- Advertisement -

Күйлері жақын жүрекке

255

- Advertisement -

Күй десе көз алдымызға жанды пейзаж, лирика, кейде бір құбылмалы көңіл-күй мен сартап далада құйғыта шапқан тұлпарлар тұяғының дүбірі, ұлттың тұтас болмысы оралатыны бар. Ол – заңдылық. Күй – қазақтың ең ғажап қазынасы, рухани байлығы. Иә, күй – шығармашылық адамның көңіл-күйі, тынысы. Сөзбен емес, сазбен, нақтырақ айтсақ мелодиялық-формалық құрылысымен жанды тербейтін жанрдың жүрекке жақындығы да осында жатса керек.
Бүгін сөз еткелі отырған кейіпкерімді сыртынан жиі көремін. Қалпақ киген оның жүріс-тұрысы да ерекше. Ұдайы терең ой үстінде жүретіні бар. Әлдебір шығарма көңілінде, бәлкім жүрегінде ойнақшып, тыпыршып бара жатады ма екен? Кім білсін… Ол жағы енді өзіне ғана аян. Осы портрет көз алдымда көлбеңдеп тұрып алатыны бар. Ол мақтануға жүдә құмар емес. Әйтпесе, мақтауға тұрарлық шығармалары жеткілікті ғой. Ойсыз адам – надан. Аман мұны жақсы біледі. Кейде көзінен мұң көргендей боламын. Кәдімгі қазақы мұң. Әлде торығу ма екен? Маңдайындағы тарамдалған әжім қатпары оның жанын әлдебір нәрсе жегідей жейтінін байқататындай ма? Бәлкім, шығармашылық мехнаты, азап-шері шығар. Өзіне мәлім. Амандаса қалсақ, сөзге сараңдау көрінеді. Әні мен күйін тыңдасаң, «Менің жан-дүнием осында» деп менмұндалайды. Әдетте, халтурщиктер сөзшең келеді. Аман Малдыбаев олардың қатарынан емес қой. Содан шығар, үнсіз жүріп, іс бітіргісі келетіні.
Оның бір күйі – бір пьеса, драма, шежіре. Күй жанрын әдебилендіре түссек, дәуірдің дастаны ма дерсің. Айталық, Құрманғазының күйлерінде жігер, Дәулеткерейде терең толғаныс, романтизммен астасқан лирика бар делік. Тәттімбеттің күйлерінен әсемдік, дегдарлық, тәтті мұң, қоңырқай саздың иісі шығады. Ғажап па? Ғажап! Аманның «Көне Тараз» атты шертпе күйі – тағы да әдебилендірсек, бірде эпикалық сарынның арыны майдалап ескендей әсер қалдырса, енді бірде өлкенің шежіресінен картинаны көз алдыңа әкелгендей әсер етеді. Әрине, түрлі картина көз алдыңа келеді. Бастауы да, шарықтау шегі де бар. Құдды бір қойылымды композитор ретінде әрлей отырып, режиссер ретінде ширықтыра түскендей ме, қалай өзі? Оның «Жалын кешкен» деген әні де кезінде хит болғаны баршаға мәлім. Кейде сол әнді қайта күбірлеп айта қоятынымыз бар, соған қарағанда ретроға да келетін секілді.
Күй жанрының өнердің басқа саласынан айырмашылығы – адам баласы ауызбен айтып, бояумен бейнелеп бере алмайтын табиғаттың тылсым сыры мен сұлулығын музыка ырғағымен жеткізе білуінде дер едік. Осы тұрғыдан келгенде қазақтың қасиетті домбырасын жанынан бір елі тастамай, күй өнерін насихаттап, оның дамуына барынша үлес қосып келе жатқан күйші-композитор, жерлесіміз Аман Малдыбаевтың есімі былайғы жұртқа таңсық емес. Өйткені өз өнерімен дүйім елді тамсандырып, өнер әлемінде өрге жүзіп жүрген Аман Малдыбаев қасиетті домбырамен елге қызмет етіп келеді. Шаршау деген ол үшін таңсық.
Қарт Тараз, тарих Тараз, тарлан Таразды шығыстың жеті шайырынан бастап кім шығармашылығына арқау етпеді десеңізші. Әрине, әркімнің өз қалыбына сай деңгей-дәрежесі болатыны анық қой. Қайта айналып соқсақ, Аманның«Көне Таразы» мазмұндылығы және музыка тілі тұрғысынан орны айрықша шығарма екені даусыз. Өнердің құдіреті ғой, шығарманың құндылығы әсер еткендіктен болар, аталған күйге еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тәнті болып, ризашылық сезімін білдірген екен. Сол «Көне Тараз» күйі қазақ музыкасының «Алтын қорына» енгенін де тілімізге тиек етсек, артық болмас. «Ғаламат», «Мұңды саз», «Шоқай датқа», «Мұңлы тамшылар» және тағы басқа күйлердің, сондай-ақ, «Шырайлым», «Жалын кешкен», «Жастар маршы», «Наз сезім», «Аққу әні» секілді әндердің авторы ретінде де Аман Малдыбаев танымал.
Ол бұғанасы бекіп, қанаты қатаймаған балалық шағынан-ақ «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегенді көкейіне түйіп өскен жан екені сөзсіз. Ауыл баласы ретінде ойынға емес, ойға әуес болды. Бой жарыстырмады, ертерек есейіп, айналасымен ой жарыстырды.
Асыл арманын ұлттық аспаппен астастыра білген Аман Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр бөліміне оқуға түсіп, одан кейін өнердегі білімін Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеде жалғастырады. Мұнда халық аспаптары бөлімін бітіріп, екі жылдық дайындық курсынан кейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық аспаптары бөліміне түсіп, арманын шынайы өмірге айналдыру жолында талмай тер төгеді. Белгілі өнер қайраткерлері, ғажайып композиторлардан дәріс алады. Николай Лавщенко, Борис Ерзакович, Шамғон Қажығалиев секілді тумалардың тәлімін бойына жиып, тәжірибесін толыстырады. Жетекшісі әрі дирижеры Шамғонның қамқорлығының арқасында Академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде қызмет ету мүмкіндігі туған. Фольклорлық-этнографиялық «Мұрагер» ансамблінде де өз өнерін көрсетуде аянып қалмайды. Осы оркестр құрамында ол еліміздің түкпір-түкпірінде тіпті, сонау Украина мен Мәскеуде де болып, түрлі байқауларда жұлдызы жарқырайды. Жоғары музыкалық білім алып шығысымен шақыру алған ол еңбек жолын туған қаласында бастап, күні бүгінге дейін Құдай Тағала берген талантын тараздықтармен тең бөлісіп келеді. Таразын басқаға ауыстырған жоқ.
Кейіпкеріміз 1989 жылы Жамбыл қаласына келіп «Әулиеата өрендері» атты фольклорлық ансамблін, 1991 жылы ТарМУ-да «Шежіре» фольклорлық ансамблін құрып, оған өзі жетекшілік етеді. Ұжымның репертуарын толықтыруда тынбай еңбектенеді. Бүгінгі таңдағы қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Досымжан Таңатаровтың алғашқы өнер жолын Аман Малдыбаевтың ансамблінде бастағанын тілге тиек ете кетсек, Малдыбаевтың көрегенділігін байқатқандай болармыз, сірә?! Жалғыз Досымжан ғана емес, эстрада жұлдызы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, інісі Мадияр Малдыбаев, республикалық конкурстардың лауреаты Нұрлыбек Қадырбергенов, өңірде жүрген әншілер Құралай Ғайымова, Гүлшат Сопбекова, Жанар Үстемірова және өзге өнерпаздардың Аман Малдыбаевтың дәрісін бойына сіңіріп өскен шәкірттері екенін былайғы ел біле бермейді. Белгілі композиторлардың ән-күйлерін орындап жүрген әнші-күйшілер талай байқауларда лауреат атанып, ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткені өзінші бір әңгіме. Қазақ мұндайда «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп ризашылық білдіріп жатады ғой…
Күй өнерінің құдіретін бойына сіңірген композитордың «Бәйшешек», «Тайшолпы» күйлері облыс орталығында өткен әр мереке сайын үлкен әсермен орындалып, жергілікті тыңдарман қауымының ризашылық сезімін тудыратынын айтпай кетуге болмас. Ол кезінде Дубайға барып, Президент оркестрінің әншісі Әлихан Дүйсенбаевпен бірге бейнебаян да түсірді. Аман Малдыбаев Құдай сыйлаған өнерінің арқасында талай елдің топырағын басып, жұпар ауасын жұтты. Қазақтың қасиетті күй, ән өнерін сырт елдерге насихаттағанына риза болмай көр. Сондықтан Аман Шоңбайұлы Елбасымыздың Алғыс хатымен, бірнеше Халықаралық ұйымдардың медальдарымен марапатталған. Мұндайда қазақ жұрт «Адал еңбек – бәрін жеңбек» демеуші ме еді? Аманды да зау биікке көтеріп тұрған сол еңбек қой. Әйтпесе, атақ іздеп шатақ шығарыпты деген әңгімені естіген жоқпыз.

