Жамбылдық спортшылар жасындай жарқылдады

Өңірімізде өткізіліп жатқан спорттық аламандар лайықты жалғасын табуда. «Тараз Арена» спорт кешенінде каратэ-до шотоканнан жалауы желбіреген ел чемпионаты мәресіне жетті.
Дуы басым додаға еліміздің барлық қиырынан 430-дан астам спортшы қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Аламанда топқа түскен кіл мықты топ жару үшін аянып қалмай, жеңіске жету үшін жанталасты.
Ел чемпионатының ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков арнайы келіп қатысты. «Өңірімізде осындай доданың өткізілуі – зор мақтаныш. Жамбыл жері чемпиондардың мекені ғой. Талай мықтылар туып-өскен өлкеміздің сайыпқырандары Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттары секілді байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүр. Осы чемпионатты тамашалаған көптеген жастарымыз спортқа бет бұрып, олар да алдыларына зор мақсаттар қоятынына бек сенімдімін», – деді Бекболат Серікбекұлы кіріспе сөзінде.
Бұдан соң облыстық каратэ-до шотокан федерациясының құрметті президенті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Чапай Самақов сөз сөйлеп, біріншілікте бақ сынауға келген саңлақтарға сәттілік тіледі. Мұнан соң Қазақстан Республикасының Ұлттық каратэ-до федерациясының президенті Фарит Аюпов сөз алып, аламанға келген оғландар көне Тараз жерінде жасындай жарқырайтындықтарына сенім білдірді.
Кейіннен спортшылар екі күн бойы «кім мықты» деген сауалға жауап іздеді. Нәтижесінде қарсыластарынан оқ бойы озық болған Жамбыл облысы құрамасы жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Жүлделі екінші орын Батыс Қазақстан облысынан келген спортшылардың еншісінде кетсе, үшінші орын Түркістан облысының саңлақтарына бұйырды. Жекелей сында жамбылдық спортшылар 20 алтын, 19 күміс, 15 қола медаль иеленгенін айта кеткен ләзім.
Жалпы алғанда ел біріншілігінде топқа түскен жамбылдық сайыпқырандардың қимылы мен айла-тәсілдері көңілге қонымды болды. Шеберліктері шыңдалып келе жатқан спортшыларымыздың әлі талай асуларды бағындыратыны талас тудырмайды деген ойдамыз. Біз соған бек сенімдіміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

микро займ на карту