- Advertisement -

Пулеметші батыр

296

- Advertisement -

Саттар Естемесовтің туғанына – 100 жыл

Биыл азаматтық абыройымызды асқақтатып, азаттық айбынымызды асырған, халқымызға қуаныш пен бақыт сыйлаған Ұлы Жеңіске 74 жыл толатын болса, осы соғыста талай дұшпанның сағын сындырып, ержүректіктің ерен үлгісін көрсетіп, ерлікпен қаза тапқан жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Саттар Естемесовтің туғанына 100 жыл толады. Азаматтық борышын адал атқарып, елі мен жерін дұшпаннан жан аямай қорғап, Ұлы Отан соғысының лаулаған отының ішінде қаза тапқан жерлесіміздің ерлігі бүгінгі өскелең ұрпақ өкілдері үшін патриоттық тәрбиенің ерен үлгісі болып қала береді.

Елім деп еміренген ердің өмір жолы туралы айтар болсақ, Саттар Естемесов 1919 жылы Шу ауданы «Сарыбұлақ» ұжымшарында (қазіргі Көкқайнар ауылында), шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған ол бала кезінен тағдыр тауқыметін көріп өседі. Еңбекке ерте араласып, оқуда да, қоғамдық жұмыстарда да белсенділігімен көзге түседі. Осылайша жеті жылдық мектепті бітірген ол соңғы сыныпта оқып жүріп-ақ комсомол мүшесі болады. Кейін еңбекке деген ептілігімен «Сарыбұлақ» ұжымшарының комсомол комитетінің басшылығына сайланады. Мектеп жасынан комсомол хатшысы болуы оның бойында ерекше қабілеттің барын аңғартқандай. Өнегелі жандардың өсиетін өн бойына сіңіріп өскен С.Естемесов соғыс қарсаңында Еңбекші ауылында қазылып жатқан канал жұмысына Сарыбұлақтағы жастарды жұмылдыра білді. Осындай қызу еңбек үстінде жүрген кезінде Батыстан соғыс өрті тұтанып, Саттар аудандағы әскери комиссариаттан келген үндеу қағазбан соғысқа өз еркімен аттанды. Бұл 1942 жылғы 13 маусым болатын.
Өкініштісі сол, С.Естемесов сол кеткеннен хабарсыз кетеді. Алайда кейінірек елге жеткен деректерден оның майдан даласында жауға қарсы ерлікпен шайқасқаны мәлім болады. Әскери өмірін 1942 жылы 26 маусымда бастап, пулеметшілер ротасының бөлімше командирі болған сержант С.Естемесовтің ұрыста хас батырша шайқасқанын 1942 жылдың аяғына дейін екі рет жараланып, екі рет госпитальға түскені айқын дәлелдейді. Қанды шайқастардың бірінде қаза тапқан взвод командирінің орнына қалып, жауынгерлерді атакаға бастаған. 1943 жылы тамызда Смоленск облысының Пречистень ауданында өткен шайқаста, 9 қыркүйекте Пречистень ауданының Дольшино деревнясы түбінде болған ұрыста қазақ халқының даңқты ұлы ерекше ерлігімен көзге түседі. Сондай-ақ 14 қыркүйекте Коноплянка деревнясын азат ету кезінде қырықтан астам фашисті пулеметімен жайратады. Осы шайқаста жау тылына өтіп кетіп, кеңес жауынгерлерін бас көтертпей тұрған станокты пулеметті гранатамен жояды. Мұнан кейін пулеметімен 20 фашисті жайратқанымен, осы кескілескен ұрыста өзі де ерлікпен қаза табады. Батыр атаның сүйегі осы жерде, яғни Смоленск облысындағы Коноплянка деревнясында жерленеді.
Жауынгердің ерлігі елеусіз қалған жоқ. Командованиенің тапсырмасын ойдағыдай орындап, батырлық пен ерлік көрсеткені үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 4 маусымдағы Жарлығымен сержант Саттар Естемесовке қаза болғаннан кейін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Осы жолда ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Батыр бабамыздың осындай ерлікке толы өмір жолы соғыстан кейінгі жылдарда лайықты деңгейде насихатталмай келді. Тек еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жерлестерінің қолға алуымен әр жыл сайын еске алу шаралары ұйымдастырылып, батыр рухына тағзым етіп келеміз. 1984 жылы Көкқайнар ауылында жаңа мектеп салынып, бұрынғы ескі мектептің алдындағы батыр ескерткіші 1995 жылы жаңа білім ордасының маңына көшірілді. 1999 жылы Кеңес Одағы Батырының 80 жылдығы С.Естемесов атындағы «Өндіріс» кооперативінің төрағасы Мирон Қаратаевтың, бауыры Тоқтар Байшығашевтің, өзге де жаны жайсаң азаматтар мен батырдың жерлестерінің, ауыл тұрғындарының қолдауымен Сарыбұлақ таулы өңірінде жоғары деңгейде тойланды. Сондай-ақ 2010 жылы Шу ауданының 80 жылдығы мен Шу қаласының 50 жылдығына орай, сол кездегі аудан әкімі Қ.