- Advertisement -

Баянды болашағымыздың кепілі

31

- Advertisement -

Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы, әсіресе мектептер мен жоғары оқу орындарында әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту міндетінің алға қойылуы қоғамымыз үшін айтулы оқиға болды. Мұның бәрі де әбден құптарлық іс. Жастар санасында зор серпіліс тууына да септеседі деп ойлаймын.
Бүгінде кафедрамызда да бұл тұрғыдағы жұмыстар қызу түрде өрістетілуде. Соның бірі – «Болашақ сардар» әскери-патриоттық клубының құрылуы. Бұл – жастарды еліміздің Қарулы Күштері қатарында, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда қызмет атқаруға даярлайтын, оларға әскери техникалар мен қару-жарақ түрлерін қолдануды оқытып, үйрететін қоғамдық жастар бірлестігі. Оны құруда жастарды отансүйгіштікке, патриоттылық пен азаматтыққа, халқымыздың ерлікке толы өткен тарихына, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсаты көзделді. Клуб мүшелері еліміздің киелі жерлеріне туристік саяхаттар жасау, соғыс және еңбек ардагерлері мен құқық қорғау органдарында қызмет ету, әскери борышын өтеу барысында мерт болған әскери қызметкерлердің отбасыларына қамқорлық, көмек көрсету мәселелерін де қолға алатын болады.
Осы орайда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекет құрылуына және оның дамуына сіңірген еңбектері мен тарихи рөлі» тақырыбында оқу взводтары мен клуб мүшелеріне біліморданың профессорлық-оқытушылар құрамының дәрістері өткізіліп, деректі фильмдер көрсетілді. Қаруды толық емес бөлшектеу және жинау нормативтерін орындау бойынша ұйымдастырылған жарыстар мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайын аралап танысу, «Жеңіс» саябағындағы қазақтың хас батыры Б.Момышұлының ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым ету шараларының клуб мүшелерін айрықша әсерге бөлегені анық.
Жалпы, аталған клуб мүшелері мен кафедра студенттері арасында соғыс ардагерлері мен интернационалшы жауынгерлер қатысуымен ерлік сабақтары, дөңгелек үстел отырыстары да жиі өткізіліп тұрады. Соның бірі «Ұлы Даланың батыр қыздары» атты мерекелік іс-шара кафедрада жұмыс істейтін қыз-келіншектер мен студент қыздарға құрмет көрсету түрінде өтті. Онда кафедра бастығы, полковник С.Мұқышев тылда ерліктің айрықша үлгісін танытқан апа, әжелеріміз бен бүгінгі күнгі қыз-келіншектердің орны мен ерен еңбектерін атап өтті.
Ағымдағы жылы, сондай-ақ клуб мүшелерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басқарма штабында болуы ұйымдастырылды. Басқарманың тәрбиелік және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлімінің бастығы, полковник Е.Бятов жалпы құрылымның құрылуы, қалыптасуы және дамуы туралы айтып берді. Болашақ сардарлар штаб аумағын, әскери мұражайды аралап көріп, барлық әскери техникалар түрлерімен танысып шықты. Олар Кеңес Одағының Батыры, жазушы Б.Момышұлының Жуалы ауданының орталығындағы мұражайына да барып қайтты. Мұражайда батыр атамыздың өзі пайдаланған темір сейф, чемодан, домбыра, кітаптар, күйтабақтар, кілем, ыдыс-аяқ, жазу үстелі, баспа машинасы, мүштіктер, аспалы шам секілді ерекше құнды заттары сақталған екен. Сондай-ақ өз қолымен немерелеріне арнап салған суреттері, қазақша өрнектермен көмкерілген альбомдары жастарға түрлі ой салды. Мұражай жетекшісі клуб мүшелерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, мазмұнды экскурсия өткізді. Бұл да жастарды батыр тағылымына ұйытып, ерлікке тәрбиелеуге септескені анық.
Жас патриоттар – болашағымыздың кепілі. Оларды алдағы уақытта да елімізді, жерімізді сүюге, ата-баба дәстүрін қастерлеуге, ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға тәрбиелеу ісін жемісті жалғастыра да беретін боламыз.

Ұлықбек ЖҰМАБЕКҰЛЫ,
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік
университеті әскери кафедрасының аға оқытушысы,
техника және технология магистрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support