Киноға да түскен…

Жұртшылық көпқырлы талант Аман Малдыбаевты композитор, ұлағатты ұстаз ретінде танып жүрген кезде ол актерлік қабілетімен де жарқ ете қалған болатын. Иә, атынан ат үркетін белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» атты көркем фильмінде негізгі рөлдердің бірі Қалтайдың образын қал-қадерінше ашқанын өнерсүйер қауым ілкі сәтке де жадынан шығармақ емес. Тұрсыновтың көңілінен шығу оңай емес екенін пайымдасақ, кейіпкеріміздің біраз тер төккенін түсіну аса қиынға соға қоймасы анық. Бірақ біздің Аман бәріне де дайын ғой.
– Көркем фильмге түсу идеясы маған қатты ұнағанын қалайша жасырайын? Бұл менің өмірімдегі жарқын сәттердің бірі болды деп толыққанды айта аламын. Осындай ғажап мүмкіндікті мүлт жібермеу маған аманатталған болатын. Аманатқа қиянат жасаған жоқпын деп ойлаймын, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып. Расында да ол аманатқа қиянат қылмады.
Әрине, өнер адамы жан-жақты болғаны мақұл. Талантың тасып тұрса, өзіңді сан қырыңнан көрсеткенге не жетсін? Аман Малдыбаев мұны жақсы түсінеді.

