- Advertisement -

Бейбітшілік пен келісім – тұтастырар ел ішін

242

- Advertisement -

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында
Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясы өтті.

Оған еліміздің барлық өңірінен 1300 делегат келген. Сондай-ақ Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Германия елдерінен қонақтар қатысып, келгендердің жалпы саны 1500 адамнан асты. Жиынға қатысқандар арасында Ассамблея ардагерлері, барлық республикалық, облыстық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқару органдардың басшылары, саяси партиялар мен діни бірлестіктердің, ҮЕҰ, ЖОО басшылары және шет елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері және ғылым және шығармашылық интеллигенция, БАҚ өкілдері қатысты. Сессия жұмысын ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, алқалы жиын «Бейбітшілік пен келісім формуласы: жаңғыру мен бірлік» тақырыбында өтетінін жариялады. Сессия жұмысын ұйым Төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев жүргізіп отырды. Ол баяндама жасау үшін алғашқы сөзді ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берді.
Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындауды бекітті. Ротация тәртібімен Ассамблея Төрағасының екі жаңа орынбасары болып Ассамблея Кеңесінің биылғы мүшесі, «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының мүшесі, кәсіби медиатор Юсуп Келигов пен ҚХА мүшесі, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов тағайындалды. Қалыптасқан тәртіп бойынша этномәдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін ҚХА Төрағасының екі орынбасары жылына бір рет ротация тәртібімен Ассамблея сессиясында тағайындалады.

