- Advertisement -

Ескерткіштерді сақтау – ұлтты сақтау

87

- Advertisement -

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф, тарихшы, ғалым Өзбекәлі Жәнібеков «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім. Оларды сақтау – ұлтты сақтау» деп жазып кеткен болатын.

Елдігіміз бен келер ұрпақ үшін маңызы зор ескерткіштерді қираудан, бүлінуден сақтау қай кезде де өткір мәселе саналған. Жасыратыны жоқ, тарихи-мәдени құндылықтардың тоналуы мен зақымдануы кез келген халықтың тарихы мен мәдениетінің күйреуіне ықпал етеді. Сондықтан халық ескерткіштерді бүгіннен бастап қорғауы керек.
Сол тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Өйткені Қазақстан Республикасы Конституциясының 37-бабында ел азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті деп көрсетілген. Қазіргі уақытта облыс әкімінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі №90 қаулысымен бекітілген жергілікті маңызы бар, мемлекеттік тізімге алынған 711 тарихи-мәдени ескерткішіміз бар. Оның ішінде республикалық дәрежедегісі – 30, ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбесіне енген 5 тарихи-мәдени ескерткішті атап өтпеске болмайды.
Қазақстан Республикасының 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің 2004 жылғы 26 ақпандағы №40 қаулысымен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мемлекеттік мекемесі құрылған еді. Қазіргі кезде ол облыс көлемінде орналасқан жергілікті маңызы бар, мемлекеттік тізімге алынған және алдын ала тізімде тұрған тарихи-мәдени ескерткіштердің бүлініп, жойылып кетпеуін қадағалаушы орган болып табылады.
Еліміздегі тарихи-мәдени нысандар 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңмен қорғалады. Аталмыш Заңның 36-бабы мен 2003 жылғы 20 маусымдағы «Жер кодексінің» 127-бабында тарихи-мәдени нысандардың қорғау аймағын белгілеу көрсетілген. Сондай-ақ қорғау аймағын белгілеу Мәдениет және спорт министрлігінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын айқындаудың қағидалары және оларды пайдалану режімін бекіту туралы» №156 бұйрығы негізінде жүргізіледі.
Жоғарыда аталған құжат негізінде тарихи-мәдени нысандарды қорғау аймағын айқындау және пайдалану режімінің тәртібі сегіз негізгі ережеден тұрады. Жалпы алғанда қорғау аймағы тарихи-мәдени мұра нысандары және оның аумағына жапсарлас тарихи қалыптасқан ортаның сақталуын қамтамасыз етумен қатар, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылықтарды анықтауға ықпал ететін жағдай жасау үшін белгіленеді. Қорғау аймағының аумағында тарихи-мәдени мұра объектісінің сақталуына, оның тарихи-мәдени қабылдануына теріс әсерін тигізетін жұмыстар жүргізілмейді.
Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның 38-бабына сәйкес тарихи-мәдени нысандардың орнын заңсыз ауыстыру және оларды өзгертуге қатаң тыйым салынған. Талайлардың таңданысын тудырған біздің облыс тарихи-мәдени ескерткіштерге өте бай. Жыл өткен сайын ажарланып, көркейе түскен өңірімізде көптеген тарихи ескерткіштер мен монументтер қатары артып келеді.
Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылы 2 желтоқсанда «Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» №371 бұйрығы шыққан болатын. Мұнда аса көрнекті тұлғаларға, маңызды тарихи оқиғаларға монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру мақсатындағы негізге алынатын ережелер егжей-тегжейлі негізделген. Оқиғалар мен тарихымыздан, сондай-ақ тұлғаларымыздың ұлт жолындағы қызметінен сыр шертетін мемориалдық тақталардың орны ерекше екендігі даусыз.
Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 16 қарашадағы «Мемориалдық тақталарды орнатудың өлшем шарттары мен қағидаларын бекіту туралы» №356 бұйрығы шықты. Мұнда мемориалдық тақталарды орнатудың өлшем шарттары, қағидалары мен тәртібі жасалған. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға байланысты заң талаптары орындалмаған жағдайда 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 145-бабы негізінде жаза қолданылады. Заңнамадан бөлек ЮНЕСКО және ИСЕСКО сияқты шетелдік және халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау және қайта жаңғырту саласында да ынтымақтастық белсенді дамып отыр.
Өз кезегінде тарихи-мәдени құндылықтарымыз келер ұрпаққа мұра болып қалуымен қатар туризм саласына да ықпалы зор екендігін естен шығармауымыз қажет. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық мәдени ескерткіштеріміз бен құндылықтарымызға баса мән берген.
Біздің пікірімізше, мәдени-тарихи құндылықтар белгілі бір ұлтқа тән дүние, адами қадір-қасиет, яғни халықтың ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтары деп білеміз. Сіз бен біздің міндетіміз – тарихы бай мәдени мұрамызды сақтап, келесі ұрпаққа аманаттау.

Балжан СЫДЫҒАЛИЕВА,
облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясы бөлімінің меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support