- Advertisement -

«Туған жер» әнін орындап жүрмін

50

- Advertisement -

Өнерге қай кезде де өре керек екендігі айтпаса да түсінікті шығар. Өзін-өзі «Композитормын» деп жүргендер көп қой. Алайда барлық өнер атаулының бағасын халық деген ұлы қазы береді. Халық – әрі қазы, әрі таразы. Осыны ешқашан қаперден шығармаған ләзім болмақ. Әр әнші өзінің даусына, табиғатына, болмысына сай әнді орындағысы келеді. Сол әннің бағын ашуға тырысатыны баршамызға аян. Оның несін жасырамыз? Мен де өзімнің мүмкіндігіме, дауысыма, бойыма шақ әндерді шарықтата шырқауға тырысамын. Бұл – кез келген өнер иесі бағынатын заңдылық. Одан ешкім асып кете алмайды дер едім.
Қазақ – қашанда ән мен күйге аңсары ауған халық. Әсерлі ән мен келісті күйге елітпеген қазақ қазақ болсын ба?! Ән де, күй де біздің ұлтымыздың бойында атой салып тұратыны ақиқат. Ұлттық музыка – ұлттың коды. Ықылым заманға зер салсақ, қандай ғажап шығармалар дүниеге келгенін көрер, сезінер едік десеңші. Сол өнер сабақтастығын, жалғастығын жоғалтпау – біздің иығымызға артылған зор міндет деп білемін. Мұны кез келген композитор, әнші атаулы жан-жүрегімен түсінгенде ғана оң нәтижеге қол жеткізетініміз анық.
Аман Малдыбаевты есімі елге таныс күйші-композитор ретінде жұртшылық өте жақсы біледі. Ол кісінің әнге де аңсары ауғаны рас. Ол жағы маған етене таныс. Жерлесіміздің «Туған жер» деп аталатын әдемі туындысы менің репертуарыма енген болатын. Сол әнді шамам келгенше орындап жүрген жайым бар. Жақсы ән адамның жанын жадыратады ғой.
Ол кісі шамамен 10-15 жыл бұрын маған бір дәптерін ұсынған болатын. Бәрі де есімде ғой. Оның ішінде бірқатар лирикалық әндері де баршылық. Сол кезде Аман Малдыбаевтың «Жалын кешкен» деген тамаша әні ел ішінде хитқа айналған еді. Жұрт осы әнді шырқап жататын. Дәптердегі әндерді қарастыра келе репертуарыма жоғарыда өзім айтқан «Туған жер» әнін қосуды жөн деп таптым. Өйткені менің көңіліме қонды, жүрегіме жетті.
Жалпы мен бұл кісінің мықты күйші-композитор екенін өте жақсы білемін. Оның күйлері туралы көп жерлерде жақсы пікірлер айтылып жатады. Оның бәрін естіп жүрмін. Әсіресе «Көне Тараз» атаулы күйі өңірдің символына айналғаны рас қой. Басқа да күйлері жайлы хабардармын. Ол «Көне Таразды» өмірге әкелу арқылы артында тамаша мұра қалдырды деп пайымдаймын.
Өнер иесін мерейтойымен құттықтаймын! Күй өнері – қазақтың жаны. Оны жан жүрегімен сезініп жүрген азаматтардың бірі ретінде Аман Малдыбаевты құрметтеуге әбден болады. Жалпы, қазақ халқы алпыс деген жасты «талтүс» деп жатады ғой. Соған қарағанда Аман Малдыбаевтың талтүсі келіпті. Әлі кеші кірген жоқ. Демек, шығармашылығын тағы да ширатып, ғажап туындыларды дүниеге әкелуіне тілектестігімді білдіремін.

Бағдат СӘМЕДИНОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support