- Advertisement -

Жиырмасыншы ғасыр ақынының бүгінгі ұрпаққа аманаты

111

- Advertisement -

Мыңатай ақын өткен ғасырда – 1922 жылдың 1 мамырында туып, 1983 жылы 61 жасында өмірден озыпты. Яғни биыл туғанына 97 жыл толып отыр. «Aq jol» газетімен де түйдей құрдас. Қаншама қиындықтарды бастан өткерсе де, осынау тағдырлы ғұмырын ақын мейлінше тағылымды, өнегелі, өрнекті ете алған екен. Оған оның өзінің өмір жолы да, қолымызға жаңадан тиген «Жиырмасыншы ғасырдың қазағымын» атты еңбегі де толық айғақ боларлықтай.Иә, өткен ғасырда бұл қазақ не көрмеді десеңізші! Мыңатай ақын да сол бір кезеңде ашаршылықты да, соғысты да, басқасын да өз тұстастарымен бірге бастан өткерген. Дейтұрғанмен дүрбелеңі мол дәуірдің өршіл ұландары қиындыққа қасқая қарсы тұрып, табандылықпен күресудің үлгісін көрсетті. Жамбылдық ақынның отқа, суға түссе де, шыдамдылық танытуы, соның бәрін өлеңімен өріп, өмірін өнегелі ете алуы ерлікпен пара-пар емеспе?! Көлемді жыр-толғаулар туындатуы, ақтаңгер айтыс ақыны, айтулы балалар ақыны ретінде де танылуы, ел басына күн туған кезеңде қолына қару алып, қан майданға аттануы, бейбіт кезеңде ұстаздық етіп, жас ұрпақ тәрбиелеу ісіне атсалысуы дейсіз бе – бәрі-бәрі де кейіпкеріміздің тұлғалық сипатын жоталандыра түсетін сияқты. Осыларды ескере келгенде, бір кезде оның өзі басшысы болған мектепке аты берілуі әбден құптарлық іс болды.
Бүгінде Талас ауданы Қызыләуіт ауылындағы білім ұясының өрендері тәрбиелік мәні зор өлеңдер жазған ақын, сұрапыл жылдарда қаламы мен қаруын қатар қолданып, Берлинге дейінгі жорық жолдарынан өткен майдангер Мыңатай Қыстаубаев тағылымымен тәрбиелену үстінде.
«Сонау сұрапыл соғыс жылдарында, тыныштық болды ма – айтшы, Отанның қыздары мен ұлдарында» деп бір өлеңінде жазғанындай, соғыс ақынның өзінің де өмірінде терең ізін қалдырған еді. Жуырда ғана «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген, ақынның әр жылдардағы жыр, толғаулары, балаларға арналған өлеңдері, мысал, сықақтары топтастырылған жаңа кітапта да жаралы жылдар бейнесі, жиырмасыншы ғасыр перзенттерінің үні, арман-мақсаттары айқын көрініс береді. «Жиырмасыншы ғасырдың қазағымын», «Солдат сыры», «Отан ұлдары», «Құрдасқа хат», «Соңғы соққы», «Менің құрдастарым», «Саша», «Мен» атты толғау, поэмалар – майдангер ақынның өз өмірінен алып жазған дүниелері. Жас ұрпаққа берер тағылым-тәрбиесі де мол.
Қысқасы, бұл тарлан ақынның – XX ғасыр қазағының бүгінгіге аманат-хаты десек те әбден болады. Бүгін біз аталған кітапта жарияланған толғаудың бірін оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

«Мәдениет және спорт» бөлімі.

Солдат сыры

Он тоғыз жас – омыраумен от бастық,
Өлу емес, өмір үшін шайқастық.
Ар алдында ата жаумен соттастық,
Араны кең азулымен айқастық.

Әділеттің жеңеріне сендім мен,
Күш-қайратты жеңіс үшін бердім мен.
Тірілермен елге оралдық есейіп,
Жеңіс туын желбіретіп Берлиннен.

* * *
Қайдасың жалын жастығым,
Алауы лаулап сөнбейтін.
Арқалап солдат қапшығын,
Ауырға ырық бермейтін.

Самарқау тарттым мен неге,
Еңіске әлде кеттім бе.
Дес бермеуші едім пендеге,
Екпінін басып өрттің де.

Көңілім, неге мұңайдың,
Басқандай салмақ денемді.
Ырқына көніп Құдайдың
Қалғаным ба, мен енді.

Өмірге ғашық жандардың,
Жарқылы сөнбес жүректен.
Ей, Солдат, сен жасыма,
Бас алға адал тілекпен.

Бір күнгі сәуле-тынысың,
Сен үшін байлық демес пе.
Жаралған жандар жыр үшін,
Өмірге құштар емес пе?
Дұшпаның күндеп күйінсін,
Онда жоқ сенің дарының.
Дана бас қалай иілсін,
Ойлайтындарға қарынын.

Достарың шалқып сүйінер,
Түспесін ақау дарынға.
Жалынды жырды жиі бер,
Қадалсын оқша «қарынға».

* * *
Өзгені қойып өзімнің,
Шарлайын майдан-жолымды.
Тұлпарын мініп төзімнің,
Байқайын оң мен солымды.

ІІ
Осынау шақта басымды,
Қазан ба деймін қайнаған.
Сорғалап аққан жасымды-
Қан ба екен деймін айналам.

Ойға алам да, толғанам,
Кіргендеймін ұрысқа.
Ұстай қалса қол қалам,
Деп қаламын қылыш па?

Достарым қылыш сермесіп,
Кескілеп жауды жатқандай.
Мен біреумен белдесіп,
Біреулер мені атқандай.

Домалап темір каскалар,
Ажырап бастар иықтан.
«Жеңілмейтін» қасқалар,
Сағатта санын сұйылтқан.
Адам ғой жау да жаны бар,
Айлалы, алғыр, айбатты.
Ағатын шапшып қаны бар,
Соққанда күштер қайратты…

Бұйырма, достар, бұрысқа,
Көргенмін бәрін көзіммен.
Гитлер салған ұрыста,
Өзім де жаннан безінгем.

Айырылып достан қарулас,
Аңырап қалған кезім бар.
Қансырап қалса бауырлас,
Алда жау, шыдар төзім бар.

Жарылып мина, бомбалар,
Солдатты кетер жіліктеп.
Денеден жырақ қол қалар,
Айнала ажал бүлік тек.

Ұрыспен өткен жол қашық,
Сталинградтан Берлинге.
Ауырлық арды қолдасып,
Дәм-тұзын таттық елдің де.

ІІІ
Аттанған жастар мыңдаған,
О баста туған ауылдан.
Ойласам, салар мұң маған,
Оралмай өшті дауылдан…

Сол соғыс қалай килікті,
Ойлаймын ұзақ жатып мен.
Адамдар, қолға ал билікті,
Жойылсын соғыс атымен!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support