Дастарқаның мол болсын

Өткен сенбі-жексенбі күндері қалалық коммуналдық базар аумағында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесінде тұтынушыларға Тараз қаласы мен Жуалы, Меркі, Мойынқұм аудандарының тауар өндірушілері және әлеуметтік тұрақтандыру қоры өз өнімдерін ұсынды. Бұл жолы жалпы құны 7,6 миллион теңгені құрайтын 61,7 тонна түрлі тауарлар сатылымға шығарылды. Оның ішінде жылқы, сиыр, қой және тауық еті – 7,8, сүт өнімдері – 1,7, шұжық – 1,5, балық – 2,3, бал – 0,6, макарон және кондитер тағамдары – 2,45, тұз – 0,3, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері 40,1 тонна көлемінде. Бес мың дана жұмыртқасы тағы бар.
Жәрмеңкеге келген жұрттың қарасы да қалың болды. Мереке қарсаңы болғандықтан ба, мал еті жақсы өтіп жатты. Әсіресе жұмыртқа мен тауық етіне сұраныс мол-ақ. Тұтынушылардың басым бөлігін зейнеткерлер құрайтыны байқалды. Өйткені қай сауда нүктесіне барсақ та ет пен сүт өнімдерін алып жатқан әжейлерді көптеп кездестірдік.
Біз сөзге тартқан қала тұрғыны Нұрлыайым Нұрсадықова немерелеріне сүт, ірімшік, жұмыртқа алыпты. Енді жылқы етін алмақ ниеті бар екен. Ұзақ жыл білім саласында басшылық қызметте болған ол жәрмеңкедегі азық-түлік өнімдерінің бағасы базардағыдан әлдеқайда арзан, өздері үшін қолжетімді екенін айтты.
Сөрелерді жағалай аралап шықтық. Ет, сүт, көкөніс, жалпы адамға қажетті азық-түліктің барлық түрі молынан жеткізіліпті. Соның ішінде Жуалы ауданының тауарларына деген сұраныстың жоғары екенін байқап қалдық. Б.Момышұлы ауылында жаңа ашылған «Ақ Алтын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік меңгерушісі Сұлушаш Матаева 20 литр пастерленген сүт, айран, 15 килограмм сарымай мен ірімшік әкеліпті. «Ашылғанымызға төрт ай болды. Сүт өнімдерінің 15 түрін шығарамыз. Бүгінгі жәрмеңкеге өніміміздің барлық түрін әкеліп отырмыз. Тауарларымыз тұтынушылар көңілінен шығуда. Қазіргі таңда зауытта күніне тұрғындардан 1 тонна сүт қабылданып, өнім шығарылуда. 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Еңбек ақылары 60 мың теңге көлемінде. Алдағы уақытта зауыттың қуаттылығын еселеп арттыруды ойластырудамыз», – дейді ол.
Келесі бір сауда нүктесінде тауық еті өткеріліп жатты. Жуалылық жеке кәсіпкер Айнакүл Ахмадбекова 3 жылдан бері үй құстарын өсірумен айналысады екен. Айына 2000 тауықтың етін дайындап, аудан, қала нарығына өткереді. Ол жеке иелігіндегі инкубатордан ай сайын 15000 балапан шығарылуын қамтамасыз етуде. Облыстық деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан жәрмеңкеге осымен үшінші жыл үзбей қатысып келеді.
Сондай-ақ Мыңаралдың балығы да сөрелерде қат-қат болып жатыр. Соңғы он жыл бедерінде аудан атынан жәрмеңкеге тұрақты атсалысып келе жатқан мойынқұмдық кәсіпкер Сансызбай Камиев бұл жолы 1 тонна балық әкеліпті. Өткен жолы да 1 тонна өнімін өткеріп кетіпті. Алымсақтар балықтың килограмын 500 теңгеден пышақ үсті бөлісуде. Жәрмеңкенің өнімді өткеруші үшін де, алушы үшін де тиімді екендігінің бұл да бір нақты айғағы іспеттес.
Айта кетейік, жәрмеңке мамыр айының соңына дейін сенбі және жексенбі күндері апта сайын бекітілген кестеге сәйкес жалғаса бермек. Келесі аптада тұтынушыларына Тараз қаласының және Байзақ, Қордай, Талас аудандарының кәсіпкерлері мен әлеуметтік тұрақтандыру қоры өз өнімдерін ұсынатын болады.

Диас Маратұлы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

микро займ на карту