Көп күттірген жеңіс

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында топқа түсіп жатқан «Тараз» футбол клубы біршама уақытқа созылған сәтсіздік сериясын үзді. Жетінші тур аясында Ақтөбеге қонаққа барып, жергілікті «Ақтөбе» футбол клубына қарсы жасыл алаңға шыққан жерлестеріміз маңызды үш ұпайды қоржынымызға салды.
Сырт алаңдағы ойын жамбылдықтар үшін сәтті басталды деп айтуға толық негіз бар. Салған жерден шабуылға иек артқан «Тараз» футболшылары жылдам гол соғудың жолдарын қарастырды. «Ақтөбе» қақпасынан саңылау табуға талпынған біздің жігіттер сол үдеден шықты. Ойынның жиырма үшінші минутында өз мүмкіндігін ұтымды пайдаланған Серж Ньюадзи мергендігімен көзге түсіп, «Тараз» футбол клубын есепте алға шығарып, жеңісті жақындатқандай болды. Бұдан соң Абзал Таубай белсенділік танытты. Ол кездесудің қырық төртінші минутында есеп айырмасын екі голға ұлғайтты.
Өкінішке қарай ойынның екінші кезеңінің бастапқы бөлігінде «Тараз» футболшылары сасқалақтап қалғандай көрінді. Мартинш автогол соғып, «Ақтөбенің» есеп айырмасын қысқартуына мүмкіндік тудырды. Бұл «Тараз» футболшыларының осы маусымда өз қақпасына соққан үшінші голы болатын. Бұдан соң он бір мың жанкүйердің көз алдында желпініп ойнаған «Ақтөбе» футболшылары таразы басын теңестіру үшін жанұшыра алға ұмтылды. Нәтижесінде кездесудің алпыс үшінші минутында Абат Айымбетов мергендігімен көзге түсіп есепті 2:2-ге жеткізді.
Дегенмен бұл күні «Ақтөбе» футболшылары тең есепті ұстап тұра алмады. Волков пен Каиров қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Төреші қосқан үш минуттың екіншісінде Элгуджа Лобжанизде жеңіс добын соқты. Қорытынды есеп 2:3. «Тараздың» пайдасында.
Осылайша жеті кездесуде «Тараз» футболшылары екінші жеңісіне қол жеткізді. Әйткенмен әзірге турнир кестесіндегі жағдай мәз емес. Сондықтан да «Тараз» футболшылары алдағы ойындарда ұпай қорын молайта түсуге күш салғандары ләзім болмақ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

микро займ на карту