- Advertisement -

Бауырластық бәрінен қымбат

71

- Advertisement -

Өзбек елінде Қазақстан жылы 15 сәуірде ресми түрде бастау алғаны мәлім. Осы салтанатты шараға Өзбекстанға арнайы іссапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан болатын. Мемлекет басшысы біздің елдің барлық дерлік өңірінде өзбек этномәдени бірлестіктері бар екенін тілге тиек етіп, Қазақстанда 2 өзбек театры табысты жұмыс істеп жатқанын айтты. Қазақ-өзбектің сан жылдар бойы жалғасып келе жатқан достығы мен бірлігін сақтау қазіргі ұрпақтың ортақ парызы екенін сөз етті.
Жалпы қос халықтың тілі ғана емес, діні мен ділі, мәдени құндылықтары да ұқсас. Ал осы тамыры терең рухани байланыстан достық, бауырластық қалыптасқаны талас тудырмайды. Алдағы уақытта әрі қарай өзара сыйластық қарым-қатынастар орныға түсу үшін қандай қадамдар жасау қажет? Тараз қалалық өзбек этномәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдиновпен сұхбатымыз осы сұрақ төңірегінде өрбіді.

– Абдурахман Юлдашевич, бауырлас екі елдің арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Жамбыл жерінде нендей жұмыстар қолға алынған?
– Белгілі бір тарихи оқиғалардың әсері ғой, бүгінде Ұлы Дала елінде тағдыры тоғысқан 130-дан аса этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Кейбірі КСРО ыдыраған соң тарихи Отанына көше бастады. Әйткенмен өз өмірлерін Мәңгілік Елмен байланыстырып, тамырын тереңге жайғандары да бар. Бүгінде осы диаспоралардың барлығын Елбасы құрған Қазақстан халқы Ассамблеясы бір шаңырақ астына біріктіріп отыр. 1995 жылғы 1 наурызда Тұңғыш Президенттің Жарлығымен құрылып, консультативті-кеңесші органға айналған қоғамдық институттың көп ұлтты елімізде алар орны ерекше. Ассамблея жанынан ақсақалдар және аналар, қоғамдық келісім кеңестері, ғылыми сарапшылар мен жастар топтары, медиация кеңселері, тіпті қолөнершілердің шығармашылық шеберлігін дамыту сияқты орталықтар да жұмыс істейді. Міне, аталған құрылымдардың барлығы тек қазақ пен өзбектің ғана емес, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығын сақтау және дамыту бағытында жұмыс жүргізуде. Ал өз кезегінде елдегі әртүрлі этнос өкілдерінің мәдениеті мен салтының сақталып, ішкі ынтымағымыздың мығым болуы, оларға тең дәрежеде құқық берілуі – сыртқы саясаттағы ісіміздің алға басуына ықпал етіп отырғаны анық.
– «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» тақырыбымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы жүктеген міндеттерге тоқталсаңыз?
– Сессияға Тұңғыш Президент-Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Жиында болашақтың міндеттері айқындалды. «Татулық пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғыру» деген тақырыбы айтып тұрғандай-ақ, бұл жиын әртүрлі этникалық топтардың достығын нығайтуға үндейді. Елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында жұртты жұмылдыра түседі.
– Абдурахман Юлдашевич, былтыр Қазақстанда Өзбекстан жылы өтті. Соған байланысты оңтүстік аймақта қандай шаралар атқарылды?
– Былтыр Өзбекстан жылына орай елімізде ауқымды іс-шаралар өткізілді. Оның бәрі Қазақстанда тұратын өзбектердің ұлттық мәдениетін сақтау мен дамытуды мақсат тұтқанын атап өткен жөн. Біздің өңірде Өзбекстаннан қонақтар шақырылып, түрлі деңгейдегі керемет кездесулер ұйымдастырылды. Ал аймақ бойынша ұйымдастырылған шаралардың ішінде былтыр 27-28 наурыз аралығында Түркістан қаласында өткен «Біз біртұтас халықпыз» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ерекше атап өтуге болады. Таразға да көрші мемлекеттің тарихшылары, әдебиетшілері мен өнертанушылары шақырылып, ғалымдар мен атақты тұлғалардың өмірінен сыр шертетін фильмдер мен бейнематериалдардың көрсетілімі өтті.
– Ал биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылына орай елімізде, оның ішінде Жамбыл өңірінде өтетін іс-шаралар жоспары қандай?
– Алтын Орда құлдыраған XV ғасыр «озбак-казак» халқының қанат жайған дәуірі саналады. Себебі ешбір ұлт өздігінен пайда болмаған. Әр адам секілді кез келген ұлт та ата-анадан, яғни ортақ бабаларымыздан тараған. Кез келген ұлттың биологиялық күші – тілі мен жазуында. Сондай-ақ салт-дәстүрлердің, әдет-ғұрыптар мен мәдениеттің сақталуында. Бұл ретте бауырлас қос көрші – тек тарихи тамырлар мен тілдерді ғана емес, осы биологиялық құндылықтарды да сақтай білген ел. Сондықтан ортақ рухани құндылықтарымызды жаңғырту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын тауып, қарқынды түрде жүзеге аса бермек.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен
Альмира ОМАРОВА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support