Мінсіз армия – мемлекет қорғаны

Осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1992 жылы 7 мамырда ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Әскеріміздің тарихы, міне, осы атаулы күннен бастауын алады. Елбасы бұл тұрғыда «Ішкі және сыртқы саясаттың құрылымдағы негізгі іргетасы – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан бізге ел егемендігін қорғау мүддесі үшін кез келген қатерге төтеп бере алатын, сапасы зор заманауи әскер қажет», деп атап көрсетті. Содан бері де арада ширек ғасырдан астам уақыт өте шығыпты. Бұл жылдарда Қарулы Күштеріміздің сапасы мен салмағы артып, қай бағытта болсын жан-жақты дамып, барлық қырынан сақадай-сай әзірлікке қол жеткізілді. Күні кешегі Алматы облысындағы «Көктал» полигонында өткен «Айбалта – 2019» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығу барысынан да әскеріміздің қаншалықты қуатты екеніне айқын көз жеткіздік деген ойдамыз.
Бүгінгі таңда жастардың да әскери қызмет атқаруға деген құлшынысы жоғары екені байқалуда. Азаматтық борышымызды өтейміз деп өздері сұранатын жастарымыздың қатары да жыл санап артып келеді. Мәселен, биылғы көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде еліміздің Қарулы Күштері қатарына өңірімізден 1500 шақырылушыны жіберу жоспарланған. Қазіргі таңда 870 шақырылушы әскер қатарына алынып, азаматтық борыштарын шекара, мемлекеттік күзет қызметтерінде, ҚР Қарулы Күштерінің басқа да құрылымдарында өтеу үстінде.
Отан қорғаушы күні мерекесі қарсаңында тағы да 45 жас шақырылушыны «Жастар» аллеясынан әскер қатарына шығарып салу рәсімін өткіздік. Олар азаматтық борыштарын Астана қаласындағы әскери бөлімде өтейтін болады. Сол шақырылушылардың он шақтысы ҚР Қарулы Күштері қатарында қызмет етуге өздері сұранғандар. Олар азаматтық борыштарын өтеуге алғашқы лекте жол тартты.
Жамбыл жерінен Қарулы Күштер саласында абыройлы қызмет еткен талай сардарлар, генералдар шыққаны белгілі. Біз бүгін жерлестеріміз, қазақтың хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен, сондай-ақ Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевпен мақтанамыз. Осындай ағалардың жолын қуып, офицер болуға, жоғары әскери оқу орындарына түсуге құлшыныс танытқан жастарымыздың жыл санап көбейе түсуі де қуантарлық жағдай. Бүгінде еліміздің түрлі әскери институт, академияларында мыңға жуық жамбылдық жас білім алуда. Былтырғы жылы мектеп бітірушілердің арасынан 94 жас осы саланы таңдап, әскери институттарға түсіпті. Биыл да құжаттарын жинастырып, өзінің болашағын әскери қызметпен байланыстырамыз деген жүздеген жас оқуға дайындалып жүр.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент жұмысының басты бағытының бірі – облыс аумағындағы жас жеткіншектерді әскер қатарына шақыру, жастарды патриоттық сезімге, отансүйгіштікке баулу және әскер қатарына барғанда сарбаздық антына адал болуға тәрбиелеу.
Осы орайда департамент Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлермен, олардың өкшесін басып келе жатқан Ауған соғысының ардагерлерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ бұл шараға мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары да тартылған. Мектеп қабырғасында өтетін іс-шаралар мен тәрбие сағаттарында ардагерлер жастарға өзі куә болған соғыс қимылдарын, әскери жолын, кездескен қиындықтар, шайқас үстінде қаруластарынан айырылған сәттегі көңіл-күйлерін әңгімелей отырып, сын сағатта әскери антқа берік болуға баулиды. Сондай-ақ жастар бойындағы отаншылдық сезімнің қалыптасуына соңғы жылдарда облыс орталығы Тараз қаласы мен аудандарда Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ауыл-аймақта тұрғызылған ескерткіш нысандардың да қосып отырған үлесі зор.
Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Ал Отанды қорғау – қашанда қасиетті де қастерлі парыз. Облыс жастары мұны жақсы түсінеді, аға ұрпақтан үлгі алады деген сенімдемін. Сондықтан барша жамбылдықтарды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мерекесімен құттықтап, еліміз бұдан әрі де өркендеп, көркейіп, Отанымыздың айбын-айбары, болат қорғаны – Қарулы Күштеріміздің әлеуеті артып, нығая түсуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін.

Ерлан ЖАРЫҚБАЕВ,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник.

Comments are closed.

микро займ на карту