Жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейту қажет

Облыстық әкімдікте құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті штаб отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне сәйкес бірінші кезекте жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұрат Байсекешовтің өңірдегі автомобиль жолдарында 2019 жылдың алғашқы тоқсанында орын алған апаттардың жай-күйі туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, облыс көлемінде жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,4 пайызға, ал қаза болғандар саны 13 пайызға кеміген. Есесіне жарақат алғандар саны 9,4 пайызға артқан. Жол-көлік оқиғалары өңіріміздің Жамбыл, Қордай, Меркі, Сарысу және Шу аудандарында, қаза болғандар Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Қордай аудандарында көбірек тіркеліп отыр. Жарақат алғандар да осы аталған қала мен аудандардың үлесінде. Ал республикалық жолдардағы апаттылық көрсеткіші Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында жоғары болып отыр.
Жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуіне жүргізушілердің жол ережесін сақтамауы да сеп болуда. Олардың көбінесе жылдамдықты мөлшерден тыс арттырып, жол белгілеріне пысқырып та қарамайтыны байқалып отыр. Сондай-ақ жыл санап автокөлік құралдарының саны да артып келеді. Мәселен, алдыңғы жылмен салыстырғанда, автокөлік саны 8 пайызға өсіп, 19 мыңнан асып кеткен.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жол қозғалысы ережелерін бұзудың 31 258 дерегі анықталып, ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14565 дерекке артып отыр. Соның ішінде, республикалық мәндегі автожолдарға қызмет көрсететін облыстың патрульдік полиция батальоны өңірдегі – 12952, Тараз қаласындағы 15897 құқық бұзушылықты тіркеген. Сот шешімімен көлікті ішімдік ішіп басқарған 334 азамат жүргізуші куәлігінен айырылыпты. Сондай-ақ есепті кезеңде «Автобус» және «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, нәтижесінде жол қауіпсіздігі ережесін сақтамаған 2766 жүргізушінің атына хаттама толтырылған.
Басқарма бастығы өз баяндамасында полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігінен бұл іс-шараларға учаскелік полиция инспекторларын да тартып отырғандарын жеткізді. Бұл олардың өз қызметтік функционалдық міндеттерінің орындалуына теріс әсерін тигізіп отырғанын айта келіп, патрульдік полиция қызметкерлері қатарын көбейту керектігін ұсынды.
Бұдан кейін сөз алған облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаров шаһардағы жол-көлік оқиғаларының салдарынан жарақат алғандардың көбейіп, автокөлік жүргізушілерінің жаяу жүргінші жолағында жүргіншілерді қағып кету оқиғалары жиілеп кеткенін жеткізді.
Екі баяндамашының да сөзін мұқият тыңдаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков штаб пен полицияның бүгінгі күнге дейін атқарған жұмыстарын сын тезіне алды.
– Соңғы кездері жол-көлік оқиғалары мен қайтыс болу дерегі азайғанымен, жарақат алғандар саны артып отыр. Оның басым бөлігі республикалық мәндегі жолдарда орын алуда. Екі-үш апта бұрын Қордайда автобус аударылып, 11 адам қаза болды. Бірнеше жолаушы түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Арада екі күн өтпей жатып Күйік асуында КамАЗ бен автобус соқтығысып қалды. Былтыр автобустардың түнде жүруіне біршама тыйым салынып, жол-көлік оқиғалары азайғандай еді. Неге сол жұмысты қайта жандандырмасқа? Ал Тараз қаласында үш айда 431 адам жол-көлік оқиғасынан жарақат алған. Бұл – шаһар үшін өте көп. Жол-көлік оқиғаларын азайту үшін не істейміз? Айтыңдаршы. Соны бірлесіп шешейік. Тығырықтан бірлесіп шығар жол табайық, – деді Бекболат Серікбекұлы.
Оның қойған сұрағына байланысты жауап берген тиісті басқарма мен бөлім басшылары жол сапасының төмендігінен жол-көлік оқиғалары орын алуда деген тоқтамдарын айтты.
Сондай-ақ жиында Талас пен Сарысу аудандарындағы штабтар жұмыстарының барысы тыңдалды. Штаб мүшелері ой-пікірлерін ортаға салып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейту керек деген ортақ байламға келді.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

микро займ на карту