Жабағиевтің бастамасымен, жергілікті депутаттардың қолдауымен Саттар Естемесовтің ескерткіші Шу қаласындағы «Жеңіс» саябағы алдында да бой көтеріп, қалалықтар мен жалпы аудан тұрғындарының патриоттық рухын асқақтатты. Оған бюджеттен арнайы қаражат қарастырылмағандықтан, батыр ескерткіші жалпы аудандағы қолы ашық, жүрегі жомарт азаматтардың ықпалымен орнатылғанын да айта кеткен жөн. Осы жылы батыр бабамыздың ескерткіші Саттардың жақын інісі Марат Жүнісов есімді азаматтың жеке қаражаты есебінен Көкқайнар ауылындағы ауылдық клубтың алдынан да бой көтерді. Одан бөлек, әр жыл сайын 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында батыр рухына құран бағышталып, жерлес демеушілердің қолдауымен футболдан С.Естемесов атындағы турнир дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Әр кезеңде осы сынды батыр рухы мен есімін асқақтатуға арналған түрлі шаралар өткізіліп жүргенімен, бұл С.Естемесовтің есімін келер ұрпақтың жадында мәңгі қалдыру үшін әлі де жеткіліксіз. Көптеген жастар, өзге де жерлестеріміз оның қоғамдағы орнын майдан даласындағы пулеметші ретіндегі асқан мергендігі сынды ерлік жолдарын жоғары деңгейде біле қоймайды. Осыған орай, батырдың өз ұрпағы болмағандықтан, оның жерлестерінің бастамасымен алдағы күзде С.Естемесовтің 100 жылдығын аудан көлемінде кеңінен атап өту жоспарланып отыр. Ендігі мақсат – осы игі шараны көп болып қолға алып, абыройлы, лайықты дәрежеде өткізу. Бұл – біздің азаматтық парызымыз.
Жуырда Саттардың замандас жерлесі, оны майдан даласына шығарып салған, яғни батырдың көзін көрген, бүгінде 95 жастағы қария Сихымбай Мамыров ақсақалмен кездестім. Өйткені сұм соғыстың жалыны бұл кісіні де айналып өткен жоқ еді. Ол С.Естемесовті майданға шығарып салғанымен, көп ұзамай өзі де осы соғыстағы от пен оқтың ортасына түсті. Қасық қаны қалғанша жаумен арпалысып, талай дұшпанның сағын сындырған Сихымбай ақсақал да екі мәрте «Даңқ» орденінің иегері атанды. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» демекші, майдан шебінен аман оралған соғыс ардагері бейбіт өмірде ауданның қоғамдық жұмыстарының бел ортасында жүрді. Әсіресе аудандағы тоған қазу жұмыстарына белсене күш салып, оған жастарды жұмылдырып, оларды өз Отанына, туған жеріне құрметпен қарауға, оның әр талын аялап өсіруге үндеді. Кейіннен Шу ауданының Құрметті азаматы атанған, Шу қаласындағы бір көше С.Мамыровтың есімімен аталады. Кездесу барысында Сихымбай ақсақалдан С.Естемесовтің адамдық болмысы, соғысқа аттанар кездегі сезімі туралы сұраған едім. Қарияға жолыққандағы басты мақсатым да осы болатын.
– Саттар бала кезінен еңбекқор, өз ісіне жауапты әрі жан-жақты болды. Соқамен жер жыртып, шөп тайлап, оны ат арбамен ауылға тасып, ауыл тіршілігінің қазанында қайнап өсті. Аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарда да ұтқыр ұйымдастырушылық қырымен танылды. Осындай еңбекқорлығымен әрқашан алдыңғы саптан көрінетін ол соғысқа аттанып бара жатқан кезде де майдан даласына емес, құдды бір күнделікті жұмысына бара жатқандай кейіпте болған еді. Бойынан ешбір үрейлі сезім, алаңдаушылық байқалмады. Керісінше, елін, жерін жаудан қорғауға деген құлшыныс анық аңғарылды. Саттар кетіп бара жатып, майданға шығарып салып тұрған бір топ жерлестері мен бауырларына өзінің батыр болып оралатынын да айтып кеткен. Өзі соғыстан қайтпаса да, оған кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Байқасаң, Саттар осылай болатынын өзі ішкі дүниесімен сезінгендей көрінеді, – дейді Сихымбай ақсақал.
Елдік жолындағы өнегелі өмірді өзгелерге үлгі ету бағытында батырдың жерлестері де қол қусырып, қарап қалмақ емес. Келешекте С.Естемесов туып-өскен қазіргі Көкқайнар ауылына батырдың есімін беру бойынша жұмыстарды жүзеге асырып, бір кездері ауыл мектебінде келушілерге есігін айқара ашқан батырға арналған музей кабинетін қайта жаңғырту жоспарлануда. Сондай-ақ Кеңес Одағы Батырының 100 жылдық мерейтойын кең көлемде, халық болып атап өту мақсатында арнайы комиссия құрылды. Демеушілердің ықпалымен бәйге, ақындар айтысы, көкпар ұйымдастырылып, белгілі өнерпаздардың қатысуымен көпшілікке сазды бағдарлама ұсыну жоспарлануда. Бұл шараға билік өкілдері тарапынан да қолдау көрсетіледі деп күтілуде.

Бақтыбай САУДАБАЕВ,
облыстық мәслихаттың
депутаты, «Нариман» шаруа қожалығының жетекшісі.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support