Бұдан кейін Н.Назарбаев өзінің баяндамасын жасады. Ол Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келе жатқанын атап өтті. «Ассамблея көп этносты еліміздің басын біріктіретін, қоғамның пікірін тыңдайтын үлкен мінбер болып саналады. Бүгінгі таңда құрылым еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі болып отыр», деп сөзін жалғастырған Төраға ғаламдық бейбітшіліктің аса құбылмалы өзгерістерге ұшырап отырғанын атап өтті.
– Біз бүгін мүлде жаңа тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Елдің экономикасы, қоғам өмірі, технологиялар күрделі өзгерістерге ұшырады. Біз олардың көбін қабылдап, біразын үйренудеміз. Осы өзгерістердің арасында өзгермейтін қуатты құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім. Қазір ол басты құндылығымызға айналған. Күнделікті өмірде біз оны байқамайтын да шығармыз, бірақ болашақта нақ осы фактор біздің бәсекелестікке төтеп бере алуымызға мүмкіндік береді, – деген Елбасы оның себептерін де ашып көрсетті.
«Біріншіден, өтпелі кезең әлемді бұрынғыдан қауіпсіз ете алған жоқ. Бүгінгі таңда әлемде кикілжіңі 30-дан астам елге жайылған 40-тан артық «ыстық нүктелер» бар. Олардағы кикілжіңнің басты себебі, ішкі этносаралық және дінаралық қақтығыстар. Бұдан бүгінгі таңда ешкім де сақтана алмайды. Екіншіден, этносаралық кикілжіңдер тіпті аса қуатты деген елдердің туын құлатып жатқанын сараптамалардан көріп отырмыз. Ұлтаралық және дінаралық саясатта жіберілген болмашы қателіктің өзі тарихи ауыр драмаларға соқтырып, мыңдаған адамдарды қайғы-қасіреттерге ұрындырды. Үшіншіден, қазір әлемдік бейбітшілік өте құбылмалы және осал болып тұр. Күн сайын бірнеше мың адам жайлы жер іздеп, туған жерінен кетуде. Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі мигранттардың саны 250 миллион адамнан асты. Соның ішінде 70 миллиондайы босқындар.
Төртіншіден, қазіргі заманның көңіл аудармауға болмайтын тағы бір қаупі – цифрлық коммуникацияның дамуы. Пайдасымен қатар ол деструктивті әлеует тудыруда. Цифрлық коммуникацияның мүмкіндіктері этносаралық және дінаралық жеккөрініштерді туғызуға пайдаланылады. Кейбір жүйелілік қауымдастықтар жаулық пен ксенофобияның тұтастай ошағы болып отыр. Мемлекет мұндайларға қарсы батыл шаралар қолдануы керек».
Бұдан бөлек Елбасы бұдан 30 жыл бұрынғы пікірлерді еске алып, Орталық Азияны тұрақсыздық ошағы болады деген болжамдарды айтып өтті.
«Алайда Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында барлық деструктивті болжамдарды жоққа шығарды. Біз серпінді экономикасы бар нығыз мемлекет орнаттық. Сонымен бірге прагматикалық және болжалды сыртқы саясаттың арқасында халықаралық беделге де қол жеткіздік», дей келіп Н.Назарбаев осы биікке шығарған құралдарды атап берді.
«Біріншіден, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Халықтың қалауымен құрылған Ассамблея беделді конституциялық органға айналды. ҚХА мемлекеттік құрылысқа барлық қазақстандық этностар мен діни конфессияларды тарта білді. Ассамблеяны мемлекеттік саяси жүйесімен астастыра отырып, біз ұлттық бірлікте өзіміздің айрықша бағытымызды таңдадық. Міне, 12 жылдан бері ол Парламент Мәжілісінде ресми өкілдікке ие. Екіншіден, этносаралық және конфессияаралық теңдіктің қуатты құқықтық базасы жасалды. Үшіншіден, этносаралық саладағы біздің мемлекетіміздің саясаты «Әралуандықтан бірлікке» қағидаты негізінде құрылды. Бұл, әсіресе тіл саясатында көрініс тапты. Қазір елімізде мемлекеттік тілде оқытатын мектептер жүйесі артып келеді. Олар қазір 4 мыңға жетіп қалды. Бұл 90-жылдармен салыстырғанда 2 есе көп. Ал қазақ тілін үйрететін орталықтар бәріне қолжетімді», деген Елбасы «Мәміле» атты ситуациялық қазақ тілі жобасын ұсынатынын жеткізді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев этностар тілінде оқытатын мектептер санына тоқталды, соның ішінде өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде 88 мектептің бар екенін айтты.
«Туған жер» бағдарламасы бойынша Қазақстан азаматтарының жауапкершілік пен патриотизмі жоғары екендігі көрінгенін, осы орайда көптеген кәсіпкерлердің аймақтарда әлеуметтік нысандар тұрғызғанын сөз етті. Солардың ішінде Елбасы Гарик Бернецян, Владимир Лыткин, Никон Ким, Шамсадин Гусейнов, Виктор Хильниченко, Виктор Сычев, Хасан Абуев, Сергей Блок, Рубик Аветисян және басқаларды атап өтті.
«Қазақстанның «100 жаңа есім» жобасында 20-дан артық этностық топ өкілдері бар. Ал биыл біз Жастар жылы аясында көптеген шаралар атқаратын боламыз», – деді Н.Назарбаев.
Бейбітшілік пен келісім құндылықтарын халықаралық қоғамдастық аренасына шығаруда қандай шаралар іске асырылғаны туралы айтқанда Н.Назарбаев Қазақстанның 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездері өткізіліп келе жатқанына, сонымен қатар БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясындағы белсенді әрекеттерге екпін берді.
Елбасы: «2017 жылдан бастап біз мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағдарында жүйелі шараларға бастамашылық жасадық», деп олардың аясында халықтың табысын өсіру, аз қамтылған тұрғындарды қолдау мәселелері қамтылғанын айтты.
Сондай-ақ Елбасы: «ҚХА – бұл қоғамдық сананы жаңғырту процестерінің белсенді қатысушысы. Білімге жүгіну, жаңа идеяларға жол ашу, ұлттық кодты сақтау және Қазақстанның эволюциялық дамуы – міне, осылар жалпыұлттық тарихи сана мен біртекті құндылықтарды қалыптастырудың негіздері. Осылар Ассамблеяның тікелей жауапкершілігіне жататын. Осыдан екі жыл бұрын мен тұсауын кескен «Рухани жаңғыру» жобасы оған барлық қазақстандықтардың қатысуына мүмкіндік береді. Қоғамдық сананы жаңғырту дегеніміз – барлық қоғамның рухани және интеллектуалды жаңаруы. Біз күшті және жауапты адамдардың біртұтас халқымыз, біздің ойлау жүйемізді және тәртібімізді нақ осылай қалыптастыру керек», – деді.
Елбасы ендігі жылы Ассамблеяның 25 жылдық мерейтойы болатынын атап өтті. Ал Төраға сөзінің соңын: «Халықтың береке-бірлігі патриотизмді және ортақ құндылықтарды дәріптеу арқылы нығая түседі. Біз әл-ауқатымызды арттырып, жұртымызды биік мақсаттарға жұмылдыру үшін берік негіз қалыптастырдық. Ассамблея әрдайым татулық пен тұрақтылықтың кепілі болып қала береді деп сенемін», – деп аяқтады және қатысушыларды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
Елбасыдан кейін жазушы Смағұл Елубай, Мәскеу қаласы халықтары ассамблеясының төрағасы, ресейлік Светлана Смирнова, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың студенті Милина Вавулиди, «Эмир-Ойл» кен орнының басқарма бастығы Джамалайл Элимханов, көп балалы ана, математика пәнінің мұғалімі Лариса Кравцова, Анкарадан келген саясаттанушы Күршад Зорлу, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан келген Л.Гумилев атындағы Ұлттық университетінің докторанты Чу Ионг-Мин, ZIBROO брендімен белгілі спорттық киімдер тігетін компанияның негізін салушы Елена Свечникова, атажұртқа Моңғолиядан 2005 жылы 17 жасында оралған Дурвудхан Сұраған, қазақстандық жас ІТ маман, 11-сынып оқушысы Евгений Демиденко, Қостанай облыстық телеарнасының жүргізуші-редакторы Алла Чечеткина сөз сөйлеп, көп ұлтты еліміздегі татулықтың, бірліктің, ынтымақтастықтың беріктігін әңгімеледі. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблеяның іргесін қалаудағы жемісті еңбегіне тоқталды.
Елбасы-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сессия жұмысын қорытындылап, «Айтылған сөз, жасалған баяндама – барлығы бағытымыздың дұрыс екенінің дәлелі» деді. Сондай-ақ ортада сөз сөйлеген Алла сияқты жастарға қарап, әр сессия сайын қазақ тіліне деген құрметтің арта түскенін байқағанын жеткізді.
– Мен кеше ғана Бейжіңнен келдім. «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумына 40-тан аса мемлекет басшылары жиналып, бірлесіп экономиканы дамыту мәселелерін талқылады. Жібек жолы 150 елді жалғайды, сол жолдың бойында экономика өсіп-өркендейді. Бұған біз де кірісіп кеттік, өз жолдарымызды салдық. Қазақстан арқылы жүк тасымалын өткізіп, былтыр 2 миллиард доллар пайда таптық. Мен қашанда интеграциялық процестерді қолдап келемін. 25 жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы идеяны ұсындым. Осы идеяны жүзеге асырғанымызға бес жыл болды. Енді алдағы 29 мамырда елордада ЕАЭО-ның бесінші мерейлі сессиясы өтеді, – деді Н.Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы татулық пен тұрақтылық және еңбек қана бізді алға жетелейтінін, елде жұмыссыздық мәселесі жоқ, тек маман жетіспейтінін айтып, жастарды еңбекқорлыққа, білікті маман атануға шақырды.

«Egemen.kz» сайтынан
ықшамдалып алынды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support