- Advertisement -

60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

76

- Advertisement -

Бұрнағы күні облыс орталығындағы «Бәйтерек» шағын ауданында 60 пәтерлі арендалық-коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді. Пәтер кілтін алғандар негізінен баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері болды. Ал аталған көп қабатты үй өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Құрылысын жүргізген мердігерлік ұйым – «Бином» ЖШС. Бұл үйде 3 бөлмелі – 30, 2 бөлмелі – 15, 1 бөлмелі 15 пәтер бар. Ондағы үш бөлмелі пәтердің жалпы аумағы – 71, екі бөлмелісі – 58, бір бөлмелісі 40 шаршы метрді құрайды. Осынау салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев пен қала әкімі Қайрат Досаев қатысты.
– 2019 жылға бекітілген тұрғын үй құрылысының жоспары 465,4 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде көп пәтерлісі – 140 241, жеке тұрғын үйлер – 325 153 шаршы метр көлемінде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нысандарына барлығы 16,7 миллиард теңге қарастырылды. Бұл қаржы есебінен көп пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы мен 14 инженерлік инфрақұрылым жобаларын іске асыру жоспарланған. Атап айтар болсақ, 2019 жылы көп пәтерлі 27 тұрғын үй тапсырылуы тиіс болса, 3-еуі 2020 жылға өтпелі.
Жалпы, үстіміздегі жылы бюджет есебінен 2175 азаматты пәтермен қамту көзделген. Сонымен қатар 1704 гектар тұрғын үй алқабы (8272 телім) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылатын болады.
Бүгінгі күні облыста 25 мың адам пәтер кезегінде тұрса, оның 14 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топ өкілдері. Олардың дені – тұрғын үйге өте мұқтаж жандар. Оның ішінде көп балалы отбасылардың саны – 2641. Осы мәселені шешуге байланысты облыс әкімінің тапсырмасы бар. Тараздың өзінде 360 пәтерлі 8 жатақхананың құрылысы басталады. Олар алдағы күз айларында пайдалануға беріледі. Жалпы, облыс бойынша жыл соңына дейін 612 пәтерлі жатақхана баспанаға мұқтаж жандарға берілетін болады. Яғни тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың кезегі келгенше жатақханада тұрып, жақсы жағдайда өмір сүруіне мүмкіндік жасалады. Ал бүгін сіздерге 60 пәтерлі тұрғын үй берілгелі отыр. Амандық болса алдағы мерекелер қарсаңында тағы да 100 пәтерлі тұрғын үйдің 80 пәтері ел игілігіне беріледі. Ел бірлігі мерекесі қарсаңында Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 60 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 17 пәтер көп балалы отбасыларға тиесілі. Ал бүгін пайдалануға берілгелі отырған 60 пәтердің 30-ы көп балалы отбасыларға беріледі. Осылайша таяу жылдар ішінде барлық әлеуметтік мәселелерді шешу жөнінде облыс картасы жасалып, бекітілген. Осы картаға сәйкес жыл сайын құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілетін болады. Бүгін жаңа қоныс тойын тойлаушыларды құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.
Бұдан кейін Еркебұлан Әбілханұлы мен шаһар басшысы тұрғындарға пәтер кілттерін табыс етті. Бұл жолы үйлі болғандар қатарында 12 жетім бала, 31 әлеуметтік аз қорғалған және 17 мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері болды. Пайдалануға беріліп отырған көп қабатты тұрғын үй әлеуметтік жағынан қорғалатын санаттар өкілдеріне жекешелендіру құқығынсыз беріледі. Арендалық айлық төлемақы мөлшері – 5500-6000 теңге көлемінде.
Салтанатты шарада пәтер алушылар атынан Гауһар Айдарбекова ізгі тілегін жеткізіп, ризашылығын білдірді. Біз жаңа пәтер кілтін алып, қуанышқа бөленген балаларды қорғау орталығының түлектері, жетімдер – ағайынды Жансая мен Бекболат Серікбай және бес баланың анасы Зәуреш Алимовалардың пәтерлеріне кіріп, құтты болсын айттық. «Үлкен өмірге қанат қақтық. Балалар үйінің тәрбиесін көрдік. Енді алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуімізге де мүмкіндігіміз бар. Жеке пәтерге де ие болдық», – деді қуанышын жасыра алмаған Бекболат Серікбай.
– Пәтер кезегінде 2010 жылдан бері тұрамыз. Бес балам бар. Бұған дейін пәтер жалдап келдік. Ал пәтер жалдаудың қаншалықты қиын екенін басынан өткергендер ғана түсінетін болар. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында пәтерден — пәтерге көшу де оңай іс емес. Енді, міне, үш бөлмелі пәтерге ие болып, шаттанып жатқан жайымыз бар. Әсіресе балалардың қуаныштарында шек жоқ, – дейді бес баланың анасы Зәуреш.

Суретті түсірген
Юрий КИМ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support