- Advertisement -

Күй өнерінің тарланы

195

- Advertisement -

Ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы ақын Қадыр Мырза-Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің мәні өте зор. Дәл осы тұжырымның астарында қазақтың домбыра дейтін осынау киелі аспабын құрметтемеген, оның үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатқандай көрінеді маған. Жасыратыны жоқ, бұндай жайттарды өмірден көріп-біліп, ұшырастырып та жүрміз.
Кез келген адамның музыкалық қабілеті бола бермеуі мүмкін, ал бірақ әуенді сүйіп тыңдай білу – барлығына тән құбылыс. Демек, әуен адамдардың рухани қорегі деуге әбден болады. Өзге ұлт өкілдері секілді қазақтар да өзінің ұлттық аспаптарын құрметтеп, ән-күйлерін тыңдап ләззат алады. Әсіресе домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ шығар. Дегенмен домбыра тарту бір бөлек те, асқан шеберлікпен орындап, тыңдаушыға тұнық күйінде жеткізу бір басқа. Мен өзім білетін шебер орындаушылардың ішінен Аман Малдыбаевты ерекше құрметтеймін. Ол домбыра аспабының техникасын жоғары деңгейде меңгерген адам. Төкпе күй, шертпе күй сияқты күйдің де өз ерекшеліктері болады. Аман соның техникалық жағына бейімдеу. Мәселен, ол «Адай», «Сарыарқа», «Көңілашар» сынды техникалық дәрежесі терең, күрделі төкпе күйлерді өте шебер орындайды. Оның басты ерекшелігі де осы ғой деп ойлаймын. Дейтұрғанмен шертпе күй орындағанда да талғамы биік тыңдарманды ұйыта алатындай қабілеті бар. Айталық, Аманның «Көне Тараз» деген өзінің күйі бар. Шертпе күйге жататын осы туындысы өте сәтті шыққан дер едім.
Жалпы, біздің ұлт осы домбырамен не айтпады? Шерін де, шеменін де, шежіресін де осы аспаппен жетер жеріне жеткізді ғой. Мені күйші еткен де осы қасиетті аспап дер едім. Бірақ оның қасиетін өзінен басқа ешкім де түсіндіріп бере алмайды. Оны тек, домбырадан шыққан қоңыр үн ғана айта алады, жеткізе біледі. Қазақтың өзіне ғана тән болмысын, мінезін, мұңын қоңыр үнмен жеткізген құдіретті аспап қой ол.
Өмірдің шынайылығын көрсетіп, ғибратқа толы жыр жолдарын ұлттық аспап домбыраға қосып жеткізгенде ғана төл туындылар құлаққа қонымды, жанға жағымды бола алатыны ақиқат. Ол тәрбиелік мәні зор оқиғаларды көз алдыңа келтіріп, содан белгілі бір ой түйіп, кесапатынан қашып, жақсылығына асығуды қалайсың, соған ұмтыла түсетінің анық. Мұндай күйлерді тыңдағанда кейде жаныңда отырған жандарды да ұмытып, күмбірлеген домбыраның дауысы мен одан шыққан толғаныс керемет күйге бөлейтіні бар. Міне, Аманның жоғарыда айтқан «Көне Таразы» – осындай күйлердің бірі. Мен күйді түсінетін адам болсам, онда бұл күй халықпен бірге жасай беретініне бек сенімдімін. Оның арагідік әнге де қадам басып тұратынын жақсы білемін. Ол да дұрыс шығар. Өйткені өнерпаз өзін барлық қырынан танытуы қажет. Бойдағы қабілетті тұншықтыру – өнер адамы үшін өліммен тең болса керек-ті. Неге екенін қайдам, алуан сарындағы күйлерді домбырамен бебеулеткенде ен далада қазақтың мың тұлпары дүркірей көшіп бара жатқандай көрінеді маған. Осы тұста Аман бауырымның да дүркірей көшкен тұлпарларының тұяғы талмаса екен деймін.

Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
Күйші-композитор, «Құрмет» және
«Парасат» ордендерінің иегері.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support