Өнер дарыған отбасы

Кейіпкеріміздің перзенттері де өнер атаулыдан ада емес. Олардың бәрі де талантты азаматтардың қатарында десек, қателеспеспіз. Осындайда «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал еріксіз еске түседі.
– Ұлдарым анасының құрсағында жатқанда айы-күні жақындап отырған келіншегімнің жанында отырып күй тартатынмын. Қазақтың ғажап күйлерін балаларымның санасына титтейінен сіңіргім келді. Перзенттерім өмірге келгеннен кейін бесігін тербетіп отырып, талай рет ән айтып, күмбірлетіп күй шертіп әлдилеуші едік, –деген Аман Малдыбаевтың сөзінен ұрпағының өнерге неге жақын болғандығын аңғара түскендейміз.
Қазақтай дана халық «Адам – ұрпағымен мың жасайды» дегенді текке айтпаса керек-ті. Шаңырағының шаттығын үстемелеп отырған ұрпағының бойында қазаққа тән болмыс, ұлттық сана біте қайнасып, атой салып тұрса, бұл да бір бақыт емей немене? Біз ана бақыты, әйел бақыты дегенді айтамыз, әке бақыты ұлдарының байырғы ұлттық тамырынан ажырамағандығы шығар, бәлкім.
Ұлдарының үлкені Әлібек оқушылар арасында өткен халықаралық «Азия дауысы» ән байқауының дипломанты екенін біреу білсе, біреу білмес. Сол байқауда дипломант атану да оңай емес, әрине. Оның композиторлық қыры да баршылық. Көне шаһардағы сан түрлі жиындар мен мерекелік іс-шараларда қолындағы саксофонын сызылтып саз төгіп тұратын Әлібектің шеберлігіне тәнтіміз. Өнер адам баласын өрге сүйрейді. Ел көресің, жер көресің. Айналаңды, жер-жаһанды тани түсесің. Таңдауың түзеліп, талғамың қалыптасады. Ойға шомасың…
Әлібек әкесімен бірге Германияның ең көрікті он қаласын аралапты. Өркениет көшінде озық орны бар елдің мәдениеті оған ой салғаны анық. Ортаншы ұлы Рүстем Белоруссияда өткен халықаралық ән конкурсының I орын иегері, Мәскеуде, Новосибирскіде өткен халықаралық өнер додаларының дипломанты екен. Кенже ұлы Қазыбек – қобызшы. Жас қобызшылардың Халықаралық «Жез киік» атты байқауында лауреат атанса, республикалық жас орындаушылар аламанында II орынды олжалады. Қазыбек бұл жүлделермен шектеліп, тоқтап қалған жоқ. 2012 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінде айы оңынан туып, белгілі қобызшы Қазыбек Әбенов атындағы арнайы жүлдені иеленді. Өмірлік жолдасы Салтанат Қосаева да өнерден алшақ емес көрінеді.
Досы жақсыны дау алмайтыны, секілді ұстазы жақсының да шығар биігі бар. Бір кездері Қазақ ұлттық консерваториясында Шамғон Қажығалиев, Болат Сарыбаев, Ғазиза Жұбанова секілді профессорлардан тәлім алып, өзін шыңдаған кейіпкеріміз Бекболат Тілеухан, Секен Тұрысбек секілді саңлақтармен студенттік күндерін бірге өткізген екен. Бүгінгі таңда оның достары да, өзі де еліміз мойындаған өнер иесіне айналып үлгергені ақиқат. Қазіргі кезде Аман Малдыбаев өнерлі отбасының көркемдік жетекшісі секілді…
Кейіпкеріміз енді міне, көпшілік «талтүс» атап кеткен алпыс жастың төріне шығып отыр. Санасына күй сәулесі ұя салған, жүрегінде ұлттық құндылықтар сақталған Аман алпысқа абыроймен жетіп отыр. Ол – көптің бірі емес. Таланты тұла бойына шақ нағыз қазақ. Қазақы қалыптағы күйлерімен жүректерді емдеп жүрген таңдаулы талант иесінің алар асуы әлі алда деп ойлаймыз. Кейіпкеріміз әлі де тың. Өйткені жиі-жиі дене шынықтырып тұрады. Спортқа да әуестігі баршылық.
Домбыра мен күй – қай кезде де қазаққа аманат. Сол аманатқа дақ түсірмей жүрген Аман секілді азаматтар аман болсын!

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support