- Advertisement -

Елге жақын басшыны ел де қолдайды

43

- Advertisement -

шағын ауданды жаяу аралап шықты

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жаңа қызметіне кірісе салысымен қаладағы бірқатар мемлекеттік-әлеуметтік нысандарды аралап, әкімдікке қарасты мекемелердің жұмысымен танысып шықты. Жалпы жыл басында өңір басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан, ауыл әкімдерінің регламенті бекітілгені белгілі. Ондағы айқындалған басты міндетке сәйкес, түрлі деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың басшылары өздеріне қатысты салалар мен нысандардың жай-күйімен тұрақты түрде танысып отыруға тиіс. Міне, төрт жүз мыңға жуық халқы бар шаһардың басшысы осы талапқа сәйкес орынбасарлары мен бөлім басшыларын автобусқа отырғызып алып, қаланы аралауға шыққан.
Қайрат Әскербекұлы бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты. Мұнда атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттар қабылдануда. Қала әкімі орталықтың жұмысымен жан-жақты таныса келіп, халыққа қызмет көрсетуді оңтайлы ұйымдастыруды, шағын және орта кәсіпкерлік ісін бастауға ниетті азаматтарды несиелендіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Одан кейін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде болды. Бөлім жұмысымен мекеме басшысы Гаухар Олжабаева таныстырды. Бөлімге 4748 адам әлеуметтік көмек алу үшін қайырылған. Бүгінде олардың 1729-на көмек тағайындалған. Жалпы қала бойынша 20 мың адам әлеуметтік көмек алады деп болжанған. Қала әкімі өз құжатын беріп, бір адамның құжаттары бойынша мәліметтерді дерекқорға енгізуге 4 минут уақыт кететіндігіне көз жеткізді. Сонымен қатар бұл бөлім әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға қайырымдылық көрсету шараларынан да шет қалмауда. Бұл мақсатта бөлім «Ниет» қайырымдылық қорымен келісімшартқа отырып, бірлесе жұмыс істеуде. Олар бүгінгі таңда 5 мың адамды қажетті киім-кешекпен қамтуды көздеп отыр. Аталмыш қор арқылы қажетті киім-кешектер 4 мың адамға үйме-үй жеткізіліп те берілген. Аз қамтамасыз етілген 531 отбасының 2100 адамына дер кезінде көмек көрсетіліпті.
Бұдан кейін шаһар басшысы қалалық жастар орталығының және жер қатынастары бөлімінің жұмыстарымен танысты. Қала әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай жер қатынастары бөлімі орналасқан ғимаратқа қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімін көшіріп, онда тұрғындарға «бір терезе» қағидасымен және «І-көмек» бірыңғай коммуналдық диспетчерлік қызмет көрсету орындарын ашу жоспарланып отырғанын, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 82 миллион теңге бөлініп, арнайы ғимарат қарастырылып жатқанын жеткізді.
Шаһар басшысы тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы арқылы жөндеуді қажет ететін нысандарда да болып, «Талас» шағын ауданындағы №15 көп қабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Осы үйдің тұрғыны Рыскүл Алдажарова мердігерлік ұйым «ИнтегралСтрой Life» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздері тұрып жатқан көп қабатты үйді 53 миллион 300 мың теңгеге жөндеп беруге келісіп отырғанын жеткізді. Қала әкімі мердігерге балалар ойын алаңын салып, ауласын абаттандырып, жолына асфальт төсеп беруді тапсырды. Аталған бағдарлама бойынша мердігер былтыр №9 үйді күрделі жөндеуден өткізіпті. Тұрғындар үйлерінің сапалы жөнделгенін айтып, мердігерге алғыстарын білдірді. Сондай-ақ кездесу барысында тұрғындар қураған ағаштарды кесу, жолдарды жөндеу, арыққа су жіберу және күл-қоқыс тастайтын орындарды асфальттау сияқты жұмыстар жүргізілуін сұранды. Қала әкімі шағын ауданды жаяу аралап, толық танысып шықты.

«ауыл-береке» жолы жөнделіп, мектептер маңы жарықтандырылады

Келесі күні автобусқа жұмыс тобымен қайта отырған Қайрат Досаев қала жолдарының жағдайына назар аударды. Жолаушылардың наразылығын тудырып отырған «Ауыл-Береке» базарына апаратын жолмен де жүріп өтті. Бұл бағыттағы жолдың әбден тозығы жеткен екен. Сол араға жақын орналасқан Малогвардейская көшесінде жылу құбырын ауыстырып жатқан мердігерлік ұйым «Құрылыс ТЭД» ЖШС-ның басшысына базарға баратын жолды тегістеп беру табысталды. Сонымен бірге жол жағалай өсіп кеткен шөпті ору, қураған ағаштарды отап, жабайы жарнамаларды алып тастау, ашық қалған құдықтардың қақпақтарына түгендеу жүргізу жұмыстары тиісті салалар басшыларының мойнына жүктелді. Шаһар басшысы, сондай-ақ «Барысхан», «Бурыл» тұрғын алқаптарында да болып, су-құбыр және электр желілерін жүргізіп жатқан «Сұңқар-2002» және «Пырақ құрылыс» ЖШС-ларының басшыларымен кездесіп, оларға да бірқатар тапсырмалар берді. 15-шағын ауданның және Сабалақов көшесінің соңындағы 255 коттедждік үйлердің құрылыс барысымен де танысты.
Қ.Досаев қаланың түнгі жарықтандырылу жайымен танысу мақсатында көшелер мен шағын аудандарды, саябақтарды да автобуспен аралады. Түнгі рейдтік тексерулер барысында жарығы жанбай тұрған көшелер мен билбордтардың көптігі анықталды. Қала әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарына билбордтардың иелерімен және жарыққа жауапты мекемелермен кездесіп, келісімшарт негізінде жарықты қалпына келтіруге екі апта уақыт берді. Әсіресе шаһар басшысы мектептер маңындағы жарықтандыруға айрықша мән беріп, барлық мектептерге апарар жолдардың бойына шамдар орнатуды қатаң тапсырды. Сонымен қатар қалалық мәдениет үйінің алдында серуендеп жүрген шаһар тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Қала көшелері мен саябақтарды жарықтандыруда олар айтқан ұсыныс-ескертпелерді басшылыққа алып жұмыс жасайтындығын жеткізді.
«шахристан» жаңа
келбетке ие болады

Қала әкімі Қайрат Әскербекұлы «Шахристан» базары маңында тұратын тұрғындармен де кездесті. Жалпы алдағы уақытта базар орнында тарихи-мәдени орталық пен Тараз «Арбатын» жасау жобалары қолға алынғаны белгілі. Соған сәйкес аталмыш аумақтағы көп қабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті ортағасырлық шығыс сәулет өнерінің үлгісінде айшықталуы қала құрылысы кеңесінде қарастырылған. Шаһар басшысы аумақ тұрғындарымен кездесуі кезінде бұл жұмыстар тұрғындар есебінен жүргізілу тиістігін еске салып өтті. Ол үшін арнайы пәтер иелері кооперативі құрылуы қажет екен. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстарын жүргізуге тұрғындар өз келісімдерін де берді. Сондай-ақ бүгінде тұрғын үйлерге жапсарлас павильондарды бұзып, оларды арнайы бөлінген жер телімдерінде қайта салу ұсынылды.

Тараз қаласы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support