талант пен еңбектің ұштасуының жемісі.
– Мен ең бірінші әннің мәтініне баса назар аударамын. Өзімнің табиғатыма келетін әндерді ғана орындағанды жөн көрем. Көбінесе менің қолыма «тастап кетті, жеткізбей кетті» деген секілді мәтіндер түсіп жататын кездер де көп. Ондайда ақылға саламын. Әнді жүрекпен сезініп айту – басты парызым. Әнді орындау үшін ол өзіңнің өміріңе де байланысты болғаны дұрыс деп есептеймін. Бұл – менің ойым. Мен Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова секілді ақын апаларымның өлеңдерімен сусындаған қазақ қызымын. Сондықтан өлеңдерден сүйікті ақындарымның ұйқастарын, мәнді сөздерін іздеп тұратыным бар. Ақындар мен композиторлардың туындысын алған кезде әбден ойланып-толғанамын. Қазір ән деген өте көп. Тойға арналған әндер тіпті қаптап кеткені жасырын емес. Сахнада жүрген сүйікті әншісін халық өз тойынан көргісі келеді емес пе?! Сол себепті әншілердің репертуарында бірді-екілі тойға арналған әннің болуы – заңдылық. Ал егер тек той үшін ән жазып, той үшін өнер көрсететін болсақ, біздің өнердің соңғы сатысына түсетініміз анық. Баяғыда біз үшін Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева секілді өнер майталмандары қол жетпестей көрінетін. Ал қазір барлық әншіні халық тойдан табады. Қазір жас әншілер өсіп келе жатыр. Соның ішінде талантты әншілер де бар, үш тойға барып, өзін жұлдыз санайтын әншілер де жетіп артылады. Алайда халық талантты әншіні көптің ішінен тауып алады. Нағыз өнер еңбекті, ізденісті, жауапкершілікті қажет етеді, – дейді ол республикалық басылымдарға берген сұхбатында.
Осы ойлардан-ақ жерлесіміздің шығармашылыққа аса сақтықпен, байыптылықпен қарайтынын аңғара түсеміз. Есті әнші екенін бағамдаймыз.
Ғажап әншінің репертуарында тамаша туындылар мол екенін жоғарыда айтып өттік. Жандос Омаровпен дуэт болып шырқаған «Сен екеуміз» әнін де сол санатқа жатқызуға әбден болады. Бұл шығармада ыстық сезімнің, қимастықтың, сағыныштың элементтері баршылық. Баяу ырғақпен орындалатын ән түптің-түбінде ретроға айналатын мүмкіндікке ие деген ойдамыз. Әрине, ол үшін туынды мүмкіндігінше кеңінен насихатталғаны дұрыс деп білеміз. Ең бастысы, ән орындаушыларын дөп тауыпты. Бізді қуантқаны да сол! Жас әнші Қайсар Көкішевпен қосылып орындайтын «Жасай бер, мәңгі Астана» әнінен тәуелсіз еліміздің елордасына деген шексіз құрмет аңғарылады. Елді, жерді сүюге үндейді.
«Ә ннің де естісі бар, есері бар» дегенді Мәдина Сағынбекова жан жүрегімен түйсінетіні сауатты тыңдарман үшін таңсық емес. Ол қазақтың даласындай кең халық әндерімен сусындап өскен. Шынашақтай кезінде әкесі кейіпкерімізге: «Егер сен халық әндерін орындамасаң, әнші болмайсың» деген қатаң талап та қойыпты. Мұның астарында ұлттық өнердің бастау бұлағынан қанып ішпесең, өнеріңнің құны бес тиын деген тұспалдың жатқаны анық қой. Текті қыз әке сөзін екі етпей, тиянақты орындады. Оның репертуарында халық әндерінен бастап, Шәмші Қалдаяқовтың әндері және елімізге танымал Әуезхан Салабеков сынды бірқатар өнер иелерінің шығармалары баршылық. Алаш жұртына «Дүнген қызымен» танылған Ғани Мәтебаев екеуі дуэт болып орындайтын «Ақ қар» әні де жұрттың көңілінен шыққан.
«Музыка арқылы біз өзімізді үлгілі өнерге бейімдеп өркендете аламыз… Музыканың моральдық мәні сол, біз оның әсерімен таза нәр аламыз, яғни шынайы сүйеміз немесе жиренеміз… Музыканың шын мәнінде біздің жан дүниемізді толқытып, көңілімізді көтеруге құдіреті әбден жетеді» деген Аристотельмен келіспей көріңіз. Шынында да сазы әсем әуен жаныңды жадыратады.
Жоғарыда Мәдинаның сахнада әуелетіп ән салғанына ширек ғасыр толғанын атап өттік. Өнер дарып, құт қонған өлкеде дүние есігін ашқан Мәдина Сағынбекова ән әлемінде жүріп, өзін ширықтырды, шынықтырды. Кейбір әншісымақтар секілді бүлік іздеген жоқ, білім қуды. Ең бастысы, музыкада да, сөз тануда да сауатының бар екенін көрсете білді. Бірнеше жеке концертін өткізіп, тыңдармандарының қошеметіне бөленді. Оны әріптестері де, өнерсүйер қауым да жақсы көреді. Көмейіне бұлбұл ұя салған әнші ретінде қадірлейді…
Әншінің өнер аламанындағы 25 жылдығына орай 15 мамыр күні Баласағұн атындағы орталық концерт залында «Сайра, бұлбұл!» атты ән кеші өтеді. Мәдинаның қуанышын бөлісуге есімі елімізге белгілі әншілер Досымжан Таңатаров, Айгүл Иманбаева, Индира Расылхан, Әділ мен Дана секілді әріптестері келеді. Бұл кештің табысты болуына біз де тілекшіміз.
Жұлдызың жарқырай берсін, Мәдина!

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту