Алматы мен Тараз арасы… 40 минут та

Ал авиабилет тің бағасы 4000 теңгеден басталады

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай «Эйр Астана» әуе компаниясының «Fly Arystan» лоукостері Алматы мен Тараз аралығына алғашқы ұшу сапарын сәтті аяқтады. Осы күні Алматыдан келген ұшақ көне шаһардың «Әулиеата» әуежайына қонды. Бұл тарихи сәтке қала жұртшылығы куә болды. Тұрғындарға қолжетімді бұл бағыттың алғашқы жолаушыларын қарсы алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров пен «Халықаралық Әулиеата әуежайы» АҚ басқарма басшысының орынбасары Марат Салпыков алқызыл лентаны қиды. Ендігі жерде Тараз бен Алматы қалалары аралығындағы жолсапарлар уақыты едәуір қысқаратын болады. Жолаушылар қос қала аралығында небәрі 40 минут қана ұшады. Сапардың біржақты билет құны, әуежай алымдарымен қоса есептегенде 3 999 теңгеден басталады. Ал басқа да қызметтер мен қол жүктерін қоса есептегенде тарифтеріне қарай 5-6 мың теңге аралығында болады. Жолаушылар ең арзан бағаға ұшып баратын билетпен 5 келіге дейін қол жүгін тегін алып жүре алады. Қосымша жол жүгін алып барамын десе тағы да ақша төленеді. Мәселен, отыз келі жол жүгі 6 мың теңге болады. Былайша айтқанда, аса қымбат емес. Бір кісі қосымша ақша төлеп 60 келіге дейін жол жүгін алып бара алады. Және де борттық тағамға тапсырысты алдын ала сайттан танысып немесе ұшақта төлем картасымен жүзеге асыруға болады. Орынды таңдау, алғаш рет ұшаққа отырғандарға қажетті кеңестер беру секілді қызмет түрлері де қарастырылған.
Ұшу қызметін жүзеге асыратын «Эйр Астана» әуе компаниясы лоукостерінің барлық инженерлік флот, ұшақ командирлері, жолсеріктері – тәжірибесі мол мамандар. Қауіпсіздік жағы толық қамтамасыз етілген. «Алматы-Тараз-Алматы» бағытымен 180 орындық, заманауи «Airbus A320» ұшақтары күнделікті ұшу сапарларын орындайтын болады. Осылайша әуе компаниясы аталмыш бағыт бойынша бір жылда 130 000-нан астам жолаушыны тасымалдауды көздеп отыр. Алдағы уақытта екі қала арасына ұшақтардың күн сайын ұшуы қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, Тараздан кешкі сағат 20:50-де жөнелтілсе, Алматыдан 19:20-де бері қарай ұшып шығатын болады. Сондай-ақ бұл іске «Золотой караван» туристік фирмасы атсалысуда. Тиімді бағадағы рейстер өңірдің туризм саласының дамуына да оң септігін тигізеді деп күтілуде.

«Әулиеата» әуежайында ұшақты бар салтанатымен күтіп алу шарасы өткен соң, баспасөз мәслихаты өтті. Оны облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова жүргізіп, алғаш болып сөз тізгіндеген облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров: «Өздеріңізге белгілі, аймақта туризм саласы қарқынды дамып келеді. Осыған орай өңірге келетін туристер үшін бұл бағыт өте ыңғайлы болмақ. Бағасы да қолжетімді. Жалпы, «Әулиеата» әуежайы әртүрлі санаттағы, түрлі бағыттағы ұшақтарды қабылдауға дайын. Осыдан бір-екі жыл бұрын әуежай толық жөндеуден өтіп, жаңа терминалдар қойылды. Ендігі жерде әкімдік тарапынан да осы бағыттың тұрақты түрде жолаушыларға сапалы қызмет етуіне бақылау болады», – деді. Бұдан кейін «Fly Arystan» әуе компаниясының менеджері Тим Джордан, аталмыш құрылымның сату және маркетинг жөніндегі директоры Жанар Жайлауова және «Халықаралық Әулиеата әуежайы» АҚ басқарма басшысының орынбасары Марат Салпыков журналистердің сауалдарына жауап берді.
– Билет құны белгілі бір бағадан бастап жоғары көтеріледі. Түрлі тарифтер бар. Арзандары бітсе, қымбат орындары саудаға шығады. Сондықтан жолаушыларға билеттерге алдын ала, ертерек тапсырыс беру керектігін айтамыз. Сол кезде билет әлдеқайда арзан болады. Мәселен, күзге жоспар құрып жатса, билетті осы бастан брондап қойса, оны ең арзан бағамен ала алады. Ал демалыс, мейрам күндері сұраныс көп болғандықтан, арзан билеттер тез алынып қояды да, қымбатына кезігеді. Бағалардың құбылып отыруы бұрыннан бар. 1 мамырға халықтан сұраныстың көп болуы көңіл қуантады. Бүгінгі күні пойызбен немесе автокөлікпен баратын жол шығынымен ұшақтарымыз да теңесіп отыр. Бірақ жеңіл көлікпен 6-7 сағатта баратын Алматыға 1 сағатта ұшып бару арқылы көп уақытыңыз үнемделіп, басқа да шаруаларыңызды сәтті тындыруға мүмкіндік береді. Бұйырса осы жылдың соңында немесе келер жылдың бірінші жартысында шетелге де шығатын боламыз, – деді компанияның сату және маркетинг жөніндегі директоры Жанар Жайлауова.
Ал осы күні Таразда аялдаған «Fly Arystan» компаниясының ұшағы бортына Алматы бағытындағы жолаушыларды мінгізіп, қайтадан көкке көтерілді.

Ерман ӘбдиевЕрман Әбдиев

Суреттерді түсірген Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.

микро займ на карту