- Advertisement -

Олар отанды қорғауға дайын!

28

- Advertisement -

Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір жастың міндеті. Сондықтан өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу, әскери құндылықтарды насихаттай отырып, азаматтық жауапкершіліктерін орнықтыру, әскери қызметтің беделін көтеру маңызды. Осыған байланысты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті «Жастар аллеясының» үлкен LЕD экраны алдында акция ұйымдастырды. Кейінгі толқын өкілдерін азаматтық пен жауынгерлікке тәрбиелеу мақсатындағы «Мен Отанды қорғауға дайынмын!» атты облыстық патриоттық іс-шараға 500 жас қатысты.
Еліміздің Қарулы Күштері қатарына салтанатты түрде шығарып салуға арналған акцияда облыс әкімдігі жастар мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасы басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Ермиян Бятов, генералдар кеңесі республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры, ардагер-генерал Әбдіғаппар Қазиев, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының облыс бойынша төрағасы Абдисамат Дулатов болашақ сарбаздардың Ата Заңды қалтқысыз сақтаудағы, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетудегі мәртебелі қызметтеріне тілектерін білдірді.
Жастарға үлкен серпін беріп, жауынгерлік рухты оятатын айтулы жиында ұйымдастырушылар әскер қатарына шақырылған жас өрендерге қажетті заттар табыстап, Отан алдындағы борышын өтейтін 50 сарбазды салтанатты түрде әскер қатарына шығарып салды.
Айбыны асқақ, білегі мығым, тәуелсіздігіміздің мызғымастығы мен тұтастығының белгісі саналатын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығына орай өткен акция соңында патриоттық әндер шырқалып, жауынгерлік рухтағы билер орындалды.

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support